Әрбір намазда қазақ елінің амандығын тілеймін - Ахмет Мурадов

Барша мұсылман үшін басты міндет – дінімізді ұстану, ислам құндылықтарын дәріптеу. Бізді қиямет қайым көпірінен құтқаратын амал тек қана Алла алдындағы парыздарымызды орындау екені анық. Алла Мұхаммед пайғамбар арқылы бізге Құранды жеткізді, мұсылман дінінің негізгі ұстанымдары айқындалды. Оған ешқандай күмән келтіруге құқымыз жоқ. Біз мұсылман болғандығымызды мақтан тұтамыз.

Мұсылманның бірінші парызы – Алладан басқа тәңір жоқ, Мұхаммед пайғамбар оның елшісі екенін мойындауы. Бес уақыт намаз оқиды, жылына бір мәрте мұқтаж жандарға зекет береді, Рамазан айында отыз күн ораза ұстайды және мүмкіндігіне орай қажылыққа барады.

Алхам дулелах, тәуелсіздік алған кезең ішінде дін бостандығына қол жеткіздік, мұсылманның әдет-ғұрыптарын өткізуге мүмкіндік берілді. Біздің елде Құрбан айттың бірінші күні заң бойынша демалыс болып жарияланған. Өйткені адамдарға өз отбасымен бірге дайындалуына және осы мейрамды атап өтуіне жағдай жасалған. Келешекте Ораза айт та мейрам күні болып белгіленеді деп үміттенемін. Бұл мұсылмандардың жан дүниесі мен қажеттілігінен туындайды деп ойлаймын.

Құрбан айттың рөлі мен маңызы, діни рәсімдері туралы біздің дін өкілдері, имамдар терең түсініктер берген. Алланың ризашылығы үшін құрбандыққа мал шалады. Бұл рәсімді не үшін өткізіп жатқанымызға мән беруіміз керек. Бұл дәстүр бізге Ибрагим пайғамбар заманынан жетіп отыр. Ол Аллаға шынайы берілгендігін дәлелдеу үшін сүйікті ұлы Исмайылды құрбандыққа шалайын деп тұрған сәтте Алла өзіне берілгендігіне көз жеткізіп, аспаннан көк қошқар түсіріп, мейірім жасаған екен. Содан бері құрбандыққа мал шалу дәстүрі жалғасып келеді. Құрбандық шалу, малдың қанын шығару арқылы Алла адамды барлық күнәларынан арылтады. Кешірім жасайды. Ал сен Алланың алдында анаңнан туған сәттегідей күнәсіз адамға айналасың.

Меккеге қажылық сапарға барған адамдар барлық рәсімдерін атқарған соң, бір малды құрбандыққа шалады. Ал сапарға бармағандар өз үйінде атап өтеді. Құрбандыққа шалатын мал ауру, кем-кетік болмауы керек. Әдетте қой сояды, бірнеше отбасы бірігіп сиыр не түйе союына болады. Ол отбасы малдың етін жеу үшін құрбандық шалмайды. Үй иесі өзіне еттің үштен бірін қалдырып, қалғанын жетім-жесірлерге, мұқтаж адамдарға таратады. Барлық адамға қамқорлық жасауың керек. Сондықтан құрбандық шалудың да мәні тереңде жатыр. Дәл сол күні барлық ісің Алланың атымен басталып, барлық жұмысың Аллаға шүкіршілік айтуыңмен аяқталуы тиіс. Өйткені Жаратқан иеміз саған осындай рәсімді жасауыңа мүмкіндік берді.

Қажылық парызын орындап келгендер жан дүниелері рухани, діни байып, Меккеден айрықша таза болып келеді. Өзім 1999 жылы Меккеге, қажылық сапарға барып келдім. Өзім әрбір намазда «Қазақ елін пәле-жаладан, сынақтардан, түрлі аурулардан сақта. Алланың жерімізге, халқымызға қайырымы мол болғай. Адамдарға денсаулық, береке, бірлік бергей»,- деп дұға жасаймын.

Небір қуғын-сүргіннің, депортацияның азаптарын бастан кешсе де, біздің ата-аналарымыз дін қағидаларын мықты ұстанды. Ұдайы намаздарын оқып, бейітке барып құран оқып жүрді. Мен өмірде әкемді үлгі тұтамын. Ол қарапайым жұмысшы болды, қашанда лайықты өмір сүруге тырысты. Өзін тек Алла қорғайды деп сенді. Тынымсыз еңбек етіп, қиындыққа төзіп, отбасын асырады. Бізді де ерінбей жұмыс істеуге, адал жүріп-тұруға үйретті. Шаңырақтың берекесін сақтауға, балалардың өнегелі тәрибе алуына бар күш-жігерін жұмсады.

Жалпы, дін – адам рухын қалыптастыратын діңгек! Діни тереңдігі мол болса, ол адамның рухы да берік болады. Дін бүгінде халықтарды біріктіруші, ортақ мақсатқа бағыттаушы, іргелі істерді үйлестіруші күшке айналып келеді.

Адам баласы қандайда бір діни сеніммен өмір сүреді. Егер адам баласы ислам нормаларын қатаң сақтап, өмір сүрсе, қателеспес еді. Алла жолында түзу жүріп, адал өмір сүру адамның өзіне байланысты. Сондықтан дінді ұстануға жеңіл-желпі қарауға болмайды. Барлық іс-әрекетің адал болуы керек. Өзіңнің ішкі дүниең таза болса, сенің ойың мен іс-әрекетің де дұрыс болады.

Ислам – бірлік пен берекені, достық пен ынтымақтастықты сақтайтын, бейбітшілікті жақтайтын дін. Елдің ертеңін ойлайтын парасатты адам әрдайым халықты бірлікке, татулыққа, достыққа шақырып отырады.

Мен барша отандастарымызды Құрбан айт мейрамымен құттықтаймын. Алла еліміздің ынтымағын арттырып, халқымызды соғыстардан, күйзелістерден, індеттерден, табиғи апаттардан қорғасын деп тілеймін. Әрбір жанның жүрегін мейірім мен шапағатқа толтырсын. Құрметті отандастар, Құбан айт қабыл болсын!

Ахмет Мурадов,

ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты,

қоғам қайраткері, Қазақстан халқы Ассамблеясы Кеңесінің мүшесі,

«Вайнах» шешен-ингуш халықтары қауымдастығының жетекшісі