Латын әліпбиі жобасының негіздемесі

Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі

Тіл саясаты комитеті

Шайсұлтан Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына»  

ғылыми-практикалық орталығының

Ғылыми кеңесінде мақұлданған

әліпби жобасының негіздемесі

І

Ә, Ө, Ү – жіңішке дауысты дыбыстарын умлаутпен ( ̈ ) таңбалау:   älıpbi, örkeniet, ükımet.

Фонетикалық негіздеме: умлаут – түрік, әзірбайжан,  түркімен, неміс, фин және т.б. тілдердің әліпбилерінде  жіңішке дауыстылардың жеке таңбасын жасайтын диакритикалық белгі. Сондай-ақ халықаралық фонетикалық әліпбидегі стандартқа да сәйкес. Умлаут диакритикасын Ә – Ä, Ө – Ö, Ү - Ü дыбыстарын таңбалауда қолданған дұрыс: ädep, öner, Üsen.

Графикалық негіздеме: умлаут диакритикасының мәтіндегі танымдылығы жоғары. Бұл  белгі  UNICODE жүйесінде жиі қолданылады.

ІІ

Ғ дыбысын бревис диакритикасы арқылы Ğ таңбасымен беру ұсынылады: ğaryş, jañğyru, ğylym.

Фонетикалық негіздеме: бревис – латын графикасы негізінде түркі халықтарының әліпбиінде қолданылатын диакритикалық белгі. Бұл белгі негізінен қысқа дыбыстарды таңбалау үшін қолданылады.

Графикалық негіздеме: бревис диакритикасының мәтіндегі танымдылығы жоғары. Бұл  белгі  UNICODE жүйесінде жиі қолданылады.

ІІІ

І мен Й, И дыбыстарын беретін таңбаларды өзара алмастыру және и-дің бас әрпін нүкте арқылы /İ/ түрінде таңбалау ұтымды: institut, jinalys, universiada,  ırımşık, ızgılık, bılım.

Емлелік  негіздеме: И дыбысын İ таңбасымен беруде  термин сөздер халықаралық тұрпатына ұқсас болады әрі көзшалымға қолайлы, мысалы, piramida, respublika;

Статистикалық  негіздеме: İ [і] дыбысы абсолюттік кездесу жиілігі 5 орында болатын қазақ тіліндегі өнімді дауысты дыбыс. Егер оның үстіне ноқат қойылмаса, яғни ɪ/ әрпімен жазылса, қазақ мәтінінде жолүсті таңбаларын көбейтпейді, мысалы, ınılerımızdıñ, köñılıñız.

ІV

Ң дыбысын халықаралық фонетикалық әліпбиде бар Ñ таңбасымен беру ұсынылады. Себебі тильда (˜) диакритикасы мұрын жолды дауыссыз дыбыстарды таңбалау үшін қолданылады. Мысалы: añşy, jañbyr, köleñke.

Фонетикалық негіздеме: Ñ таңбасы мұрын жолды, үнді дауыссыз дыбысты (ң) белгілейді.

Әдістемелік негіздеме:  Ñ таңбасын игертуде әліпби үйренушілерге бұл диакритиканың осы дыбыстың табиғатына, яғни мұрын жолды  дыбыстарға сай келетіндігі меңгертіледі.

Статистикалық негіздеме: қолданылу жиілігі, мәтінді қамту пайызы жоғары.

V

Ұ дыбысын макрон диакритикасы арқылы Ū таңбасымен беру ұсынылады: Ūsynys,  jūrnaq, mağlūmat.

Графикалық негіздеме: Еріндік дауыссыз дыбыс [у] пен еріндік дауысты жіңішкені [ү] және жуан дауыстыны [ұ] базалық бір әріппен, яғни U-мен таңбалап, өзара ажыратқан ыңғайлы. Сонда бұларды /U/, /Ū/, /Ü/ таңбалар қатарымен беру әліпбидің көзшалымдық та, қолдағдылық та тартымдылығын арттырады.

Статистикалық негіздеме: Ұ әрпінің У әрпіне қарағанда жиілігі төмен. Сондықтан оның диакритикасы /Ū/ көзшалымға қиындық тудырмайды.

Педагогикалық негіздеме: «кирил жазуындағы Ұ әрпінің ортасындағы сызық латында осы дыбысты таңбалайтын әріптің үстінен қойылады» деп ассоциация арқылы үйрету /Ū/ графемасын тез танып, жазуға септігін тигізеді.

У дыбысын базалық латын әліпбиіндегі өз таңбасымен, яғни U таңбасымен беру ұсынылады: Universitet, qauyn, turızm.

Емлелік негіздеме: universitet, konstitusia сияқты термин сөздердің тұрпаты халықаралық қолданыстағы нұсқасына сәйкес келеді.

Графикалық негіздеме: Мәтін ішінде тез танылады, көзшалымға қолайлы.

Статистикалық негіздеме: У әрпінің Ұ әрпіне қарағанда жиілігі аса жоғары. Сондықтан диакритиканың көптігін тудырмас үшін У-ды диакритикасыз U-мен таңбалаған қолайлы.

Ш дыбысын Ş таңбасымен беру ұсынылады: Şañyraq, qaşyqtyq, alaş.

Фонетикалық негіздеме: седиль – әзірбайжан, өзбек, түркімен, түрік және т.б. тілдердің әліпбилерінде қолданылатын диакритикалық белгі. Бұл белгі негізінен тіл алды ызың,  қатаң дауыссыз Ш дыбысын таңбалау үшін жиі қолданылады әрі халықаралық фонетикалық әліпбидегі стандарттық тұрпатына да сәйкес келеді. Сондай-ақ Ш дыбысын Ş таңбасымен беру «бір дыбыс - бір әріп»  принципін сақтауға да толық негіз болды.

Емлелік негіздеме: Sh қосар әрпі кей сөздерде екі түрлі оқылып, сөздің тұрпатын тануда қиындық тудырады. Мысалы, shema (шема/схема), sholast (шоласт/схоласт), ashana (ашана/асхана), Еshil (Эсхил, Эшил), Ashat (Ашат/Асхат). Мұндай қиындық конверторлау барысында шатасуға әкеледі, яғни бір таңбадан екінші таңбаға қате аударылады.

Статистикалық негіздеме: Ш дыбысының мәтін ішіндегі жиілігі жоғары, оны екі таңбамен беру мәтінді жасанды түрде ұзартады.

Графикалық негіздеме: Ş таңбасы компьютерде мәтінді тануға, оқуға ыңғайлы, пернетақтадан оңай табылады.

VІІ

С,W,X таңбалары цитаталық принциппен жазылатын шеттілдік сөздерге қолданылады.

А. Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты Ғалымдар кеңесінің

2020 жылғы 13 шілдедегі онлайн мәжілісінің № 4 хаттамасының шешімімен Орфографиялық жұмыс тобына ұсынылған

(Қазақстан Республикасы Үкіметі жанындағы Қазақ тілін латын графикасына көшіру жөніндегі ұлттық комиссияның Орфографиялық, Терминологиялық, Әдістемелік,  Техникалық және ақпараттық сүйемелдеу жөніндегі жұмыс топтарының ортақ шешімімен мақұлданып, жетілдірілген)

әліпби жобасы

Жалпы сипаттамасы

Әліпби құрамы: Әліпбиде 31 әріп бар, оның 9-ы умлаут, бревис, макрон, седиль диакритикалық таңбалары арқылы берілген. Диакритикалық таңбалар латын әліпбилі жазу тәжірибелеріндегі ортақ, универсалды қызметіне сай алынған:

  • Ә, Ө, Ү жіңішке дауысты дыбыс таңбасына – умлаут,
  • жуан дауысты Ұ дыбысына – макрон,
  • ұяң Ғ дауыссызына – бревис,
  • ызың Ш дауыссызына – седиль.

Оқылым үдерісін жеңілдететіндіктен және қазақ тіліндегі сөз мағынасын ажырататын негізгі дыбыстарды толық бейнелейтіндіктен ғалымдар осы нұсқаны ұлттық тілдің дыбыстық жүйесін айқын көрсететін әліпби деп бағалап отыр.

