ҚҰРБАН АЙТ МЕЙРАМЫ ҚАБЫЛ БОЛСЫН!

Құрбан айт мұсылмандардың ең қасиетті мерекесі. Ол Ораза айттан 70 күннен соң басталып, 3 күнге созылады. Бұл мейрам күндері мұсылманның бес парызының бірі - Ұлы Меккеге зиярат сапарымен аяқталады. Айт күндері шамасы келген, мүмкіндігі бар мұсылмандар Аллаға арнап құрбандық шалады, мал сояды. Құрбандыққа бір жасар қой, ешкі, ірі қара, түйе сойылады. Жылқы сойылмайды. Қазақстанда мұсылмандардың Құрбан айт мерекесі демалыс күні болып бекітілген. Биыл қасиетті Құрбан айт мерекесі 31 шілдеге -Жұма күніне тура келіп тұр. Әлемді жайлаған індеттің кесірінен Құрбан айт намазы мешіттерде оқылмайтын болды. Ал құрбан шалудың онлайн түрі де іске қосылды. ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев қазақстандықтарды Құрбан айт мерекесімен құттықтады. "Баршаңызды қасиетті Құрбан айт мерекесімен шын жүректен құттықтаймын! Асыл дініміз бен салт-дәстүріміздің сабақтастығын бекемдеп, рухани құндылығымыздың ажырамас бөлігіне айналған қастерлі мейрамның күллі мұсылман әлемінде алатын орны ерекше. Тарихымызбен тамырлас, танымымызбен өзектес Құрбан айт Қазақстан халқын бейбітшілік пен татулыққа, өзара сыйластыққа, береке-бірлікке үндейді. Имандылық пен парасаттылықты, жасампаздық пен мейірімді дәріптеп, жақсылыққа жол ашады. Бүгінде жалпы адамзатқа ауыр салмақ салып отырған қауіпті індетті жеңіп шығу үшін бізге тас-түйін ауызбіршілік пен темірдей тәртіп қажет. Қазіргідей күрделі кезеңде бір-бірімізге қол ұшын беріп, барымызды бөлісіп, жұртымыздың аман-саулығын ойлап, жауапкершілік танытуымыз аса маңызды. Тілегіміз бір, ниетіміз ортақ болса, мақсатымызға жетеміз. Бірлігімізді бекемдеп, ынтымағымызды арттыратын бұл мерекенің мән-мағынасы да осында екенін баса айтқым келеді. «Сабыр – сәулетті байлық» дейді халқымыз. Рухы асқақ ел ретінде барлық сынақты еңсеретінімізге сенемін. Әр шаңыраққа құт-береке тілеймін! Халқымыздың амандығы үшін шалған құрбандықтарыңыз қабыл болсын! Құрбан айт баршамызға жақсылық әкелсін!"-деп, игі тілек тіледі мемлекет басшысы. Қазақстандағы діни конфессияаралық келісімнің негізін қалаушы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев қазақстандықтарды Құрбан айт мерекесімен құттықтауында: "Осы күні біз Жаратқанға жалбарынып, өзімізге бейбіт өмір мен тыныштық, қайрат-қуат пен рухани күш-жігер сұраймыз. Құрбан айт бізді ізгі үрдістерге баулып, адами құндылықтардың бағасын арттыра түседі. Елімізде Құрбан айт әртүрлі ұлттар мен дін өкілдері арасындағы бірлікті нығайтуға септігін тигізеді. Осы қастерлі мерекеде барша қазақстандықтарға зор денсаулық пен бақ-береке тілеймін! Айт қабыл болсын!-деді. Дін Мұсылманның Қасиетті мерекесі Құрбан айт құтты болсын! Алладан тілеген ықылас-ниеттеріңіз бен бағыштаған дұғаларыңыз және шалған құрбандықтарыңыз қабыл болсын! Алла тағала баршамызды ауру-сырқау, бәле-жаладан аман етіп, індеттерді аластай бергей! Тәуелсіз Қазақ Елінде қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған бейбіт дәуір, берекелі де, мерекелі заман орнауын тілейміз! Баршамызға бір Алла шексіз рахымы мен мейірін төгіп, жаратқан ием жар болсын! Құрбан Айттарыңыз қабыл болсын! Қазыбек Иса, Қазақ үні