ХАН ОРДАСЫНА СЫЙМАҒАН СҰЛТАН

"Адал өмір сүріп, өз дербестігіңді сақтай білгеннен артық мансап жоқ" - Айсұлтан Рахат

Бүгін әлеуметтік желіні шарлаған Айсұлтан Рахаттың мезгілсіз қазасы елдің бәрін елең еткізді... Бәрі де шын жүректен көңіл айтуда... 

 Иә, жас еді... Жалынды еді... Албырт еді... Аласұрды. Елдегі ең жоғары отбасының сызып қойған шеңберіне, ханорданың құрып қойған қорғанына сыймай аласұрды... Тура он күннен кейін орда бұзар отыз жасқа толар еді... Жетпей жүрегі тоқтап қалды...

 Айсұлтан Назарбаев – Дариға Назарбаева мен Рахат Әлиевтің екінші ұлы. 1990 жылы 26 тамызда өмірге келген Айсұлтанның өмір жолы да өзінің мінезі секілді өзгешелеу болды. Әкесі секілді бұл да бала кезден футболға қызығып өсті. Жетістіктері де бар. 2006 жылы Қазақстанның жасөспірімдер құрамасының сапында Еуропа чемпионатының іріктеу турниріне қатысады. «Челси» және «Портсмут» жастар командалары мен қазақстандық «Астана» командасында ойнады. Айсұлтан Сандхерст британ корольдік әскери академиясының түлегі. 2013 жылы «ҚазРосГаз» АҚ басшысы Қайрат Боранбаевтың қызы, атақты қазақ актері Әнуар Боранбаевтың немересі Әлимаға үйленді. Айсұлтан мен Әлиманың дүниені дүбірлеткен тойларының бірінші бөлімі таза қазақ дәстүрінде өтті. Бақытты отбасыда Амели атты қыз, Сұлтан атты ұл  дүниеге келді.


Екі жастың күліп түскен суреттеріне қарағанда, екеуінің бір-біріне өте ұқсайтындықтары байқалады. Бір-біріне ұқсайтын ерлі-зайыптылар бақытты болады десек те, бұлардың бақыты ұзаққа бармады... Байлық алға шыққан заманда, бақытқа жол қалмайды, Елбасының жиені 2019 жылдың 5 ақпанында ажырасып тынды...

 Өзі кәсіби футболшы болғасын "Қазақстан Футбол федерациясын Еуропа лигасына қосқан әкемнің ісін жалғастырғым келеді" деп ашық мәлімдеп, федерацияны басқарғысы келді. Бірақ гол салмаса да, миллиондарымызға қол салып келе жатқан, қол салғанда да мол салып келе жатқан легионерлерімен белгілі Қазақстанның футбол федерациясы қамалыныңң мықтылығы сонша, Президенттің сүйікті немересі де ала алмады... Бәлкім, футбол федерациясы тізгінін алғанда билікке ықпал етер мүмкіндігі зор жалынды жас біраз жақсы өзгерістер жасар ма еді...

 Қазақтың қаракөз балаларынан футбол командасын құрып, федерацияның бір тиынынсыз өз қаражаттарымен футбол ордаларының  бірі Португалияға екі рет апарып, жетістіктерге жетіп жүрген "Арландар" футбол клубының президенті Фазылбек Әбсаттардың әңгімесін тыңдасаң, футбол федерациясына таластың түбі қайда жатқанын сезгендей боласың... Және жақын арада фуболдың көсегесі көгере қояды деген арманың адыра қалады... 2019 жылдың сәуір айында Айсұлтан Назарбаев фейсбуктегі жеке парақшасында аты-жөнін Айсұлтан Рахат (Aisultan Rakhat) деп өзгерткенін жариялады.

Айсұлтан әке-шешесі арнайы берген соң нағашы атасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тегіне жазылып, ұлы есебінде саналып, нағашы қолында өсті... Өмірге келгенде де, өмірден өтерінде де ел басқарып отырған нағашы атасына сеніп өсті ол... 

Өз атасы, Халық қаһарманы, академик Мұқтар Әлиевті жақсы көрді. Әкесінің не істеп жүргенін бәлкім, түсіне қоймады... Анасына айта алмай кеткен сөздері де көп болған шығар...