Жобадағы диакритикалық белгілер латынәліпбилі жазуы бар тілдердің көбінде қолданылады, мысалы, умлаут неміс, швед, исланд, фин, венгр, түрік, әзербайжан әліпбилерінде де жіңішке дауысты дыбыстың таңбасын білдіреді. Бревис эсперанто, молдова, түрік әліпбиінде дауыссыздарды, седиль француз, түрік, латыш әліпбилерінде ызың дауыссыздарды, макрон дауыстыларды немесе дауысты қатарына өткен дауыссыздарды таңбалауда пайдаланылады. Сондықтан қазіргі жаһандағы латын жазуын білетін кез келген жазарман ұлтына, тіліне қарамастан диакритикалардың дыбыстық мазмұнын бірден ажырата алады. Бұл қазақ жазуының әлемдік графикалық кеңістіктегі түсініктілігін арттырады.

Әліпбидегі әріп тәртібі: Кирилнегізді әліпби мен латыннегізді әліпбидің орын тәртібі бірдей емес. Әр әліпбидің өз тәртібі бар, сондықтан қазақтың жаңа әліпбиінің тәртібі латын әліпбиінің тәртібімен берілді, базалық әріптердің орны өзгерген жоқ: А, B, D, E, F, G, H, I, J, K, L, M, N, O, P, Q, R, S, T, U, V, Y, Z.

Базалық әріпке диакритика қосу немесе базалық әріпті түрлендіру арқылы жасалған әріп сол базалық әріптен соң орналастырылды:

  • Аа-дан кейін Ä ä,
  • Gg-ден кейін Ğ ğ,
  • İ i-ден кейін I ı,
  • Nn-дан кейін Ŋ ŋ,
  • Оо-дан кейін Ö ö,
  • Ss-дан кейін Ş ş,
  • Uu-дан кейін Ū ū мен Ü ü әріптері орналастырылды.

Әліпбидегі әріп аты: Жобадағы әріптер фонеманың жеке тұрғандағы дыбысталуы бойынша аталды:

  • дауыстыларды таңбалайтын әріптер дыбыстық ортаға неғұрлым тәуелсіз болып саналатын ашық буындағыдай дыбысталып, аталады: А (а-pa), Ä (ä-ke), E (e-ne), I (ı-nı), O (o-tan), Ö (ö-ner), Ū (ū-lan), Ü (ü-mıt), Y (y-dys);
  • дауыссыздардың әрпі фонетикалық жағдайға неғұрлым тәуелсіз реңкімен және ы дауыстысын алдынан не соңынан селбестіріп айтылады: B [by], D [dy], F [fy], Ğ [ğy], H [hy], J [jy], M [my], N [ny], P [py], Q [qy], S [sy], Ş [şy], T [ty], V [vy], Z [zy];
  • жіңішке дауыссызды таңбалайтын әріптер жіңішке дыбысталып, соңынан і дауыстысын қосып айтылады және аталады: G [gı], K [kı];
  • кейбір үнді дыбыстардың әрпі селбеспе дауыстыны алдынан қосып дыбысталады және аталады: İ [ıi], L [yl], Ŋ [yŋ], R [yr], U [ūu].

Негіздемесі

Кіріспе. Латын графикасына негізделген жаңа əліпбидегі кейбір таңбалар жазып-сызу мен оқуда қолайсыздығы үшін сынға алынды. Атап айтқанда:

- жаңа әліпбидегі акут белгісінің дауыстыға да, дауыссызға да қойылуы, оның мағынасының дауысты дыбыстың жіңішкелігін білдіруге сәйкес келмеуі;

- қазақ ұлттық жазу дәстүріне тән «бір əріп – бір дыбыс» принципінің сақталмауы;

- жазуды қиындататын басы артық әріптің болуы.

