Коронавирусқа қарсы қазақстандық вакцина барлық талаптарға сай – ғылым докторы
2020 ж. 04 тамыз
1007
0
Коронавирус індеті етек жайғалы әлем елдері жедел вирусқа қарсы вакцина әзірлеуге кірісіп кетті. Бүгінгі күні бірнеше ел ғалымдары вакцина әзірлеп, оны сынақтан өткізуде. Оның ішінде біздің отандық ғалымдар да бар, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Қазақстандық ғалымдар аталған вирусқа қарсы вакцина әзірлеуге наурыз айының соңында кіріскен болатын. Осы орайда отандық ғалымдардың вакцина әзірлеудегі жетістігі туралы тілшімізге ҚР Білім және ғылым министрлігі Ғылым комитетіне қарасты Биологиялық қауіпсіздік проблемалары ғылыми-зерттеу институты бас директорының ғылым және коммерцияландыру жөніндегі орынбасары, ветеринария ғылымының докторы Ерғали Әбдірайымов әңгімелеп берді.
«Коронавирус індетіне қарсы вакцина әзірлеуді біздің институттың ғалымдары наурыз айының соңында қолға алды. 9 мамырда алғашқы вакцина дайын болды. Сондай-ақ, ол Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымында алғашқы қазақстандық кандидатты вакцина ретінде тіркеліп, клиникаға дейінгі сынақ жүргізілді. Шілде айының соңында алынған нәтижелер бойынша отандық вакцина зиянсыздығы, пирогендігі, иммуногендігі және тағы басқа параметрлері бойынша халықаралық және Қазақстандық фармакопея талаптарына толық сай келетіні дәлелденді», - деді Е. Әбдірайымов.
Оның айтуынша, аталған вакцина клиникалық сынақтан өткен соң Денсаулық сақтау министрлігіне тіркеуге жіберіледі.
«Сонымен қатар біздің ғалымдар 30-31 шілде күндері екінші суббірлікті вакцина әзірледі, ол Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымында тіркелді. Бұл біздің ғалымдардың әзірлеген екінші вакцинасы. Сонымен қатар оны әзірлеуге біздің институттың барлық ғалымдары атсалысты. Ал вакцина кімдерге егіледі деген сұраққа келсек, Денсаулық сақтау министрлігінің талаптары басшылыққа алынады», - деді ол.
Маманның мәлімдеуінше, жалпы коронавирус індетіне қарсы вакцинаның дайын болу мерзімі клиникалық сынақтардың нәтижесінде анықталады.
«Вакцинаның бағасы туралы айтуға әлі ертерек. Жалпы бүгінгі күні вакцина әзірлеу технологиясы мен талаптары белгілі. Қазіргі уақытта әр елдің ғалымдары өз мүмкіндіктері мен бар ноу-хауды қолдануда, сондықтан белгілі бір елдің вакцинасына қатысты дұрыс немесе бұрыс деп айтуға болмайды», - дейді ғылым докторы.