Нағашы атасы мен әкесі баррикаданың екі жағында жүргенде сүйікті атасы, академик Мұқтар Әлиев қайтыс болды. Айсұлтан ағасы Нұрәлиді алдына салып алып (Айсұлтанның мінезі мен ой-пікірлерін білген соң мен енді осылай ойлап отырмын) атасын шығарып салуға келіп, басы-қасында жүрді... Атасының портретін құшақтап отырған Айсұлтанның суреті интернетте тарап кетті... Бұл кез Билеушінің алдында билеуге дайын жағымпаздары көп біздің елде он мыңдаған адамды операция үстелінен о дүниеге емес, бұл дүниеге қайтарып алған алтын қолды дәрігер, "Әлем азаматы" атанған тұңғыш қазақ, құдасы ел билемей тұрып-ақ Денсаулық министрі болған Мұқтар Әлиевтен "штаттағы" белгілі  жағымпаз да, жантық  “ақсақалдар” "Халық Қаһарманы" атағын қайтарып алуды сұрап, ашық хат жазып жүрген тұманды тұс еді. Сонда бұл хатқа қарсы Отырарлық ел ағалары "Баласы үшін әкесі жауап бермейді" деп, академик Мұқтар Әлиевтің барлық елге сіңірген еңбектерін көрсетіп жазған Ашық хатын ешбір газет баса алмай (баспай), тек біз "Қазақ үні" газетіне ғана жариялаған едік…

Атасының артынша, 42 күннен соң әкесі де кетті... Австрияға Венаға Айсұлтан мен Нұрәли барып, әкелерінің жаназасына қатысты. Рахат Әлиев Венадағы белгілі тұлғалар жатқан орталық зиратқа жерленді. 

Енді міне, бес жылдан соң әкесі мен атасының артынан Айсұлтанның өзі де аттанып барады... Алдын ала болжам бойынша өткен түнде Лондон қаласында қайтыс болған Елбасы жиенінің жүрегі тоқтап қалған... Елдегі ең бірінші шаңырақта байлық пен бақыт құшағында өскен Айсұлтан елдің шын жағдайы қандай болатынын білген жоқ. Ал білген кезде ештеңеден тыйым көрмеген ерке сұлтан еркін ой-пікірлерін әлеуметтік желіде қалауынша жариялай бастады... Бұл да Кеңестік тасқамалдан соң Тәуелсіздік "қорғанында" еркін тыныстай алмай жатқан ел үшін тосын болды...Ерке сұлтанның еркін ойлары ел үшін сондай тосын болғанда, хан ордасы мен отбасы үшін қандай болғанын ойлай беріңіздер... 

 Өткен жылы болуы керек, бір жазбасында Мәскеуде бірер ай "тұтқында" жатып, бар құжатынан айрылған Елбасы немересі ешкімге айтпай-ақ, өзі құжаттарын алуға астанадағы ХҚКО-ға (ЦОН) барып, шошып кеткенін айтады. Отыз жылдай уақыт болса да, біздің елде қарапайым адамға жәй құжат алудың өзі осындай масқара азап, осыншалық ұзақ екеніне ашынып, ашық жазды... 

 Тағы бір жазбасында Қазақстан мен Ресей арасында үлкен сыбайлас жемқорлық бар екенін жазды... 

Айсұлтан елімізде билікке таласу үшін астыртын әрекеттер жасалып жатқанын, олардың қарулы жасақтары тау ішінде жасырын дайындықтан өтіп жатқанын да жазды. Әрине, бұл сөздері сенімсіз көрінгендіктен, бұған ешкім көңіл аударып жатқан жоқ. Өзі құдандалы отбасы мүшелері әрекеттерінен жақсы таныс болғандықтан, мұнай мен газ нарығындағы шешімін таппаған мәселелерден үлкен дау-жанжал басталып кетуі мүмкін екенін тұспалдап айтқандай болды…

 Өз атасы отыз жылдан астам басқарып келе жатқан Қазақстанға сыймаған Айсұлтанның Ұлыбританиядан саяси баспана сұрағаны да белгілі... 

 Айсұлтанның "бұны шынымен осы жазды ма?" деп, ел сенбейтіндей, санаға сыйымсыз жазбалары да болғанын білеміз... Шынында да, оларды кім жазғаны әлі белгісіз...  