Осы сыни пікірлерді емле ережелерін апробациядан өткізу, үйрету курстарына қатысқан мұғалімдер мен әдіскерлер және жұртшылыққа латын жобасын таныстыру, насихаттау шараларына атсалысқан сала мамандары мен зиялы қауым өкілдері ерекше атап айтты. Сондай-ақ бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланған мақалаларда, әлеуметтік желілерде қалың жұртшылық тарапынан аталған кемшіліктердің жиі көрсетілуі, жүргізілген сынама жұмыстардың нәтижелері әліпби құрамындағы  кейбір əріптерді өзгерту қажеттілігін көрсетті.

Бекітілген әліпбиді жетілдіру бойынша əліпбиге төмендегідей ішінара толықтырулар мен түзетулер енгізілді.

  1. Жаңа әліпбиде дауысты дыбыстардың жіңішке сыңарын белгілеуші диакритикалық таңба ретінде умлаут алынды, себебі умлауттың таңбасында «жіңішкелікті білдіру» деген концепті бар және ол латын әліпбиін білетін кез келген жазарманға таныс. Умлаут диакритикасы Ә – Ä, Ө – Ö, Ү - Ü дыбыстарын таңбалауда қолданылды: ädep, öner, ülken. Умлаутпен жіңішке дауысты дыбысты таңбалған тілдер көп, олар: неміс, швед, венгр, түрік, әзербайжан, түрікмен, т.б.
  2. Ғ дыбысын бревис диакритикасы арқылы Ğ таңбасымен беру ұсынылады: ğaryś, jaŋğyru, ğylym. Бревис – латын графикасы негізінде түркі тілдерінің әліпбиінде жуысыңқы, тіл ортасы ұяң дауыссыз Ғ дыбысы үшін алынған ортақ диакритикалық белгі. Бревис мәтінде көзге бірден шалынады, оңай танылады.
  3. Тек төл дыбыстар таңбасын ғана алу керек деген ұсынысқа қарамастан, кірме F әрпі әліпбиге алынды, себебі Ф дыбысымен келетін сөздер қазақ әдеби тіліне ертеден араб, парсы тілдерінен еніп, кең қолданыс тапқан: Фзулли, саф, Фараб т.б. Ал орыс тілі арқылы енген 14 000-нан астам шеттілдік сөздің шамамен 2000-ның құрамында Ф дыбысы бар (футбол, федерация, фольклор, фосфор, фотон). Бұлардың барлығын қазақ тілінің фонетикалық заңдылығына бағындырса, П немесе Б дыбысы арқылы игеру мүмкіндігі бар. Алайда Pzulli немесе Bzulli, sap, Parab немесе Barab; putbol немесе butbol, pölklor немесе bölklor, pospor немесе bosbor, poton немесе boton деп өзгерту бұл сөздердің емлесін қиындатқаны сынамалардан байқалды. Сол себепті әліпбиге Ff таңбасы алынды: Fzulli, saf, Farab; futbol, federasia, fölklor, fosfor, foton.
  4. Кирил әліпбиіндегі Й мен И әріптеріне ортақ бір таңба алынды, себебі бұл әріп сөздегі позициясына қарай кейде дауысты-дауыссыз тіркесі, кейде жалаң дауыссыз дыбыс болып жұмсалатындықтан, бір таңба осы ерекшелікті жеткізуге мүмкіндік береді деген пікір басым болды. Мысалы, ай, тай, лай, лайк, фейк деген сөздерде дауысты дыбыс таңбасынан кейін тұрғандықтан, бұл әріп дауыссызды, ал керісінше, И-дің таңбасы сөздің басында немесе дауыссыз дыбыс әрпінен кейін тұрса, бұл Ы+Й және І+Й түріндегі дауысты мен дауыссыз дыбыстың тіркесін таңбалайды, мысалы, ине <ій-не>, киім <кі-йім>, қиын <қы-йын>, жиын <жы-йын>, институт <ійн-стій-түут>, кино <кій-но>. Бірақ екеуінің таңбасы бірдей болғаннан бұл әріппен жазылған сөздердің айтылу нормасына ешқандай нұқсан келмейді. Сондықтан екі әріпке бір таңба беру жазуды ықшам етеді әрі айтарлықтай қиындық тудырмайды, ал оқу барысында оңтайлы келіп, оқырманның уақытын үнемдеуге мүмкіндік тудырады, қазақ жазуының тиімділігін арттырады.

