Шариғат талаптарына сай келетін қой бағасы 50 мың теңге болып тұр - Бас имам
2020 ж. 29 шілде
1426
0
"Қазақ үні" ақпарат агенттігінде Көсемәлі Сәттібайұлының "Құрбандыққа бір жасар қой ғана жарайды деген талап орынды ма?" атты мақаласы жарияланған болатын. Аталмыш тақырып қоғам тарапынан үлкен пікірталас тудырды. Осыған байланысты "Әзірет Сұлтан" мешітінің бас имамы Ерболат Жүсіпов сайтымызға жауап беріп, түсініктеме берген болатын.
Құрметті Қазыбек Иса мырза!
Сіздің «Құрбандыққа бір жасар қой ғана жарайды деген талап орынды ма?!» деген жазбаңыздан соң әлеуметтік желі алдында ашық түрде жауап қайтаруды жөн санап отырмын. Себебі, бүгінгі жазбаңыз онсыз да «карантин режимі кезінде құрбан шалу қалай болады екен» деп алаңдап отырған жұртты әрі-сәрі күй кештірейін деп тұрғандай.
Сайтыңызда жарияланған Көсемәлі Сәттібайұлының жазбасында көрсетілгендей, мен бүгінгі брифинг барысында: «Бұл жерде қойдың жасына назар аудару керек. 6 айға жетпеген, арықтау тоқтылардың өзін 35-40 мыңға алуларыңыз мүмкін. Бірақ қой мен ешкі 1 жасар болуы керек», – деп атап айттым. Бұл мен ойдан шығарған меже емес, қой түлігіне қойылатын шариғат талабы осы. Сондай-ақ, дәл қазіргі Елорда базарларындағы мал бағасы да осы болып тұр.
Сөздің реті келгенде айта өтейін, осы орайда жыл бойы бір бағаны ұстап келіп, Құрбан айт қарсаңында күрт қымбаттатып жіберетін саудагерлер үшін де имам-молдаларды жазғыра берудің еш жөні жоқ. Қайта сол ҚМДБ қызметкерлерінің ұйымдастыруымен жыл сайын жер-жерде қайырымдылық акциялары өткізіліп, қаншама халық қасиетті Құрбан айт шарапатын сезініп келеді. Айтқан ауызға оңай, бірақ сол жаңағы мыңдаған малды құрбан шалуды ұйымдастыру бар, оны мұқтаж отбасылардың үйлеріне жеткізу бар, оның сыртында қаншама қыруар шаруасы (құрбандық малын іздестіру, сою жұмыстары, арнайы орындармен келісу, қасапшылар даярлау т.б.) тағы бар.
Осы орайда, Елорда өкілдігі бойынша бекітілген 50 мың теңге – қала базарларындағы шариғат талаптарына сай келетін қой бағасы болып тұр. Бұл тұста тағы да түсіндіре кететін жайт, мал базарларда бүгінгі таңда сіз айтқан 35-40 мың теңгеге, әрине, тоқты сатып ала аласыз. Алайда, ол тоқтыңыз арықтау боларына әрі бір жасар қойдай ет бермесіне мен кепіл. «Ал Ислам.кз сайтында» деп көрсеткен Көсемәлі Сәттібайұлының өзі мақаласында: «6-7 айлық кепе қозылар семіз, етті, бір жасар малдың етін беретін болса, Құрбанға шалуға болады» деп келтіреді. Сондағы айтпағымыз – 35-40 мыңға дәл қазір Елорда базарларынан «семіз, етті, бір жасар малдың етін беретіндей» алты айлық тоқты табуымыз екіталай.
Брифинг барысында айтқан: «6 айға жетпеген, арықтау тоқтылардың» деген сөзіміз осыны қуаттай түспей ме?! Сол тоқтының «өзін 35-40 мыңға алуларыңыз мүмкін» дегеніміз де базардағы бағаны көріп-білгеннен кейінгі ойымыз.
Дегенмен, дәл осы 35-40 мың теңгеге, тіпті ретін келістіріп 20 мың теңгеге шариғат талабына сай келетін құрбандық малын тауып жатсақ, оған ешқандай қарсылық жоқ. Алла Тағала баршамыздың құрбандықтарымызды қабыл еткей!
P.S. Құрметті Қазыбек аға! Есіміңізді сырттан естіп-білсек те, осы кезге дейін жүзбе-жүз кездесудің реті келмеген екен. Қасиетті Құрбан айт алдындағы алғашқы пікірлесуіміз жаңа жүздесулердің бастауы болғай! Карантин режимі бітіп, ел аяғы кеңіген шақта талай тағылымды кездесу өткізуге жазсын!
ЕРБОЛАТ ЖҮСІПОВ