Елордада 300-ге жуық салымшы наразылыққа шықты (видео)
2020 ж. 06 тамыз
1274
0
Нұр-Сұлтанда үлескерлер арасында кезекті дау-дамай. Бұл жолы өкпе-назын "Бағыстан" тұрғын үй кешенінің 300-ге жуық салымшысы білдіріп отыр. Үйлерінің тезірек салынып бітуін талап еткен бір топ үлескер құрылыс нысанына баса көктеп кірді. Қоныс тойын тура бір жыл бұрын, 5 тамызда тойлауы тиіс болған олар бір жыл бойы жүргізілген жұмыстың жемісін көрмекші. Алайда көзімен көргені көңілінен шықпаған сыңайлы, деп хабарлайды Almaty.tv.
Өздеріңіз көріп тұрғандай, әбден ашынған салымшылар күзетке қарамай, құрылыс нысанына өтіп кетті. Алайда олар тұрғын үйлеріне ешқандай құрылыс жұмыстары жүргізілмей жатқанына көз жеткізді. Мұнда тек жол төсеу шаралары жүріп жатыр.
Әлия Мұтәлі "7-20-25" бағдарламасын тиімді деп санап, оған ұлын мәжбүрлеп қатыстырғанына опық жеп отыр. Оның үстіне аталған тұрғын үй кешеніне Кепілдендірілген тұрғын үй құрылыс қоры кепілдік беріп тұрғанына сеніп қалдым дейді. Алайда бір жыл бұрын берілуі тиіс хан сарайындай кең пәтердің орнына, қазір ұлы, келіні және екі немересімен 30 шаршы метрлік жерді паналауға мәжбүр. Себебі әлі кілтін алмаған баспанасы үшін осымен төртінші жыл ай сайын 146 мың теңгеден төлеп жатыр.
"Білесіздер, 16 наурыздан бері қашықтықтан жұмыс істеп жатырмыз. Өзіңіз ойлай беріңіз. Келінім магистратура оқиды, мен университетте сабақ беремін, ұлым да қашықтықтан жұмыс істеді. Екі немере бар. Қандай сапалы жұмыс деп ойлайсыздар. Біз мейлі, екі немеремнің ойнайтын жері жоқ, таза ауа жоқ жұтатын. Өте нашар жағдайымыз", – деді салымшы Әлия Мұтәлі.
Үлескердің сөзінше, құрылыстың тоқырап тұрғанына біраз болды. Бұған тіпті ресми айғақтар бар. Мәселен, кепілдендірілген тұрғын үй құрылыс қорының сайтында «Бағыстан» кешенінің үшінші кезегіндегі үйге "Астана-технадзор" жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жүргізген бақылаудың есебі бар. Онда тұрғын үйге 10 ай бойы ешқандай құрылыс-монтаждық жұмыстар жүргізілмегені ап-анық жазылған. Үлескерлер кәріз жүйесі, жарықтандыру мен су сияқты инженерлік коммуникацияларды тартуға мүмкіндік жоқтығын айтып, мерзімді шегерумен келетінін айтады. Жоба жетекшісі екі ай бұрын жұмысқа кірістім, сол себептен үй қолданысқа қашан берілетінін нақты айта алмаймын дейді.
"Мен 18-19 жылдары болмадым. Оның пайдаланылуға қашан берілетінін қалай айта аламын? Жоба қазір түзетілуде. Шамамен желтоқсан айының соңына таман деп жай ғана болжай аламын", – деді жоба жетекшісі Дмитрий Петухов.
Ал, әкімдік аталған тұрғын үй кешенінің мәселесінен хабардар. Алайда салушыға нақты әсер етудің тетіктері жоқ, дейді.
"Біз салушымен сөйлестік. Ол дайын блоктар ең көп дегенде желтоқсан айында әзір болатынын жеткізді. Бұл салушының кезекті мерзімдері. Бірақ бізде Кепілдендірілген тұрғын үй құрылыс қоры барын ұмытпау қажет. Олар да ең соңғы мерзім желтоқсан деп отыр. Әйтпегенде, өзге механизмдер қарастырылады. Келісімшартқа сәйкес қор нысанды өзіне алып, өз қаражатына салып бітіреді", – деді қалалық орта сапасы және бақылау басқармасы басшысының орынбасары Дәулет Досқұлов.
Алайда үлескерлер жылдың соңына дейін қоныс тойын тойлайтынына сенбейді. Әбден күдер үзген олар Президентке хат жолдамақ.