 /İ/ әрпі  - әліпбидегі күрделі мазмұнды екі әріптің бірі. Ол сөз басында (тек ашық дауыстының алдындағы жағдайды ескермегенде) және дауыссыз дыбыс таңбасының алдында жуан сөзде [ый], жіңішке сөзде [ій] дыбыс тіркесін таңбалайды: іyq – [ыйық], iridi – [ійрійдій], iıntırek -  [ійінтірек], oqidy – [оқыйды], kino – [кійнө], bekidı – [бекійді], ал сөз басында ашық дауыстының алдында және дауысты дыбыс таңбасынан кейін тұрса, жалаң дауыссыз Й-дің өзін таңбалайды: iağni – [йағній], qaida – [қайда]. Нәтижесінде шет сөздер мен төл сөздер орфограммалары бір ережеге негізделеді, бұрынғыдай «шеттілдік сөздерде И дауысты, төл сөзде дауыссыз дыбыс» деп бөліп түсіндіретін екіұшты ереже орнына барлық сөздер біртұтас ұлттық емлемен жазылып, біртұтас орфоэпиялық ережеге сәйкес дыбысталатыны туралы нақты ереже ұсынылады..

  1. І мен Й, И дыбыстарын беретін таңбаларды өзара алмастыру және и-дің бас әрпін нүкте арқылы /İ/ түрінде таңбалау ұсынылды: İnstitut –Irımşık; jinalys, itjidek, miras; sinus, instagram, universiada; ızgılık, bılım, ırgelı. Cебебі кирил әліпбиіндегі И-ді латындағы İ таңбасымен беру термин сөздерді халықаралық тұрпатына жақындатады, бұл көзшалымға қолайлы, мысалы, piramida, respublika. Сонымен бірге İ таңбасының бас әрпі «ноқатпен» берілгенде, сөздердің графикалық бейнесінің танылу деңгейі жоғарылайды: іne, jіyn, kögoraі, aіdar; іnstіtut, inovasia, titul/İNE, JİYN, KÖGORAİ, AİDAR; İNSTİTUT, İNOVASİA, TİTUL.

Статистикалық  тұрғыдан [і] дыбысы (ілгіш, іркіт) –  абсолюттік кездесу жиілігі 5 орындағы жіңішке сөздердің барлық грамматикалық түрленімінде: үй-ІмІз-дегІ-нІң, ІнІ-мІз-дІң, әң-гІ-ме-мІз-дІң, Іл-гІш-І-нІң т.б. кездесетін қазақ тіліндегі белсенді дауысты дыбыс болғандықтан, бұл сөздердегі жіңішке дауыстылар екі ноқатты умлаутпен таңбаланса, әріпүсті диакритика көбейеді, ал  [і] әрпінің үстіне ноқат қоймай, яғни оны ɪ/ әрпімен жазса, жолүсті белгілер азаяды, бұл оқу-жазуды жеңілдетеді: üiımızdegınıŋ, ınımızdıŋ, äŋgımemızdıŋ, ılgışınıŋ.

  1. У дыбысын U таңбасымен беру ұсынылды. У әрпін Ý таңбасымен жазу қиындық тудырды. У-дың жиілігі жоғары, сондықтан қолмен жазуда кіші әрпінің жазу жолының төменгі жағына созылып түсетін тұрқы мәтінде көзшалымға ыңғайсыз. У дыбысын шеттілдік сөздерде Ý таңбасымен жазу, олардың мәтін ішінде де, мәтіннен тыс тұрғанда да, бірден танылуын қиындатты: ýran, ýnıversıtet, vakým. Осы әріппен келген төл сөздердің де графикалық кескіні көзшалымға ауыр тиді: ýaqyt, saýda, jýý, týý; Ал У-ды U әрпімен таңбалау universitet, konstitusia, turızm сияқты термин сөздердің тұрпатын халықаралық қолданыстағы нұсқасына сәйкестендіріп, төл сөздерге тез танылатын графикалық қолайлы кескін береді: qauyn, su, uaqyt, baru, kelu, keruen. У әрпінің Ұ әрпіне қарағанда жиілігі жоғары. Сондықтан У-ды диакритикасыз U-мен таңбалаған кезде диакритика азаяды. Ал сөздер мәтін ішінде тез танылады, көзшалымға қолайлы.

