ҰЛТТЫҚ НЕГІЗГЕ СҮЙЕНГЕН ДАМУ ЖАРҚЫН БОЛАШАҚҚА БАСТАЙДЫ!

0
838

«МҮМКІН ЕМЕСТІ МҮМКІН ЕТУ» – Жапония императоры не үшін елден кешірім сұрады?

Таяуда жаңадан ашылған ABAI TV арнасында ұлы Абай ұлағатынан бастап, руханият пен бүгінгі әлемді жайлаған індет жайлы сұқбат болды.

Белгілі әнші-сазгер, ақын Елена Әбдіхалықова жүргізген «Сарасөз» хабарындағы салмақты сарапқа құрылған сұқбат иесі – көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, Мемлекеттік хатшы Қырымбек Көшербаев.

Қырымбек Елеуұлының  қиуын тауып, қияға сермеп, тереңнен тербеп айтқан мәнді әңгімесі елді ерекше өзгерістер кезеңі күтіп тұрғанын ұқтырды.

-Ғаламды жайлаған  қатерлі індет дүниежүзіне үлкен сынақ болып тұр. Пандемиялық және экономикалық- әлеуметтік дағдарыстан кейін бізді үлкен өзгерістер күтуде. Ал біз соған дайынбыз ба?-дейді Мемлекеттік хатшы.

Иә, біз оған рухани құндылықтарымызға сүйеніп жете аламыз. Ол үшін Рухани жаңғырудың жаңа тынысы ашылуы керек -дейді Қырымбек Елеуұлы. Жаңа заманға сай жаңа рухани жобалар қажет. Зиялы қауым өкілдері билікпен бірлесіп рухани жобаларды жасауға кірісуі тиіс.

Дағдымыздан айырған дағдарыстан кейін жаңа мүмкіндіктер мен жаңа жетістіктер басталады деп қарауымыз керек. Ол қалай болмақ?

Бұл тұрғыда ғасырлар тереңіне сүңгіп, тарихтың қалың парақтарын ақтарған Қырекең Жапонияға тоқталады.
1945 жылы соғыстан күйрей жеңілген Жапонияның 124-інші императоры Хирохито ел алдында сөз сөйлейді. Жапондар дәстүрі бойынша императордың сөзін тізерлеп тұрып тыңдайды екен. Бұл жолы император халыққа түрегеп тұрып тыңдауды сұрайды да, екінші дүниежүзілік соғыста жеңілгендері үшін өзі тізерлеп тұрып, халықтан кешірім сұрайды. КСРО, АҚШ, Ұлыбритания, Қытай мемлекеттері алдында орасан зор өтемақы төлейтін капитулияцияға қол қойғанын айтқан патша бұл қиындықтан да шығуымыз керек дейді. Өздері күйрей жеңілген ел қиындықтан қалай шықпақ?!. «МҮМКІН ЕМЕСТІ МҮМКІН ЕТУ» арқылы шығамыз» дейді император сөзін ұйып тыңдап тұрған халыққа. Ол үшін алдымен адам капиталын дамытуды қолға алады.
Императордың арманы орындалып, Жапония қазір әлемдегі жоғары технологиясы дамыған экономикасы мықты бес елдің ішіне кіреді. Олар бұндай биік деңгейге ұлттық дәстүрі мен рухани құндылықтарын сақтай отырып, жаңа технологиялық жетістіктер жасау арқылы жетті.

Ал біз қалай дамитын боламыз?
-Осыдан жүз жыл бұрын да Алаш арысы, ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлы елдің дамуы үшін Жапонияныны үлгі етіп еді. Жапонияның жарқын жолы -ұлттық дәстүрлерді сақтай отырып, заманауи ғылыми технологиялық даму биігіне шығу.
Бүгін де біз ұлттық құндылықтарымыздан ажырап қалмай, сақтай отырып, жаңа технологиялық даму жолына түсуіміз керек.
Ұлттық рухани құндылықтарымызға сүйеніп,
«Дәстүрдің озығы бар, тозығы бар» дегендей, озығын пайдаланып, тозығынан арылуымыз керек,-дейді Қырекең.

Мемлекеттік хатшы осындай қатерлі індет қаупіне, қатал карантинге де қарамай той-жиынға барғандардың 70 пайызы ауру жұқтырғанын және олардың біразы қайтыс болып кеткендерін де мысал етіп келтіріп, сабақ алар жәйт ретінде атады.
Иә,шынында да, «Қанымызға сіңген көптеген дағдылар мен таптаурын болған қасаң қағидаларды өзгерт­пейінше, біздің толыққанды жаңғы­руымыз мүмкін емес.»

Қай кезде де дамудың негізгі ұстыны бәсекеге қабілетті қоғамдағы толыққанды адам екені анық. Ал толық адам ілімі Абайдан бастау алады.

Биылдан бастап жылда мемлекеттік мереке ретінде аталып өтетін Абайдың туған күні – рухани дамуымызды талғап, таразылайтын күн болады.

Абайдың 175 жылдығы, Әбунасыр Әл Фарабидің 1150 жылдығы, Алтын Орданың 750 жылдығы, биыл 2020 жылдың ТМД бойынша мәдени астанасы болып отырған Шымкент қаласының 2200 жылдығы өз деңгейінде өтеді.
-Қазақстан Президенті Қ.Тоқаев атап айтқандай, тойлау үшін емес, ойлау үшін өткізуіміз керек. Ең алдымен маңызына мән берудеміз-дейді мемлекеттік хатшы. Абайдың шығармалары әлемнің 10 тіліне аударылуда. «Абайтану тарихы» оқулығы мен хрестоматиясы оқылатын болады. Еуразия ұлттық университетінде «Абай академиясы» ғылыми-зерттеу институты ашылып жатыр. ЮНЕСКО көлемінде көптеген жұмыстар жасалуда.

Әлемге әйгілі тұлғалардың мерейтойын тойлау, ұлыларымызды ұлықтау ұлт рухын көтеретіні белгілі. Егер ол тұлға сонымен бірге мәдениетіміздің де әлемдік өркениеттік әдеби-мәдени жетістігін айқындап жатса, ол тіпті жақсы. «Алпамыс батыр» жырының 1000 жылдығын ЮНЕСКО бойынша тойлауда туыс халықтар алдымызды орап кетті. Ал былтыр 2019 жылы астанамызда өткен Азиялық жазушылардың тұңғыш форумында Әзірбайжанның әйгілі жазушысы Анар Рза қырғыздардың Манастың 1000 жылдығын тойлаған тойында Әзірбайжан Президенті Гейдар Алиевтің бүкіл түркіге ортақ әулие, абыз, қобыз атасы Қорқыт бабаның 1300 жылдығын өткізу туралы ұсыныс айтқанын жеткізді. Мен бұл мәселені былтыр ҚР Президенті жанындағы Ұлттық кеңестің алғашқы отырысындағы баяндамамда көтерген едім. Өйткені Қорқыт бабаның мазары Қазақ жерінде, Сыр бойында, Қызылорда облысында жатқанын, ол жерде қазір «Қорқыт баба» атты сәулеттік-мемориалдық кешен бар екенін ойласақ, Қорқыт бабаның мерейтойын алдымен Қазақ Елі атап өтуі керек екені көзге ұрып, көңілде сайрап тұр емес пе?

Қорқыт бабаны айтқанда, Қырымбек Көшербаевтың әкесі, бес ауданды басқарған белгілі қайраткер Елеу Көшербаевтың есімі де алдымен еске түседі. Сұқбат алушы Елена ақын бұл сәтті қалт жіберген жоқ.

Иә, былтыр президент сайлауында «Ақ жол» партиясы Қызылорда облысында болғанымызда Қармақшы ауданындағы Қорқыт баба кешеніне арнайы ат басын бұрған едік. Кешегі қылышынан қан тамған қаһарлы Кеңес империясы кезеңінде, атеистік қоғам аттандап тұрғанда, Қорқыт бабаның ескерткішін салу ерлік екені анық. Ал бұл ерлікті жасаған діни құндылықтарға атымен қас атеист коммунистердің аудандық комитетінің жетекшісі болса, тіпті маңызы арта түседі. Қармақшы аудандық коммунистік партиясының бірінші хатшысы Елеу Көшербаевтың ісі сол үшін Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің бюросында қаралып, республика басшысы Дінмұхаммед Қонаевтың араласуы арқасында қатаң сөгіспен аман қалған болатын.
Қызылорда облысын басқарғанда әке аманатын арқалаған Қырымбек Көшербаев Қорқыт баба басына аумағы атшаптырым керемет сәулет-мемориалдық кешен тұрғызды. Ол кешен қазір алыс-жақыннан арнайы іздеп келушілері көп тарихи- мәдени, рухани ордаға айналып отыр. Ұлы даладағы киелі Сыр бойында тұрғызылған  Қобыз бейнелі сәулетті ескерткіштен бағзы заман сырын шерткен баба Қорқыт үні естілгендей, жел соққанда күңіреніп тұрады…

Ал бүкіл Түркі халқының абыз атасы Қорқыт бабаның ескерткіш кешені Қазақстанда болғаны қазақтар үшін зор мәртебе. Тұтас Тұранға тұтқа болған Рухани қымбат мирасты сақтап қалып, ел игілігі үшін қиын заманда басын бәйгеге тіккен Елеу атамыздың пейіште нұры шалқи берсін.