Айсұлтанның ел айрықша назар аударған алғашқы жазбасы: "Мен әкемнен ешуақыта бас тарпаймын" деп аталды. Қайталап тағы бір оқып көрейікші не дегенін... «Жақында менің көзіме қазақтың ұлы перзенттерінің бірі Бұқар жыраудың (Абылайханның кеңесшісі) дана сөзі түсті: Әкелі бала жаужүрек, Әкесіз бала сұм жүрек. Түрлі жағдайлардың тоғысуымен мен осы даналықты 10-желтоқсанда оқыдым. Бұл күні менің әкем, Рахат Әлиев өзінің 53-ші туған күнін атап өтуші еді. Бірақ, өкінішке қарай, Алла-тағала оның тағдырын басқаша шешіпті. Ол қарапайым адам емес-ті, бірақ өмірдің өзі де күрделі дүние ғой. Онда барлығының ақ не қара болуы мүмкін емес – барлық тамаша реңдіктер мен өзгешеліктерде. Мен оны өзіме жақсы тәрбие берген, өсірген, оқытқан жақсы әке және футболды, жалпы, спортты сүюді үйреткен адам ретінде әрқашан еске алып жүремін. Қандай жағдай болса да, мен өз әкемнің баласы ретінде әркез оған ризамын. Кейде мен ол туралы түрлі пікірлерді оқимын. Оны жақсы көрген, құрметтеген адамдармен қатар, әлі күнге дейін оны жек көретіндер де бар. Мен, Алла-тағаладан қорқатын адам ретінде, ешкімге баға бере алмаймын – өйткені ерте ме, кеш пе, барлығымыз Оның алдына барамыз, сол кезде әркім өзінің әділ бағасын алады. Біреуді ғайбаттау – ауыр күнә. Тіпті, Президентің өзі өткенді есіне түсіре отырып, менің әкемнің тағдырына қатысты шешімді қабылдаудың оңай болмағандығын айтады. Сондықтан мен нағашы атамның батылдығы мен берік рухының алдында басымды иемін. Менің өмірімде қара басымның қамы үшін әкемнен бас тартуға кеңес бергендер де болды. Мен оларды аянышпен еске аламын – өне бойында жан, жылулық жоқ, олар қалай өмір сүреді? Мен әкемнен бас тарпаймын, өйткені ешнәрсе және ешқашан оның анаммен бірге маған өмір сыйлаған әкем екенін өзгерте алмайды. Сондықтан мен қара басымның қамы, қандай да бір мақсат немесе мансап үшін одан бас тартпаймын. Адал өмір сүріп, өз дербестігіңді сақтай білгеннен артық мансап жоқ. 10-желтоқсанда мен әкемді жақсы оймен еске алдым. Дәл сол сәтте менің жүрегімде ешқандай өшпенділік, реніш болған жоқ – ыстық ықылас пен енді тек бақилық болғанда ғана кездесетінімізге деген сәл өкініш болды. Өмірден өткен адамдар туралы жаман айтуға болмайды — дегенді қандай дана адам айтқан деп ойлаймын. Бұл адамнан айуанға айналмаудың жақсы жолы. Қазір менің өз отбасым бар, Құдай қаласа, балаларым да болады. Мен өмір жолымның қандай болатынын білмеймін, бірақ өз ұлымның немесе ұлдарымның, еш нәрсеге қарамай, өзім сияқты, мені де осылай жадында сақтаса, деп армандаймын. Сол кезде мен оларға аспаннан қарап, дана бабам Бұқар жырау сияқты: Сендер батылсыңдар — мен сендерді мақтан тұтам, — деуші едім»-деп жазды ол осыдан бес жыл бұрын...

 Өзі осылай ақтарыла ашық жазғандай, Айсұлтан бауырымыз аспанға кетіп қалды... Хан ордасына басы сыймаған батыл Сұлтан бақилық әлемге тартып кетті... 

 Өмірден жас өткен Ай-Сұлтан бауырымызды Алла алдынан жарылқап, пейіште нұры шалқи берсін! Отбасы мен жалпы Әлиевтер мен Назарбаевтар әулетіне, туған-туыстарына көңіл айтамыз. 

  Қазыбек ИСА, "Қазақ үні"