 /U/ әрпі  /İ/ әрпі сияқты әліпбидегі күрделі мазмұнды әріптің бірі, ол сөз басында (тек ашық дауыстының алдындағы жағдайды ескермегенде) және дауыссыз дыбыс таңбасының алдында жуан сөзде [ұу], жіңішке сөзде [үу] дыбыс тіркесін таңбалайды: uyq – [ұуұқ], uran – [ұуран], uıl -  [үуіл], qaru – [қарұу], prokuratura – [прокұуратұура], külu – [күлүу], universitet – [үунүйверсійтет], ал ашық дауыстының алдында сөз басында және дауысты дыбыс таңбасынан кейін тұрса, жалаң дауыссыз У-ды таңбалайды: uaqyt – [уақыт], sauda – [сауда]. Сөйтіп, шеттілдік сөз бен төл сөз орфограммасы бір ережеге негізделеді, бұрынғыдай «шетсөзде У дауысты, төл сөзде дауыссыз» деп, бөліп түсіндіретін, жазу-оқуда қиындық тудыратын ереже орнына барлық сөздер біртұтас ұлттық емлемен жазылатынын, біртұтас орфоэпиялық ережеге сәйкес дыбысталатынын түсіндіретін ереже ұсынылады.

  1. Ұ дыбысының таңбалауға макрон диакритикалы Ū алынды: Ūsynys, jūrnaq, maǵlūmat. Сөйтіп дыбысталуы өзара ұқсас әріптерді әліпбиде бір базалық әріп негізінде жасап, қатар орналастыру көзделді. Сонда  /U/, /Ū/, /Ü/ таңбаларын тану, қабылдау қиындық тудырмайды,  керісінше, әліпбидің көзшалымға  қолайлылығын, қолдағдыға икемділігін арттырады. Сондай-ақ Ұ әрпінің У әрпіне қарағанда жиілігі төмен, сондықтан оның диакритикасы /Ū/ көзшалымды жеңілдетеді. Сондай-ақ педагогикалық негіздемесі бойынша «кирил жазуындағы Ұ әрпінің ортасындағы сызық латында осы дыбысты таңбалайтын әріптің үстінен қойылады» деп ассоциация арқылы үйретуде /Ū/ графемасын тез танып, жазуға септігін тигізеді.
  2. Ң дыбысы халықаралық фонетикалық әліпбиде бар Ŋ таңбасымен берілді. Көптеген грамматикалық категория формасы тұлғаларында бар, жиілігі жоғары Ң дыбысына диакритикалық Ń таңбасының алынуы әріпүсті қосалқы таңбалардың көбеюіне, соның салдарынан мәтіннің көзшалымға ыңғайсыздығына әкеледі. Ŋ таңбасы мұрын жолды, үнді дауыссыз дыбысты (ң) белгілейді, Ŋ қолды үзбей жазуға ыңғайлы әрі жолүсті таңбаларын көбейтпейді. Сондай-ақ кирилнегізді қазақ әліпбиіндегі Ң әрпінің кескініне ұқсастығы тез дағдылануға септігін тидіреді: aŋşy, jaŋbyr, köleŋke.
  3. Ш дыбысы седиль таңбасымен (Ş) берілді: şaŋyraq, qaşyqtyq, alaş. Себебі Ш дыбысының мәтін ішіндегі жиілігі жоғары, оны SH екі таңбамен беру мәтінді жасанды түрде ұзартады. Сондықтан оны бір әріппен таңбалау қазақ тіліндегі «бір дыбыс – бір таңба» принципін сақтауға мүмкіндік береді. Оның үстіне SH диграфы оқуда қолайсыз. Себебі бір сөзде Ш, бір сөзде СХ болып оқылады, сол себепті Qoshan (Қошан/Қосхан), alǵyshat (алғышат/алғысхат), Shyńǵyshan (Шыңғысхан/Схынғышан), dárishana (дәрісхана/дәрішана), kúlmeshan (күлмешан/күлмесхан), shema (шема/схема), Eshıl (Есхил/Ешил) сияқты екіұшты оқылатын, контекспен ғана ажырататын сөздер көбейеді. Ал Ş таңбасы жайылыңқы жуысыңқы қатаң дауыссызының таңбасы ретінде бірнеше әліпбилерде қолданылған, сондықтан мәтінде тез танылады.
  4. СҺ (Ч) таңбасын әліпбиден алып тастау ұсынысы болды. Себебі Ч дыбысы қазақ тілінің төл дыбыс жүйесіне жат, Ч дыбысымен келетін шеттілдік сөздер саны аз және олардың қолданыс жиілігі де төмен. Оның үстіне Сh диграфы құрамындағы бір компоненті - С әрпі әліпбиде жоқ болғандықтан, осы күрделі әріпті жазуда, үйретуде қиындық туындайтыны байқалды. Ч – аффрикат дыбыс, ол Т+Ш дыбыстары элементтерінің жымдасуынан жасалған, сондықтан оны қазақ тілі құрамында бар [Ш] дыбысының таңбасымен, яғни Ş әрпімен беру сөздердің графикалық кескінін де, дыбысталуын да айтарлықтай өзгертпейтіні апробацияда байқалды, оларды оқырман мен жазарман жеңіл ажыратты. Сонымен қатар кирилдегі Ч-ның орнына Ş жазылған сөздер түпнұсқа тілдегі тұрпатына да ұқсады әрі қазақшаға бейімделді, жазуда бірден танылды, айтылуда тыңдарман үшін түсінікті деп бағаланды: blokşein, kouşiŋ, şempion т.б.
