Ана тілін сіңірмеген "мамалардың" «сыночек» пен «дочалары» ертең кім болады?

Қазыбек Иса ағамыздың "Қазақ үні" сайтындағы "Мемлекеттік тілді қолдау" туралы қол жинаған бастамасы 122 мыңға жетіп, Ел еңсесін көтеріп тастағаны анық. Бірақ еліміздегі қазақтардың санына қарасақ, "Ана тілім-арым" дейтін қаны таза қазақтардың да қатары сиреп азайып бара жатқанын да байқатты. Қауіпті құбылыс. Н. Манделаның: "Егер тіліңнен, ұлттық мәдениетіңнен қол үзсең шекараңды ашып таста, сенің енді қорғайтын ешқандай Ұлттық құндылығың қалған жоқ."- деген сөзі бар. Осылай жалғаса берсе осы ғасырда-ақ референдум жасап "шекара лентасын қию" күнінің де ауылы алыс емес сияқты. Және осы құндылықты құртуға саналы түрде өзінің зор үлесін қосып жатқан "ана тілі" деген киелі атауды иемденгенімен бүгінде бесік жырын ұмытқан қаракөз "бабуля" мен "мамалар" екені естуге ауыр болса да шындық. Бүгінгінің анасы, кешіріңіздер "мамасы" перзентімен қай тілде қарым-қатынас жасауды таңдаса "дочасы" сол тілде сөйлейді, ал ол "доча" өз кезегінде ертеңгі ұлтқа қорған болады дейтін "сыночекке" мама.. Бойына ұлттық рух себілмеген, ана тілін сіңірмеген "сыночек" пен "доча" сонда кім болады? Әрине, не "Ваня" емес, не "Таня" емес, анасы саналы түрде бойына сіңірген жат тілдің жетегінде кетіп мәңгүртке айналады. Ал орыстың есебі түгел, ол өзін мойындаған әлсіз адамға іштей мүсіркеп қарайды, өйткені, ол сенің тіліңді үйренген де жоқ, үйренуге талпынбайды да. Күшті әлсізді мойындамайды, табиғаттың заңы солай! Осылайша уақыт өте келе "құлыным" мен "ботақаным" мүлде көзден бұлбұл ұшып, санадан сөнеді. Бір кем дүние.. Ерлан Шаяхметұлы,  Фейсбук парақшасынан