Жандос Мақсұтұлы: Тіл – ұлтты анықтайтын бірден-бір фактор
2020 ж. 20 тамыз
1137
0
Бүгін саябақта болдым, шөбі тізеден асып аңқып тұр, ішімнен - шіркін мына жерге бір отар қойды жайып жіберсе деп, көз алдыма көкжайлаудағы мыңғырған мал, киіз үй, будақтаған түтін, ошақ үсті көтерулі қазан, мамағашқа байлаулы шыбындап тұрған бесті торы елестеп қоя берді. Сағым қиялды жанымнан шылп-шылп етіп тақасы жоқ аяқ киімі өкшесіне сартылдап келе жатқан алпысты алқымдаған әже «быстрее можешь» деп немересіне үн қатып, мені әлсін-әлсін естіліп тұрған көліктің шуына, шыбын-шіркейі көбейген саябаққа қайта қойып жіберді. Саябақта шыбындап тұрған сал торы дәл қазір менмін. Астанаға Қарағандыдан келгеніме томардай тоғыз жыл өтіпті, алғашқыда елордамыздың бір жақсысы Қарағандыма қарағанда едәуір қазақшасы жақсы екен деп іштей қуанатынмын. Алайда тоғыз жылда елорданың қазақшасы байқауымша тоғыз тонды тұмшалай жамылып орыстың аязына үсіген, шорқақтап дәрежесі тобыққа түскендей шырай танытады. Оған бүгінгі шөбі тізеден келген саябақ тағы бір дәлелін тапты. Сол отырғаннан не керек мол отырдым, адам легі баршылық, кәрі жасы демалыс күні қыдыруда. Жанымнан белесебетінің қырқаяғы сырт-сырт етіп, сегіз, тоғыз жас аралығындағы екі қыз бала асықпай педалға басып орысша мүдірмей сөйлеп ызғытып келеді, «харашо што карантин закончился» -дейді. Осылайша жон арқамнан сабап, ата-әжелер, аға-жеңгелер, іні-қарындас бауырлар, ел келешегі қаракөз бүлдіршіндер өте берді. Салым суға кетіп өзіме өзім, «мен анық қазақ елінде жүрмін бе, әлде СССР тарамаған ба?» деп сан-сақпен жүрегімді жұлып отырмын.
Бір кезде құлағым түрікшеге елең етті, шамасы сегіз, тоғыз жас аралығындағы қос әпкелі-бауыр түрікше саңқылдап бір белесебетке мінгесіп ызғытып өте шықты. Бұл көрініс мазасы кетіп шыбындап тұрған торыға кенеттен сауырынан осқан қамшыдай онан сайын мазасын қашырғандай. Сүйсініп, бір жағынан қызғанышпен соңынан көп қарадым, көз алдымда мен үшін тамсанарлық керемет көрініс, ең құрымағанда ағайын жұртқа қуанайық, бір түркінің баласымыз ғой дегендей ризамын. Көп күттім, ана тілінде сөйлейтін қазақтан басқасын көрдім, өзегіме өксік тығылып, өкінішке оранып, масаға жем боп, көк шалғынға бір қарап саябақпен қош айтысып кете бардым.
Бас кеспек болса да, тіл кеспек жоқ деуші еді атам қазақ, бүгінде басымыз да, тіліміз де, бәрі кесілгендей. Тіл – ұлтты анықтайтын бірден-бір фактор, сондықтан да өзімізге өзіміз құрметпен қарайық. Тіл кетсе күніміз қоса кетпек, салт-дәстүр, әдет-ғұрып, мәдениет, діл, саясат бәрінің де күні қараң болмақ.
Жандос Мақсұтұлы,
Қазақ үні