ҚҰРБАН АЙТ – ҰЛЫҚ МЕРЕКЕ

Ислам дінінде қастерлі екі мереке болса, соның бірігейі және ұлығы – Құрбан айт. Бұл мерекенің негізі сонау пайғамбарлар атасы саналатын Ибраһим пайғамбардың әулетінен бастау алады. Тарих мен тағлымды ұштастырған қасиетті мерекенің құндылығы да тереңде жатыр.

Барша мұсылман жамағатына ортақ мерекенің маңызы ерекше. Себебі, 3 күнге созылған бұл айтта мұсылмандар бір бірімен жақындасып, жанжалдасқандар татуласып, мұқтаж жандарға қол ұшын беріп, исламдағы мейірім мен ізгілік насихатталады.

Дербестікке қол жеткізгеннен бері еліміз әлеуметтік-экономикалық жағынан жаңғыруымен қатар, рухани және мәдени өреміз де көтеріліп келеді. Осының дәлелі ретінде Тұңғыш Президент Н. Назарбаевтың қолдауымен мұсылмандардың ұлық мерекелері әрдайым жоғары деңгейде аталып өтілуде. Соңғы жылдары қазақ мұсылмандарының талап-тілегі ескеріліп, Құрбан айт ұлттық мерекелердің мәртебесіне көтеріліп, ендігі жерде мұсылмандар арасында бұл діни мейрам мемлекеттік деңгейде тойлануда. Осындай парасатты бастама халықтың арасында достық мен бірлік беки түсуге септігін тигізуде. Біз мұны дәстүрлі дініміз исламға көрсетілген аса зор құрмет деп білеміз.

Құрбан айттың негізгі мақсаты-Аллаһ разылығы үшін құрбандыққа мал шалу. Бұл мереке қарсаңында миллиондаған мұсылмандар Арафат жазығында құлшылық етіп, дұға оқиды. Алайда, биыл әлемді дүрліктірген COVID-19 дертінің салдарынан қажылық маусымы шектелген болатын. Осыған байланысы Сауд Арабия ғұламалар кеңесі адамның жанын сақтау бәрінен де маңызды екенін алға тартып, ауыр болса да қажылыққа сырттан мұсылмандарды қабылдамау турасында шешім қабылдаған. Қалай дегенде де мұндай келеңсіздіктер айтулы мерекені басқа қырынан жан-жақты ұлықтауға кедергі бола алмайды.

«Құрбан» сөзі араб тілінде «жақындау» дегенді білдіреді, яғни жасаған сауап істер арқылы жүректі тазартып, Аллаға жақындай түсу. Ал діни терминдік мағынасы «шарттарымен санаса отырып, құлшылық ниетімен мал бауыздау» дегенге саяды. Құрбан айтта құрбандыққа мал шалу — Ханафи мәзһабында шамасы жеткендерге ғана уәжіп, яғни міндет.

Ең алдымен құрбандық шалудың мәнісінің кеңдігін ұғыну үшін діннің не екенін, құлшылықтың не үшін жасалатынын жақсы білген жөн. Құрбан шалу – Аллаға жақын болу үшін, күнәләр кешірілу үшін, шүкір ету үшін жасалуы міндетті.

Құрбан айт - құрбандық шалумен ғана шектелмейді. Онда адамның ішкі ниеті, шын пейілі, тақуалығы, басқаларға жанашырлығы таразыға түседі. Сондай-ақ пенденің пендешілігі мен мәрттігі, сараңдығы мен жомарттығы да сыналады. Барша мұсылман жұртшылығын бір-біріне жанашыр болуға, қамқорлық жасауға , өзара мейірімді болуға шақырады.

Қалыптасқан ахуалға байланысты, биылғы мерекеде біраз шектеулер бар. Дегенмен, әр отбасы өз шаңырағында мерекені атап өтуге болады.

Елімізде кез келген діни мерекені жоғары деңгейде атап өтуге барлық жағдай жасалған. Көпұлтты мемлекеттің ұстанымы дін өкілдеріне еркіндік берген. Әркім өз дінін еркін насихаттауға, оның қағидаларын оқытуға және мерекелерін тойлауға толыққанды мүмкіндік берілген. Бұл өз кезегінде Қазақстанның ерекше моделі десе болады.

Қазақстан елдегі исламның орнын даралай отырып, шетелдік ислам өкілдерімен де ынтымақтасып жұмыс істейді. Мәселен, 2003 жылдан бері 6 мәрте өткізілген Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің Съезі барысында Ислам діні тарапынан Египет, Үндістан, Индонезия, Түркия, Иран, Ливия, БАӘ, Кувейт, Қытай, Ресей, Қырғызстан, АҚШ, Сауд Арабиясы және Пәкістан елдерінен Әл-Азхар университетінің Жоғарғы имамы Шейх Мұхаммед Саид Тантауи, Бүкіләлемдік Ислам Лигасының Бас хатшысы Шейх Абдалла Бен Абдель Мухсин Ат-Турки және Бүкіләлемдік Исламды уағыздау қауымдастығының Бас хатшысы Мұхаммед Ахмад аш-Шариф сынды белгілі дін тұлғалары қатысты. Съездің дөңгелек үстелі исламның ірі ағымдары лидерлері мен өкілдерін, мемлекеттердің дипломатиялық қарым-қатынастарына, саяси ұстанымдарына қарамастан құрметті тұлғалардың басын қосып, дінаралық диалог аясында пікірлерімен бөлісіп, сұхбаттасуға 17 жыл аясында мүмкіндік тудырып келеді.

Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері игі бастамаларын ілгерілету мақсатында 2019 жылы сәуір айында ашылған Конфессияаралық және өркениетаралық диалогты дамыту жөніндегі Н.Назарбаев орталығы да бір жылдан артық қызметі аясында ислам ұйымдары, діни тұлғалармен қарым-қатынас орнатып, бірқатар іс-шараларды жүзеге асырып, бірлесе жұмыс істеп келеді.

Осы орайда, Конфессияаралық және өркениетаралық диалогты дамыту жөніндегі Н.Назарбаев орталығы Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері Сьезі мен Хатшылығының қатысушыларын, сондай-ақ барлық орталық серіктестерін Құрбан айт мерекесімен құттықтай отырып, күллі мұсылман қауымы мен әлем халқына індеттен амандық, бекем бірлік, сабырлық пен жарқын болашақ тілейді.

А. Әбибуллаев,

«Конфессияаралық және өркениетаралық

диалогты дамыту жөніндегі Н.Назарбаев орталығы»

КЕАҚ Басқарма Төрағасы