Желтоқсандағы Сейдахметтің біз білетін ерлігі

1985 жылдың аяғында «Алатау» телеарнасынан қызметтен кетіп, республикалық жастар баспасы «Жалынға» жұмысқа орналасып, еңбек ете бастаған кезім. 1986 жылы жаз айында, біздің баспаға бұрын «Лениншіл жас» газетінде бас редактор болған, Сейдахмет Бердіқұлов директор болып келді. Осы жылы 16-желтоқсанда күтпеген жерден қазақстандық билік ауысып, елімізді ұзақ жыл басқарған Дінмұхамед Қонаев орнынан алынып, Мәскеу ешкімге белгісіз, Геннадий Васильевич Колбин дегенді басшы етіп, тағайындап та қойғанын, «Жалын» баспасының адамдары, біздер, сол күні кеш естіп, қатты күйзелген едік. Иә, Сейдахмет ағаның онсыз да қараторы жүзінің (жұрт ол кісіні сыртынан - «Қарамаржан» деп атайтын) қап-қара болып, түтігіп, түнеріп кеткенін, сол күні өз көзіммен көрген едім. Ертесінде, Ерлан Сатыпалдиев, Төрегелді Тұяқбаев, Байбота Серікбаев, Сүлеймен Мәметов, Әбубәкір Қайранов, мен және т.б. баспаның бір топ азаматтары, сол кездегі Л.И.Брежнев атындағы Жаңа алаңға барып, түн ортасына дейін сонда болып, жетпіс жыл жер-көкке сыйдырмай, өзіміз мақтан етіп келген, әлгі советтік қызыл жауынгерлердің қолынан қазақ жастарының қалай сойылға жығылғанын, қалай қасқыр иттерге таланғанын қалай қазақ қыздарын әлгілердің шашынан сүйреп, өлімші етіп сабағанын өз көздерімізбен көріп, 18-желтоқсан күні тәңертең жұмыс орнымызға қан жылап жеткен едік. Келсек, сол кездегі баспа директорының орынбасары Юрий Тарасов дегеннің ерекше белсеніп, бәрімізді шұғыл түрде баспа директоры Сейдахмет Бердіқұловтың бөлмесіне жиып, кешегі алаңға барғанымызды «барып тұрған ұлтшылдық» деп, ол аузына келгенін айтқан болатын. «Ит жоқта, қораға шошқа үреді» демекші, баспа директоры Сейдахмет Бердіқұловтың өз орнында отырғанына да қарамастан, ана «ұлы халықтың» өкілі өз бетінше жазалау жұмысын бастап та кеткен еді. Баспамыздағы Гүлзада (кешірім өтінемін, тегін ұмытып қалыппын) сияқты орысша білім алған бір топ қазақ қыздарының, кеше ғана алаңда болған қырғынды айыптап, қорықпай, қатты-қатты сөз айтқандары – тура бүгінгідей, анық, айқын, көз алдымда қалып қойыпты. Ана Ю.Тарасов дегеннің осы қазір-ақ, қол-аяғымызға кісен салдырып, бірден айдатып жіберуден, манадан бері ішінен қан жұтып, әзер шыдап отырған, баспа директоры Сейдахмет Бердіқұловтың бір ауыз сөзі құтқарып қалған еді. Ол кісі: – Тарасов, жетеді енді! Бұл жастар ешкімнің де әкесін өлтірген жоқ! Директор сен емес, мына менмін, – деп, ананы бірден орнына қойған. Секеңнің қолдауына ие болған біздер сол күні, яғни 1986 жылдың 18-желтоқсанында түске таман, Жаңа алаңға тағы барған едік. Сол арада бір жап-жас қазақ қызының басын қызыл граниттің қырына бір соққан қызыл әскерлердің адам айтқысыз жауыздығын «Зобалаң» атты дастанымда жазып, 1989 жылы сол кездегі «Азаттық» радиосының Қазақстандағы тұңғыш тілшісі әрі бюро жетекшісі Қиял Сабдалиннің ақылымен, Алманияның Мүнхен қаласындағы «Азаттық» радиосынан бір сағаттық радиоинсценировка жасатып, бүкіл әлем толқынын шарлағаны да осы Сейдахмет Бердіқұловтың арқасы дер едім. 1986 жылдың 17-18 желтоқсанында түнде Алматы қалалық партактивінің төтенше басқосуы болады. Оған ана дәулердің бәрі қатысты. Сейдахмет Бердіқұлов мән-жайды өзінше баяндамақ болғанда: «Сен қойшы осы, Сейдахмет!», – деп қалалық Партия комитетінің жетекшісі жекіп қалған, аты-жөні ұмытпасам Шулико. – Сұқ саусағыңды шошайтпа! Осы сұқ саусағыңды шошаңдатам деп, осы жағдайға жеткіздің, – деген тарихи сөзін сонда айтты Секең. Мәскеуліктер мұндай батырлықты күтпесе керек. Аудандық Комсомол комитетінің сол уақыттағы жетекшісі, мәскеуліктердің көзіне түсіп қалу үшін: – Мен, ол қаншықтарды өз қолыммен қылғындырып өлтірер едім! –дегенінде, осы Сейдахмет аға: – Жолдас, комсомол хатшысы, сіз не айтып отырсыз өзі? – деп қатты айтып, ана комсомол қызды қалай сабасына түсіргені ел аузында аңыз боп кетіп еді. Бұл – Желтоқсан қасіретінің алғашқы күні болған әңгіме. Ол күндері мұндай көзсіз ерлікке, екінің бірі бара бермейтін. Ал, Сейдағаңның мынандай батылдық көрсетуі – оның текті де дегдар жан екенін дәлелдесе керек. Тілге тиек етіп отырған Сейдахмет Бердіқұлов сынды ұлтымыздың басына күн туғанда, оның бар қайғысы мен қасіретін тұла бойымен сезіне алған жандар да болғанын ашып айтатын күн қазір. Біз бүгіндері аңыз қылып айтып жүрген, әлгі Жазушылар одағындағы ерлік танытқан қазақ зиялыларының жұрт алдына ашық шығуы – Сейдахмет Бердіқұловтан көп кейін еді. Бұл әңгіме 1987 жылдың бас кезінде болған. Әйгілі Желтоқсан қасіретінің ауыр жағдайы әлі басыла қоймаған, Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің бірінші хатшысы Г.В.Колбинді Қазақстан Жазушылар одағы мүшелері орындарынан тік тұрып, ұзақ-ұзақ қол шапалақтаумен қарсы алғанын мен сол арада болған көп адаммен бірге, өз көзіммен көрген едім. Осы «салтанатты» жиында ақын Жұбан Молдағалиевтің Колбинге ашық қарсы шыққанын жұрт жақсы біледі, сол үшін ол азаматты құрмет тұтады. Осы жерде жазушы Сафуан Шәймерденов ағамыздың да ерекше жүрек жұтқан батылдыққа барғанын көргенбіз. Г.Колбиннің келу құрметіне арналған Қазақстан Жазушылар одағында болған жиналыс бітіп, құрметті қонақтардың иығына шапан да жабылды... Қазақстан Жазушылар одағында өткен бұл жиыннан көп бұрын, басын бәйгеге тіккен, шырылдаған шындықты дер кезінде ешкімнен де қаймықпай, қасқайып тұрып айта білген, сол кездегі «Жалын» баспасының директоры, қазақ спорты туралы тамаша еңбектер жазған, жазушы-журналист Сейдахмет Бердіқұлов еді. Сондықтан да бұл азамат – қандай құрметке де, мадақтауға да лайық тұлға екенін неге мойындамасқа?! Өкінішке қарай, күні бүгінге дейін, осы бір ұлтымыздың басына күн туған қиын сәтте ерекше ерлік көрсеткен Сейдахмет Бердіқұлов туралы шын мәніндегі зерттеу, сараптау, саралау еңбектері әлі күнге дейін дұрыстап қолға алынған емес. Осы жолдардың иесі мен ол кісінің көзсіз ерліктері мен батырлықтары туралы мерзімді баспасөз беттерінде, ауық-ауық жазып келем. «Бұл неге соншама таусылып, Сейдахмет Бердіқұловты мақтай береді?» деп сөге көрмеңіздер! Ашығын айтсам, Секеңнің екі туып, бір қалған туысы да, тіпті жерлесі де емеспін. Әрине, Секеңдей асыл азаматқа жақын болғаным рас. Оны неге мақтанышпен айтпауға... Жалпы, Сейдахмет аға, тым турашыл, кімге де болса, ол шырқыраған шындықты тура бетке айтатын. Оған менің жоғарыда мысалға келтірген оқиғаларым, толық дәлел бола алады. Рас, бәріміз де пенде болған соң, ол кісінің ондай «осал» жақтары да болған шығар, мен ол кісінің онысын жақсы білмеймін. Білетінім – жазушы әрі қоғам қайраткері Сейдахмет Бердіқұловтың ұлт зиялысы деген құрметті атаққа әбден лайықты азамат екендігі. Жасыратыны жоқ, бүгінде біздердің көптеген ақын-жазушы, өнер адамдарымыздың, ащы шындықты айтатын кезде, көбіне бұғып қалатындары өтірік емес қой. Ал, Секең, Сейдахмет Бердіқұлов, олардың көңілдеріне келсе де айтайын, ол кісі анандай табанының бүрі жоқтардың қатарына жатпайтындығы дер едім. Бүгінде Сейдахмет Бердіқұлов сияқты ұлтының ыстығы мен суығына түсуге қашан да әзір тұрған азаматтардың қатары сирегендей. Советтік кезеңнің қылышынан қаны тамып тұрған аса қатерлі кезеңде, басын бәйгеге бірінші болып тіккен бұл азамат – мен үшін де, басқалар үшін де аса қадірлі жан. Мен осы арада қазақтың: «Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын! Жаманның жамандығын айт, құты қашсын!» деген қанатты сөзін тұтасымен мысалға келтіріп отырмын. Сейдахмет Бердіқұлов – қай қырынан алып қарағанда да ауыз толтырып айтатындай, шын мәніндегі ұлт зиялысы, ұлт перзенті. Жұмаш КЕНЕБАЙ, Қазақ үні