  5. Әліпбиде Ц әрпі жоқ, себебі Ц дыбысы қазақ тіліне тән емес. Ц – аффрикат дыбыс, ол Т+С дыбыстары элементтерінің жымдасуынан жасалған, сондықтан оны өз құрамында бар [С] дыбысының таңбасымен, яғни S әрпімен беру сөздердің графикалық кескінін де, дыбысталуын да айтарлықтай өзгертпейтіні тәжірибеден көрінді, оларды оқырман мен жазарман жеңіл ажыратты. Сонымен қатар кирилдегі Ц-ның орнына S жазылған сөздер түпнұсқа тілдегі тұрпатына да ұқсады әрі қазақшаға бейімделді. Жазуда бірден танылды, айтылуда тыңдарман үшін түсінікті деп бағаланды: polisia, sirk, sirkül, astekter т.б.
  6. Бекітілген әліпбидегі Ы дыбысын латынның Ү әрпімен беру жетілдірілген нұсқада сақталды, себебі жуан, қысаң езулік дауысты Ы дыбысын осылай таңбалау халықаралық транскрипциялық жүйеден әбден белгілі: Almaty, Kyzylordа, Fazyl, т.б. сияқты қазақтың жер-су атаулары, кісі есімдері осы түрде транскрипцияланады. Сондықтан латындағы Ү таңбасының дыбыстық мазмұны Ы дыбысы деген түсінік орныққан. Ал кейбір ұсыныстарға сүйеніп, Ы-ны I ı таңбасымен беретін болса, онда осы таңба белгілеп тұрған жіңішке [і] дыбысына ноқатты İі таңбасын алуға тура келеді, олай болса, И/Й-ді Үү таңбасымен жазу керек болады. Осы үлгімен жазылған сөздер сынамаларда олардың мәтіндегі танылуын қиындатқаны, көзшалымға қолайсыздығын көрсетті: ynstytut (институт), yne (ине), mynystr (министр), ayu (аю), yt (ит), oqyğa (оқиға), taryhy (тарихи), ğılımy (ғылыми). Сондықтан Ы дыбысын /Yy/ таңбасымен, соған сәйкес И/Й-ді /İі/ таңбасымен беру сөздердің графикалық кескінін жеңіл танытады деген қорытынды жасалды: ydys, yrys, basşy, qajy; іnelık, іgeru, mädeni, universitet, respublika.
  7. Тарихи төл дыбыстар таңбасын ғана алу керек деген ұсынысқа қарамастан, В әрпінің таңбасы сақталды. В дыбысы бар орыс және орыс тілі арқылы енген шеттілдік сөздер қазіргі ғылым мен техника, білім салаларында кездесетін жиілігі жоғары термин сөздердің қорын құрайды: инверсия, вагон, эволюция, вокзал, вирус, вакуум т.б. 14 000-нан астам шеттілдік сөздің 1575-інің құрамында В әрпі бар. Бұлардың барлығын қазақ тілінің фонетикалық заңдылығына бейімдеуге, Б немесе У дыбысы арқылы игеруге болады. İnbersia/inuersia, bagon/uagon, ebolüsia/euolusia, birus/uirus деп өзгерту бұлардың мәтін ішінде және жеке тұрғанда танылуын қиындататыны сынама кезінде байқалды. Сондықтан латынграфикалы әліпбиде В дыбысына арнайы V таңбасы алынды: inversia, vagon, evolüsia, vokzal, virus, vakum.
  8. Әліпбиде Ю, Я әріптері мен Ь, Ъ белгілеріне таңбалар алынбады, себебі алғашқы екі әріп көпқызметті орыс әріптері. Олар қазақ сөзінде Я – ЙА, Ю – ЙУ дыбыс тіркесін білдірді, ал орыс сөздерінде сонымен бірге жіңішке дауыссыздан кейінгі дауыстыны: Я – А-ны (Таня – [Тан’а]), Ю – У-ды (любовь – [л’убоф’]) таңбалауға жұмсалды. Ал бұл (ЙА, ЙУ, А, У) дыбыстардың барлығына да жаңа әліпбиде жеке таңба берілген, сондықтан Я мен Ю-ге тағы арнайы таңба алу артық.