Мемлекеттік хатшы отбасы құндылығына да арнайы тоқталып, жастар тәрбиесінің маңыздылығын баса айтты.
Өйткені, «Отан – отбасыдан басталады.» Ата-ананы құрметтеу туралы әңгімесіне Индонезиядағы «Ана күнін»мысал етті. Мектеп оқушыларын асыл аналарының аяғын жуып, құрмет көрсетіп, перзенттік парызға адалдыққа тәрбиелеуге үйретеді екен. Мұқаммед пайғамбарымыздың (оған Алланың рахымы мен сәлемі болсын) «Жұмақ -ананың аяғының астында» деген ұлылық ұлағатының жарқын нәтижесі – Индонезияда Қарттар үйі жоқ.

Көрнекті ғалым, абайтанушы Мекемтас Мырзахметовтың Зұлмат замандағы ашаршылықта басынан өткерген ауыр оқиға да әсерлі әңгімеге айналды. Ұрпақ жалғастығын үзіп алмай, сақтап қалу үшін жұрегін жұлып тастап кеткендей, үш жасар қызын соңдарынан қалмай қойған қасқырға қалдырып, өзін де құрбан етуге дайын болып, бес жасар ұлды аман алып қалған қасіретті ана ерлігінде қасиетті Ана бейнесі асқақтап тұрғанын айшықты тілмен айқын жеткізе білді.

Сұқбатта ұлттық мүддені қорғау, мемлекеттік тілдің мәртебесін арттыру, демографиялық өсім мәселелерді де қисынын тауып, қиыстыра баяндалды.

Мемлекеттік хатшының аузынан бүкіл қазақтың күтіп жүрген сүйінші сұрар сүйінішті ақжолтай мәліметі те айтылып қалды. Қазақстан халқы биыл 19 миллионға жетіп, Мемлекет құраушы Қазақ ұлтының саны жыл аяғына дейін құдай қаласа 78 пайызға жетпек! Тәуелсіздік алған кезде еліміздегі қазақтар саны 39 пайыз ғана екенін ескерсек, енді ұлтымыздың саны екі есе өскен кезде, өзге ұлттар екі есе кеміген шақта Мемлекеттік тіл туралы заңымыз да 78 пайызға лайықты болып қабылдануы кезек күттірмес өзекті мәселе болып тұр.
Яғни, 2021 жылы Тәуелсіздіктің 30 жылдық мерекесін 80 пайыздан астам өсіммен қарсы алатын қуанышты күн де есік қағып тұр.

Сұхбаттан білгеніміз, биыл өткен ғасырдағы зобалаң мен зұлматта саяси репрессияға ұшырағандарды реабилитациялау туралы құрылған мемлекеттік комиссия қыркүйек айында өз жұмысын бастайды.

Дауылдан кейін мамыражай тыныштық орнайтыны секілді дағдарыстан кейін даму басталады.
Өркениеттің жаңа талаптарына сәйкес өркендеп, рухани байып, бәсекеге қабілетті бола білсек, қазақтың болашағы жарқын болады!
Ең бастысы – Тәуелсіздікті берік сақтай білу! Ұлт идеологиясының негізгі өзегі осы болуы керек! – деп қорытты сөзін Мемлекеттік хатшы Қырымбек Көшербаев.

Иә, қазіргі таңдағы ел еңсесін көтеретін ең басты саясат – ҰЛТ РУХЫН КӨТЕРЕТІН ҰЛТТЫҚ ИДЕОЛОГИЯ!

Тәрбиесі зор тәмсілдерді тәлімді етіп тәспірлей білу үшін де тамыры тереңнен тартқан тектілік пен көкірегі көмбе, көкжиегі кең білімдарлық керек екені белгілі. Ел Тәуелсіздігін бекемдеуде кең құлашты идеологиялық қарымы мен іскерлік дарыны қос қанаттай қияларға самғатқан, руханиятқа қамқор рухы биік қайраткер ұлттық мәдениет пен дәстүріміздің құндылығына салмақты сараптау жасады.

Абайдың қарасөзінен нәр алып, Абай арнасының «Сарасөзіне» айналған хабарда тереңнен толғайтын сыры да көп, қиядан шалатын қыры да көп Қырымбек Көшербаев секілді саңлақ саясаткердің сарасөзі елеңдеп отырған елдің көңілін демдеп, ертеңге деген сенімін нығайта білген тағылымды да, тартымды сүбелі сұхбат болды.

Иә , Абайдың асыл жырын, Қорқыттың қобызының үнін тыңдап өскен ұрпақ жаңа технологиялық заман талаптарына да жауап бере алатыны анық!

ҰЛТТЫҚ НЕГІЗГЕ СҮЙЕНГЕН ДАМУ ЖАРҚЫН БОЛАШАҚҚА БАСТАЙДЫ!

Ал «МҮМКІН ЕМЕСТІ МҮМКІН ЕТУ» біздің әрқайсымыздан, өзімізден басталады.

Қазыбек ИСА

«Қазақ үні»

Пікір жазу

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз