БАР ҚАЗАҚ ҮНІ БОЛҒАН ГАЗЕТІМІЗГЕ ЖИЫРМА ЖЫЛ!

0
496

Газетіміздің туған күнін Абай күнімен бастап, «Қазақ үні» күнімен жалғастырамыз

Бүгін 11 тамызда «Қазақ үні» газетінің жарық көргеніне 20 жыл толды!

Атына сай бар қазақ үніне айналып отырған «Қазақ үні» газетінің алғашқы санында Алаштың игі жақсылары ақ тілегін айтып, құттықтаған еді. Халық Қаһарманы Қасым Қайсенов, қазақтың тарлан ақындары Қадыр, Тұманбай, заңғар заңгер Салық Зиманов, айтулы академик Өмірзақ Айтбайұлы т.б біртуар тұлғалардың Ақ батасын алып, Ақ жолымызды бастадық.

Газет ешуақытта ұлт мүддесіне келгенде үндемей қалған жоқ.
Қалың оқырманның үлкен үміті ақталып, «Қазақ үні» газеті бар қазақтың жырын жырлап, мүңын мұңдады.
Басын бәйгеге тігіп, ханның да, қараның да көңіліне қарамай, халықтың сөзін сөйлеп келе жатыр. Сондықтан да, небір олигархтар мен қалталы топтардың, белгілі партиялар мен үлкен ұйымдардың басылымдары кешегі қиын-қыстауда жабылып жатса да, тек өз еңбектері мен ұлттық намыстарына сенген, санаулы ғана жалынды журналистерден құралған, жаяу жүріп аттыдан озған «Қазақ үні» газетіміз жаралы болып жатқан күндерде де, майдан даласын тастап кеткен жоқ.

“Қазақ үні” газеті алғаш «Жас қазақ үні» деген атпен 2000 жылы 11 тамызда 15 мың данамен жарық көрді.
Басында газет «Жас қазақ» деген атпен тіркелмек болып, ЖШС аты «Жас қазақ» тәуелсіз газеті редакциясы» деген атпен тіркелген еді. Бірақ газетті бұл атпен сол кездегі Ақпарат министрі тіркеуден бас тартқан соң, үш айлық айтыс-тартыстан соң, газет «Жас қазақ үні» болып тіркелді. «Жас қазақ үні» біраз уақыт ел ішінде «Жас қазақ» деген атпен де белгілі болды.

2000 жылы «Қазақ үні» газетін алғашқы аты «Жас қазақ» болып тұрғанда тіркеу қарсылығына ұшырап, кейін «Жас Қазақ үні» деп ауыстырсақ та, сол кездегі министріміз тіркемей қойды. Мен сол кезде ол кісіні сынап, сол кездегі Мемлекеттік хатшы Әбіш Кекілбайдың атына мақала жазған болатынмын. Шынында да, «ақ дегені алғыс, қара дегені қарғыс» болып, аты дүрілдеп тұрған айбынды Ақпарат министрін сынаған мақаланы басып ел өле алмай жүр дейсіз бе, ешкім баспай қойды. Сонда қазақтың көрнекті ақыны Мейірхан Ақдәулетұлы басқаратын, Ақтөбеде шығып, Алтын Орданы сұрап тұрған «Алтын Орда» газеті бірден басты да жіберді… Үш ай тіркеле алмай жүрген «Қазақ үні» газеті 2000 жылы 1 тамызда тіркеліп кетті. 11 тамыз күні алғашқы санымыз жарқ ете қалды! Кейін ол мақаламды интернет басылым дегеннің елесі енді келіп жатқан, «Навигатор» деген орыстілді сайт та басты.

Газетіміз негізі белгілі қаламгер Ырым Кененбай басқаратын «Алматы -Болашақ» типографиясынан тура 10 тамызда – қазақтың бас ақыны, данышпан Абайдың туған күні шықты. Біз бірақ «Ұлы Абайдың туған күнімен қабаттаспай-ақ қояйық» деп, газет датасына 11 тамызды жаздық. Яғни жылда газетіміздің туған күнін Абай күнімен бастап, «Қазақ үні» күнімен жалғастырамыз.

«Қазақ үні» газеті республикаға белгілі қоғамдық-саяси ұлттық басылым. Өткірлігі мен әділдігі және көбінесе біржақты басылымдар арасында билікті де, оппозицияны да ашық та, батыл сынайтынымен ерекшеленеді. Ең басты мақсаты – Ұлт мүддесінің ұпайын түгендеу.
Негізгі тақырыбы – мемлекет пен ұлт мүддесін қорғау.

2004 жылы Парламент депутаттары Мемлекеттік тілге қарсы шыққанда, дауыс беру стенограммасын жариялап жіберген «Мемлекеттік тілді табанға таптаған парламент таратылсын!» атты
сең қозғаған сенсациялық мақаламыз елімізді дүр сілкіндірді. Зиялы қауымның Сенат пен Мәжіліске Ашық хат жолдауына себепші болды. Оны көптеген баспасөз құралдары қатты қолдап кеткені белгілі. Еліміздің бас газеті «Егемен Қазақтанда» біртуар қайраткер Шерхан Мұртаза: «Кімнің кім екенін білгің келсе, тек «Жас қазақ үні» газетін ғана оқып, біле аласыздар» десе, «Қазақ әдебиеті» газеті: «Жас қазақ үні» бір мақаласымен-ақ ұйқыдағы жұртты оятты» деп жазды.

«Егер Қа­зыбек Исаның елді дүр сілкіндірген жақсы мағынасын­да­-
ғы ұлтшылдығы болмаса, мүм­кін бұл қазақ тіліне қарсы дауыс беру ақпараты Парламент құпиясы болып қалар ма еді? Осылай «Жас Қазақ үні» талай көкірегі соқыр ұйқы­сы­рап кеткен депутаттарды шо­шындырып қана қоймай, жал­пы қазақ қауымына ой салды. Шалажансар Парламент ұлты­мыздың, тілінің әлсіздігін, қа­зақтардың өздерінің ұлтына деген қырсыздығының айна­сы болды.
Айта кетейін, осыдан кейін парламенттің инженерлік орталығына енді қай мәселе болсын, депутаттардың қалай дауыс бергені туралы ақпарат беруге жоғарыдан үзілді-ке­сілді тыйым салынды» деп жазды сол кездегі Мәжіліс депутаты, аталмыш заң жобасына түзетудің авторы, көрнекті қоғам қайраткері Амангелді Айталы ағамыз.

2009 жылы қазақ туралы бір ауыз сөзі жоқ «Ел бірлігі» доктринасы шыққанда «ел бірлігін бұзатын» ертісбаевтардың «ертегісіне» қарсылық танытып, аштық жариялаған Мұхтар Шаханов бастаған ұлт патриоттарының басында «Қазақ үні» газеті ұжымының жартысынын астам, басшысынан бастап, 4 журналисі болды.

Ал 2011 жылғы бүкіл елді дүр сілкіндірген мемлекеттік тіл Атазаңға сай болуы үшін Консититуциядан орыс тілі туралы 7-баптың 2-тармағын алып тастау жайлы әйгілі «138-дің хаты» кезінде газетіміз авангард рөлін атқарып, мыңдаған қол жинауды ұйымдастырып, жариялады…

2013 жылдан бастап ұлт мүддесін қорғауда алдыңғы қатардан көрініп келе жатқан «Жас қазақ үні» газеті ұлт зиялылары мен қалың оқырман талап еткендей бар қазақ үніне айналып, «Қазақ үні» газеті болды.

Бүгінде ұлт мәселесі талқыға түскенде «осы газет не дейді» деп үміт ететін санаулы ғана басылымдардың басында «Қазақ үні» газеті тұрғанын ел жақсы біледі.

Бір басылымға берген сұқбатымда айтып едім, үнемі руханиятқа демеу болып жүретін Иманғали Тасмағамбетов бас қаланың әкімі кезінде бас редакторларды жинағанда белгілі қаламгер, «Егемен Қазақстан» газетінің сол кездегі президенті Сауытбек Әбдірахманов «ҚазМұнайГаз» секілді қаржы алпауытында істеп жүріп, «Айқарма» атты газет ашқан танымал журналист Шархан Қазығұлға «Тарихта ең тез ашылып, тез жабылып қалған газеттің редакторы» деп қалжыңдады. «Ой, газеті құрсын, өте қиын екен, қаржы жетпейді» деген Шәкеңнің кенет маған көзі түсіп кетіп, «Осы Қазыбекке таңым бар, қалай газет шығарып, қалай шыдап келеді» деген еді. Мен жай ғана: «Қазақ үні» жабылудан кеткен газет қой, құдайға шүкір. Өйткені оны қазір бар қазақ іздеп оқиды» деп жауап бердім.

Әрине, «Қазақ үні» газетінің бар қазақ үні болып келе жатқанында ұлтым деген қарымды қайраткерлер мен саңлақ саясаткерлердің де, апта сайын алаңдап күтіп отыратын жалпы оқырман қауымның да еңбегі зор…

Қазір «Қазақ үні» – атына сай бар қазақ үніне айналды.

Ал жаңа заман талабына сай 2009 жылдың екінші жартысында шыға бастаған, бүгінде алдыңғы қатарда келе жатқан ұлттық порталымыз басынан Qazaquni.kz деп аталады. Сайтымыз 2017 жылы республикалық байқауда жеңімпаз болып, «Қазақстандағы ең үздік сайт» атанды.
Тәулігіне 24 сағат жұмыс істейтін сайыпқыран сайтымыз ұлт мүддесін қорғауда қырағылығын күннен күнге күшейтіп келеді. Қазақ тілін қолдап бір жарым айда 122 мың қол жиналуы – Қазақ тарихында бұрын-соңды болмаған рекорд екенін бүгінгідей мерекелі күнде айта кетуге тиіспіз.

Иә, 1913 жылы жарық көрген қазақтың алғашқы басылымдарының бірі, ұлттың үні болған «Қазақ» газетінен 87 жылдан кейін дүниеге келген, бүгінде қалың Қазақтың үніне айналған «Қазақ үні газетіне де 20 жыл толып отыр, құдайға шүкір.

Осыдан жиырма жыл бұрын 2000 жылы 11 тамызда руханият әлеміне қадам басып, ақпарат аламанына ат қосқан «Қазақ үнін» қарсы алыңыздар, қадірменді оқырман қауым, Қалың Қазақ, Алты Алаш елі!

Қазыбек Иса. ҰЛТТЫҚ КЕҢЕС – ҰЛТТЫҢ ҮНІ БОЛУЫ ТИІС! | Qazaquni.kz ...

Қазыбек ИСА,

«Қазақ үні» ЖШС Президенті, Редакторлар кеңесі төрағасы

Пікір жазу

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз