Амантай Шәріп. БІЗДІҢ ЕЛШІЛІК ОРЫСША СӨЙЛЕСЕ, ЖЕТІСКЕН ЕКЕНБІЗ!..

Кеше "Қазақ үні" ақпарат агенттігінде белгілі ақын, ҚР Президенті жанындағы Ұлттық Кеңестің мүшесі Қазыбек Исаның "ҚАЗАҚ ЕЛШІЛІКТЕРІНІҢ ТІЛІ РЕСЕЙ ТІЛІ МЕ?!." атты мақаласы жарияланып, аз уақытта қоғам ішінде үлкен резонанс тудырды. Қазақ азаматтарға қазақ тілінде қызмет көрсетпеген Моңғолиядағы Қазақстан елшілігінің қызметкері Шынар Жұматаеваның әрекетін сынға алған аталмыш мақаланы қолдаушылар қатары көп. Белгілі ғалым Амантай Шәріп те осы мәселеге қатысты өз пікірін жеткізді.

***

Сұмдық болған екен. Мұның алдында Моңғолияда Қалыбек Қобыландин деген керемет қазақы, қарапайым кісі елші болды. Бұрнағы жылы ғылыми жиынға барғанымызда өзі жатқан жерімізге іздеп келіп, қасымызға елшіліктің Жүсіп деген мықты бір жігітін бекітіп беріп, жөн-жоба сілтеп, кішіпейілдікпен көп қызмет жасаған еді. Бізді күт деп оны ешкім міндеттеген жоқ. Елден келдіңіздер деп өзі ықылас білдірді. Жергілікті қазақтар да оны қатты құрметтейтінін көрдік. Енді мына жазғаныңызды оқып, сол есіме түсіп отыр. Моңғолия жастары орысша мүлде білмейді, ағылшынша сөйлейді. Біздің елшілік орысша сөйлесе, жетіскен екенбіз. Моңғолия - байырғы түркі қағандары, абыздары, бахадүрлері Білге, Тоныкөк, т.б. сүйектері жатқан жер емес пе? Ұлы рухымыздан бейхабар шала қазақтардың онда өкіліміз болуы - ұят нәрсе, елдігімізге сын.

Амантай ШӘРІП,

алаштанушы ғалым, филология ғылымының докторы, профессор