Бейбіт Күлмағамбет: Ел талабы – Қазақстанда Коммунистік партия жабылсын!
2020 ж. 21 тамыз
2338
0
Декомунизация дегеніміз – коммунистердің «Мемлекет мүддесі бәрінен жоғары, оның қасында жеке кісінің хақы мен құқықтары түк те емес»,- деген түсінікті жою. Алдыменен коммунистік партия, мемлекет мүддесі, ал кісі хақысы мен бостандық құқықтары ең соңында,- деген саяси ұғым әлі де біздің биліктің кәміл сенген, санасына берік бекіген саясаты. Мемлекет түсінігінің ішінде олигархия мен бюрократия мығым орын алған. Сондықтанда, «мемлекеттік саясат» дегенде алдыменен олар өздерінің «сүйікті ісін жүзеге асыру» деп түсінеді, халықтың мүддесі соңғы орында.
Коммунистік партияның осындай сұркия догмалары совет кезіндегідей үйлеріміздің төбесінде жазылмаса да, әлі де билікте орын тепкен бұрынғы партия мен комсомол «барондарының» арқасында өзінің күшін сақтап келеді. «Халықтың жолын біз көрсетушіміз, біздің айтқанымыз ең дұрыс бағыт, аузын ашпай бағынуыңыз»,- керек деген биліктегілердің ұстанымы, коммунистердің көсемдік кезеңінен үзілмей жалғасын тапқан. Қазіргі мемлекет басқарушыларының біразы – оздеріне демократ айдарын таққан парламентте отырғандар – үсті басын өзгерткен, бес мың долларға сағат таққан, сол баяғы коммунистер мен комсомол басшылары, жаңаша кейіпке түскен екіжүзді саясаткерлер. Бұрынғы коммунист функционерлері, қазіргі «жемқорлыққа былыққан жүйенің» архитекторлары. Коммунист жалауын түсірмей, идеяға «адал» болып қалған, коммунист партиясының басшысы А.Конуров жақында «жемқорлықпен күрестің тек жалғыз жолы, коррупционерлерге ату жазасын беру»,- деген екен. Әділетті болғышым-ай! Мұны қарапайым бір кісі ұсынса, шынымен түсінуге болар еді. Қарапайым балабақшаға орналасудан бастап, құқық қорғауға дейінгі жүйенің парақорлығынан, министр мен әкімдердің түйені түгімен жеген жемқорлығынан, «закон» уысынан оңай құтылып кететіндеріне куә болған халықтан, жемқорлықтан шаршап – шалдыққан отандастардан естісек еш таңқалмас едік. Бірақ, мұны айтушы – бүгінгі «жеккөрінішті» капиалист- олигархтардың ішінде өзіне жайлы орын алған коммунистер айтып отыр. Кеше ғана елімізді қырған, Алаш арыстарын қабырғаға қойып атып, қанын судай ағызған коммунистердің ізін жалғастырушылар ұсынды. Заман кері кеткендей қорқыныш сезімі келді, ашумен бірге. Шамасы бұлар қайтадан «оқтаулы нагандарын» аңсап жүрген сияқты. Ертең билік ішінде, «коммунистік идеология» шеңберіне кірмеген қазаққа адал қызмет істегендерді кезіндегідей «враг народа» деген айыбына жақын, бұл жолы «жемқор» деген жала жауып көздерін жою болар мақсаттары?! Олардың ішінде осы жақында «радикал қазақ» деген айдар таққылары келген, қоғам белсенділері, бетке ұстар азаматтарымыз да бар шығар? Коммунист Конуров білесің бе? Сіздің жүзіңіздің бет пердесін ашсақ, астынан Берия көрініп тұр. Қолдары қанға белшесінен батып қоймай, көлдей аққан қазақ қанының ішінде жүзген Берия! Кісі өлтіруді сағынсаңыз, партия мүшелері Косарев, Ахметбеков, Соломина тағы басқаларыңызбен бірге Қытайға кетіңіздер. Қанышер тәбеттеріңізді сонда тойдырыңыздар!
Еуропа Кеңесі Адам құқықтары мен бостандығын қорғау туралы конвенцияға қосымша 1983 жылғы 28 сәуірде өлім жазасын жою туралы №6 хаттама қабылдады. БҰҰ Бас Ассамблеясы Азаматтық және саяси құқықтар туралы халықаралық пактіге қосымша 1989 жылы 15 желтоқсанда өлім жазасын жою туралы екінші қосымша хаттама қабылдап, әлем елдерін сол хаттамаға қол қойып, қосылуға шақырды. Осы шаралардан кейін әлемнің 80-нен астам мемлекеті өз қылмыстық заңынан өлім жазасын алып тастады. Қазақстанда өлім жазасы (ату) тек айрықша ауыр қылмыстар (лаңкестік, геноцид, айуандықпен кісі өлтіру, т.б.) үшін тағайындалады.18-ге толмаған жасөспірімге, әйел адамға, сот үкімі шыққанға дейін 65 жасқа толған ер адамға қолданылмайды. Рақымшылық жасалған жағдайда өлім жазасы өмір бойына немесе 25 жылға бас бостандығынан айыру жазасына ауыстырылуы мүмкін. Қазақстанда 2003 жылдан бастап өлім жазасына мораторий жарияланған.
Біз болсақ енді сендердің ақылдарыңызға мұқтаж емеспіз. Жағамыздан алып, құрымай қойдыңдар, барыңдаршы сол сүйікті Коммунистік Қытайларыңызға! Кеттіңіз деп қайғырмаспыз. Ал, біз болсақ, үлгіні Алаш ардақтыларымыздың көрсеткен жолы – Батыс Европада дамыған демократияны орнатып, жемісін терген өркениетті елдерден алармыз.
«Ұлты үшін құрбан болуға шыдағандық – ұлтшылдықтың осы күнде ең берік ережесі. Ұлты үшін құрмет қылмай, бас қамын ойлап жүрген азаматтардың елі артта қалып отыр. Ұлтшыл жұрттар, әне, Германия, Жапония, Англия, Түркиялар, олардың баласы жасынан «ұлтым» деп өседі. Естеріңізде болсын: қара халықтың мәдениетті болуынан мәдениетті кісінің қазақ болуы қиын, баласына осы бастан ұлт рухын сіңіріп, қазақ өміріне жақындатып тәрбиелеу керек». Жүсіпбек Аймауытов
Коррупция сіздер көрсеткен ату – асумен жойылмайды. Жойылуы үшін, Ата заңымыздың баптарын халықтың қажетіне сай өзгертіп, оған негізделген заңдарды барлық мемлекетік органдар, сот жүйесі, полиция, прокуратура жағынан бұлжымай орындатуымыз керек. Бізде болса, орысша айтқандай «Закон, что дышло, куда повернул туда и вышло», 10-20 жылға сотталған министр мен әкімдерді бір-екі жыл отырғызбай, денсаулықтары нашар деп шығарып жібереді. Заң әділетсіздікпен… таңдап… орындалады.
2014 жылы Украина үкіметінің басшылығы ұлттық тұтастығына, мемлекет мүддесіне қайшы Коммунистік партияның өкілдері сепаратистік әрекет жасады,- деп Әділет минстрлігіне ол партияны таратуға ұсыныс берген.
Қазіргі мәселе – қабылданған заңдардың орындалуын қамтамасыз ету, осының өзіне қолымызды жеткізсек, жемқорлықты азайтамыз. Бұл тек бүкіл органдардың заң талабына бағынуына, оның ішінде ұлттық қауіпсіздік органының да саясаттан алшақ тұрып, тікелей парламентке есеп беруіне байланысты. Ата заңға ғана тәуелді құдіреті, күші өзіне сай, үш биліктің бірі екені сезілетін әділетті сот жүйесі қажет қоғамға. Сондықтанда, бүкіл халықтың ғана емес, ең қарапайым адамның дауысы, тілектері ескерусіз қалмайтын батыс Демократиясы – біздің үлгіміз және мақсатымыз! Жемқорлықты жоюға емес, өзінің коммунистік тоталитарлық жүйесін алдымен қорғауға бағытталған, қорқыныш үйірген «баскесер» қызыл қытай режимі бізге үлгі бола алмайды. Егер ату заңын қабылдаттырсақ, қазақ елі алдыменен жемқорларды емес, қанды қол коммунистерді ату заңын қарастырудан бастайтын шығар. Ел талабы – Қазақстанда Коммунистік партия жабылсын!
Қазақ елі, болашақ ұрпақ , бостандық пен демократия үшін.
Бейбіт Күлмағамбет,
Дереккөз: aimaq09.kz