Ь мен Ъ – әріп емес, олар орыс емлесінде дыбыстық құбылыстарды, атап айтқанда, Ь – жіңішке дауыссызды, ал Ъ йотталған (алдында қысқа Й дыбысы бар) дауыстыны таңбалауда қолданылатын белгілер. Қазақ тілінде дауыссыз жіңішке? болмайды, ал Й-дің арнайы таңбасы бар, сондықтан аталған белгілер үшін қосымша әріп алудың қажеті жоқ.

15. Ww, Xх, С әріптері ұлттық әліпби пернетақтасына орнатылуы тиіс. Аталған таңбалар ұлттық әліпби құрамына тән емес, алайда қазақ жазуындағы бөгде элементтерді цитаталық принциппен жазу үшін қажет. Бұл әріптердің пернетақтада болуының ғылыми негізі кез келген дыбыстық-әріптік жазуда әліпби, графика және орфографияның болуымен байланысты түсіндіріледі. Егер әліпби белгілі бір ретпен орналасқан әріптер жүйесі болса, графика осы әріптердің дыбыстық мазмұнын немесе өзара тіркескен бірнеше әріптің транслитерациялық мазмұнын көрсетеді, ал орфография сөздердің жазу нормасына сәйкес таңбалануын реттейді. Сонда аталған таңбалардың қазақ жазуындағы қолданысын әліпби мен графика емес, орфография реттеп, регламенттейді. Сондықтан ағылшынның W, X, C әріптері ұлттық әліпбиде болмағанымен, қазақ мәтінінде таңбаланады. Сол үшін латыннегізді қазақ пернетақтасында (клавиатурасында) ағылшын тіліндегі W, X, C әріптеріне арналған түймешелер болады, олар цитаталық принциппен жазылатын Windows, Maxima, Coca-cola сияқты бренд, марка атаулары үшін қолданылуы тиіс.