ҚОҒАМДАҒЫ АДАМ ФАКТОРЫ МЕМЛЕКЕТТІК САЯСИ ҰСТАНЫМНЫҢ БАСТЫ БУЫНЫ

Еліміздің экономикалық-мәдени, саяси-рухани даму бағдары қоғамдық өмірдің барлық саласын қамтуға бет бұрған. Осыған орай өркениетті даму бағытымызды мынадай сатыларға бөліп ұсына аламыз. Бастапқы тәуелсіздік алған жылдары тұралап қалған экономиканы оңалтуға аса мән берілді: инвестиция тарту, ауыл шаруашылығын жекешелендіріп, азық-түлік өндірісінің дамытуды жолға қою. Одан соң саяси өмірді жақсарту: халықаралық саясаттағы беделді нығайту, бейбітшілік сүйгіштік ұстынымызды әлемге паш ету, мәселен, атом қаруынан бас тарту т.б.

Сондай-ақ, мәдениет саласындағы жетістіктерімізді, құндылықтарымызды қайта жаңғырту, «мәдени мұра» жылын жариялау, рухани жаңғыру, шынайы тарихты жасау т.б. Ал қоғамның әлеуметтік жақтарын нығайта түсу туралы да бірнеше реформалар мен бағдарламалар мемлекеттік деңгейде қабылданды. Ауыл жылы, Жастар жылы арнайы атап өтіліп, халықтың материалдық жағдайын жақсарту мақсатында әлеуметтік қорғау жұмыстары жандана бастады. Бұл адам факторымен тікелей байланысты болып келеді.

Бүгінгі таңда бұндай шаралардың барлығы қатар жүргізіліп келеді. Халқымыздың тарихындағы «қоғамдағы адам» мәселесіне шолу жасасақ, адам құндылығының айшықты көріністеріне кезігеміз. Мәселен, орта ғасырдағы әл-Фараби бабамыз өзінің «Қайырымды қала тұрғындарының көзқарастары», «Бақытқа жету жайында» т.б. шығармаларында осы адам факторын басты орынға шығарады және өзінің игілікті қоғам туралы жаңа форматтарын ұсынады. А. Яссауидің «Кемел адам» түсінігі, жыраулар поэзиясындағы адам құндылығы мен олардың «Жақсы әйел» - «Жаман әйел» сияқты ажыратулары, Абайдың «Адам бол» және еңбек идеясы, Н. Манаевтың «Көркем мінезді адам» бейнесі т.б. барлығы ұлттық таными-түсінігіміздегі адам факторының маңызды екендігін және бұндай идеялардың сабақтастығын айқындап береді.

Өйткені, ұрпақ жалғастығы да адам ресурсының сапасы арқылы сол халықтың өркендей түсуінің басты шарттарының бірі болып табылады. Ол адам санын көбейтетін маңызды өмірмәнділік демографиялық құндылық болып есептелген, шынтуайтына келгенде қазір де солай. Бірақ қазақ даласында да сан мен сапа мәселесі үнемі назардан тыс қалмаған.

Қазір «Білекті бірді, білімді мыңды жығады» деген халық мәтелінің заманы келіп жетті. Дені сау ұлт идеясы да тұлғаның, адам капиталының, алдымен, кемелденген болуын талап етеді. Қоғамдағы әрбір адамның жетілуі мәселесі қазіргі таңда да жеке бастық мүдде емес, мемлекеттік мүддеге дейін көтеріліп келеді.

Бұл ұстанымды назардан тыс қалдырмаған Қ. Тоқаев өзінің былтырғы жылғы халыққа арналған жолдауында да іргелі мәселелерді көтере келіп, оны шешу үшін нақты талап етіп отырылған атқарылуы тиіс іс-шаралар жиынтығын үкіметке міндеттеген еді.

Ол жеке адам мен қоғам мәселесін бөліп қарастырмайды. Шындығында да, әлеуметтік қорғау, білімде ел, ұрпақтар сабақтастығы деген сияқты ұғымдар мен ұстанымдар «қоғамдағы адам» деген тіркеске келіп ойысады.

Жоғарыда айтылғандай, бабамыздың «Қайырымды қала тұрғындарының көзқарастары» атты еңбегінің атауының өзі осыны көрсетіп беріп тұр. Сондықтан Президент жолдауында «Қоғамдық келісімді нығайтуды» жолға қойып, отанымызда ұйысып өмір сүріп отырған әрбір ұлттардың мүддесі мен мақсаттарын, құндылықтарын, мәдениеті мен дінін құрметтеп, «Қазақ халқының мемлекет құраушы ұлт ретіндегі рөлін бекемдеп, этносаралық татулық пен дінаралық түсіністікті қалыптастыру» саясатын да айрықша атап өтеді.

Бұндай жергілікті халықтың өзіндік ерекшеліктері мен мәртебесін сақтап, рухын асқақтатып, еліміздегі атқарылған игі бастамаларды одан әрі жандандыра түсу мақсатын қояды. Мәселен, ол өзінің жолдауында «Қазақ тілінің мемлекеттік тіл ретіндегі рөлі күшейіп, ұлтаралық қатынас тіліне айналатын кезеңі келеді деп есептеймін,-деп тіл тартысы жөніндегі мәселенің түйінін айтқан еді.

Биылғы жылы әл-Фарабидің 1150 жылдық, Абай Құнанбайұлының 175 жылдық мерейтойларын атап өтіп отырғанымызды айта келе, бірақ қазіргі таңда аса ысырапшылдыққа да жол беруге болмайтындығын соңғы кездері жиі еске салып отырады.

Ол интеллектуалды ұлт саясатына қашанда қолдау білдіретіндігін көрсетіп, «Білім беру сапасын жақсарту» барысында мамандар даярлаудың отандық жүйесі нақты еңбек нарығынан тыс қалмау қажеттігін, жоғары оқу орындарына түсе алмайтындардың саны жыл сайын 21 мыңдай екендігін ескерте кетеді. Ауыл мен қала мектептерінің де білім сапасының алшақтығын көрсетеді.

«Білім беру сапасын жақсарту да маңызды екендігін, дарынды ауыл жастарын іріктеп, отандық және шетелдік жоғары оқу орындарына дайындау керек» деген байламы да қоғамымыздағы адам капиталының сапасын арттырудың перспективті бағдарлары екендігі күмәнсіз. Өйткені, жастар болашақтағы мемлекетіміздің жан-жақты дамыған толыққанды тұлғаларына айналу тиіс.

Әрине, бұндай мәселелерді жүзеге асырудың күрделі қырлары да бар. Бұл біріншіден, шет елдерде білім алған жастардың кезінде сол мемлекетте қалып қоюы немесе соған тырысуы. Екіншіден, «білікті ғалымдардың шет елге кетуі» және оның алдын алу шараларын іске асыру мәселесі. Үшіншіден, биылғы көктем айларынан бастау алған карантин жүйесіне байланысты қашықтықтан оқыту форматы. Соңғы айларда осы формат оқушылар мен студенттерге дұрыс білім бермейтіндігі туралы сындар жиі айтылып келеді.

Әрине, он-лайнда оқыту тек біздің мемлекетіміздің ғана таңдап алған болашағы немесе бізге ғана тиеселі тағдыр емес, бүкіл әлемнің түгелдей дерлік елдерінің білім беру жүйесі дәстүрлі оқыту түрінен амалсыздан алмастырылған формат. Шындығында да, адам денсаулығы мен өмірі сақталмайтын болса, білім алудың мағынасы да жоқ.

Осыған қарамастан, кейбір ата-аналар қашықтықтан оқыту жүйесіне қарсы болып отыр. Егер де, шындығында да, білім сапасы төмендейтін болса, онда он-лайн түрінде білім берудің жаңаша форматтарын жедел арада ұсынып, оны қолданудың тиімді жолдарын көрсетуіміз керек.

Карантин талаптары да еліміздегі жұмыссыздар санын ойламаған жерден көбейтіп келеді және оның зардаптары экономикамыздың дағдарысқа ұшырау мүмкіндігін ұлғайтып, халықтың әл-ауқатын төмендетіп отыр. Бұл тұста да кейбір жұмыс берушілерге тиімді болатын он-лайн түріне де ауысуымыз қажет сияқты. Мәселен, интернет-дүкендердің жұмыс жасауының өркениетті елдерде өзіндік тәжірибесі бар немесе кейбір мекемелердегі дәрігерлердің көмегінің де қашықтықтан берілуін атап өтуімізге болады. Халыққа қызмет көрсету орындары (ЦОН) карантинге дейін де осы он-лайн түрінде жұмыс жасап келсе, тіл үйрену, электронды кітапхана т.б. бұндай үлгіде бұрыннан-ақ құрылып үлгерді, ал тұтынушы халықтың біршама бөлігі оларды тиімді деп санайды.

Аймбетова Ұлбосын,

Философия ғылымдарының докторы PhD

Қазақ ұлттық хореография академиясының кітапхана меңгерушісі