Жасан Зекейұлы: «АДАМДЫ ДӘРІ ЕМЕС – МЕЙІРІМ ЕМДЕЙДІ»

Жасан Зекейұлы – Халықаралық «Жас-Ай» медицина орталығының Бас директоры, Бас дәрігер; Медицина ғылымдарының докторы, профессор, академик, ҚР Денсаулық сақтау ісінің үздігі; ҚР «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері, Қазақстан Республикасының «Құрметті Азаматы»; Халықаралық «Сократ» орденінің иегері және Халықаралық Шығыс емдеу академиясының академигі; Ресей медицина ғылымдарының докторы және Вена халықаралық университетінің «Құрметті профессоры»; Халықаралық шығармашылық академиясының академигі, Оксфорд Академиялық Одағының және Еуропа медициналық қауымдастығының Докторы, Құрметті профессоры және Біріккен Ұлттар Ұйымының (БҰҰ) Халықаралық «Құрмет белгісі» орденінің иегері; Көңіл күй – денсаулық кепілі  – Жасан аға, өзіңіз байқап отырсыз, әлемді жайлаған жұқпалы дерт адамның тәнін ғана емес, жанын да емдеуге мәжбүрлеуде. Қаншама адам күйзелісте жүр. Осы ретте науқасты әуелі психологиялық тұрғыдан емдеудің қажеттілігі туған секілді... – Расында, барлық нәрсені көңіл-күй шешеді. Медицинаның негізін қалаған, әлемге мәшһүр мұсылман ғұламасы ибн Сина бабамыз: «Ауруды емдеудегі дәрігердің үш құралы – жылы сөз, шөп және дәрігер қандауыры» деген. Ал Конфуций: «Адамның денсаулығы – оның көңіл-күйінде» деген екен. Өзіңіз айтқандай, қазір көпшіліктің көңілін қатты қорқыныш сезімі билеп алды. Қаншама азаматтар үрей құшағына оранып, өзіне керек емес дәрі-дәрмекті үсті-үстіне сатып алуда. Осының бәрі күйзеліс пен дағдарыстан туатын әрекеттер. Алайда осы бір сын сағаттарда рухымызды түсірмей, иммунитетімізді әлсіретпей, жан-жақты қорғанып, күресуіміз керек. Байбалам салып, үрейлене берген адамға ем де қонбайды. Адамды дәрі емес – мейірім емдейді. Біздің кейбір дәстүрлі медицина саласындағы әріптестеріміз сіздердің сөз тіркестеріңізбен айтқанда, науқастың тағдырына қатысты «үкім» шығарып, тірідей о дүниеге «аттандырып» жібереді. Онсыз да шыбын жанын шүберекке түйіп келген адамды одан сайын тірідей «өлтіруге» бола ма? Атам қазақ: «Жақсы сөз – жарым ырыс» деген. Ал Пайғамбарымыз Мұхаммед (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Жақсы сөйле немесе үндеме» деген өсиетін қалдырған. Сондықтан дәрігер жақсы сөзін айтып, тәннің ғана емес, жанның да емшісі болуы тиіс. Адам тағдыры Алланың қолында. Шын ниетпен дұға жасап, мінәжат етіп жаман ауруынан айыққан қаншама азаматтарды білеміз. Шығыс медицинасы әрқашан адамның көңіл-күйіне назар аударады. Бір ауыз сөз адамды өмірден түңілдіріп, өзіне қол салуға себепші болуы мүмкін. Керісінше, бір ауыз сөз адамның өмірге деген құштарлығын оятып, үмітіне қанат бітіруі мүмкін. «Сендер жанның да емшісі болыңдар» деп ұжымға үнемі айтып отыратыным сондықтан. Жаман мінез жаман ауру тудырады  – Сіз бір сұхбатыңызда: «Рухани байлығы жұтаң, рухы әлсіз адамның иммунитеті де әлсіз келеді» деген екенсіз... – Адамның ішкі жан-дүниесі таза болса оның тәні де жаны да сау болады. Ал керісінше, күншіл, қызғаншақ, жігерсіз, намыссыз болса, ондай адамның ішкі ағзасы дертке шалдығады. Яғни, күншіл, қызғаншақ адам жүрек, бауыр, бүйрек, асқазан ауруларына ұшырайды. Ал намыссыз адамның жүйке, қан тамырлары зақымданады. Адамның тектік қасиеті жойылып, рухани байлығы жұтаң болса, оның иммунитеті әлсіз болатындығы дәлелденді. Адам бойында сырттан келетін ақпаратты өзіне жинайтын екі магниттік клетка бар. Ол клетка эндокриндік бездердің тіндерінде орналасқан. Біріншісі жақсы, екіншісі жаман хабарларды жинайды. Осы мейірімді және ызалы клетка адам ағзасында билік жүргізу үшін күреседі. Адам денесіндегі ызалы клетка 70 пайыз болса, улы клеткалар тарайды. Бүкіл қауіпті аурулар осы улы гормондардың әсерінен пайда болады. Бұл ғылыми тұрғыда дәлелденген. Ал қасиетті Құран мен хадистерде ниет пен ой-сананың тазалығы адам өмірі мен тағдырына тікелей әсер ететіні айтылған. Жақсы көңіл-күй мен ниет таза болмаса, жауыздық пен күншілдік адам жанын билеп алып, ішкі жан-сезімі нәпсімен күресуде қауқарсыздық танытады. Мұндай адам әрнәрсеге ашуланып, болымсыз уайым-қайғыға беріліп, қол жеткізе алмаған дүниеге қатты ызаланып, нәтижесінде өзіне ауру тауып алады. Бұл табиғи түрде улы гормондардың бөлініп, көбеюіне әкеп соқтырады. Вирус тұздан қорқады – Сіз Шығыс медицинасы бойынша тәжірибелі әрі танымал тұлғасыз. Атажұртқа шығыс медицинасы тәжірибесін алып келген алғашқы адамсыз. Шығыс медицинасында қазіргі жұқпалы індетке қарсы күресудің қандай әдістері айтылады? Қарапайым халыққа қандай кеңес берер едіңіз? – Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында «өз елімде ұлтан болайын» деген ниетпен шешім қабылдап, шекара астым. Табаным қасиетті туған жерге тигенде, көзім көк туға түскенде жанарым жасқа толды... Арғы беттен Атажұртқа келген әрбір қандас мен секілді осындай ерекше сезімді бөленді. Бұған күмәнім жоқ. Елге келіп, бәрін басынан бастауға тура келді. Ауызбен айтып жеткізе алмайтындай көптеген қиындықтар болды. Жанға батқан «жайсыз» жағдайларды да бастан кештім. Алайда бәрі артта қалды... Өткенге салауат айтып, арайлап атқан Алланың әрбір таңынан жақсылық пен үміт күткен мұсылман халықпыз ғой. Аллаға шүкір, қазір бәрі қалыпқа түсті. Елге бір адамдай қызмет етіп, ем-дом жасап, көпшіліктің алғысына бөленіп жатқан жайымыз бар. Осы күнге жеткізген Жаратқанға мың тәубе, мың шүкір! Ендеше, вирустың алдын алып, медициналық тұрғыда сақтанудың қарапайым жолдарын айтып өтейін: ►сарымсақты ұсақтап турап, ас қасықпен таңертең сумен ішу (асқазаны ауыратындарға ішуге болмайды); ►сутегі перекисінің (перекись водорода) 2-3 тамшысын ауызға тамызу; ►ас содасын жарты шай қасық көлемінде қайнаған суға немесе шайға қосып ішу; ►қайнаған суға бір ас қасық ас содасын салып, ауызды, мұрынды шаю; ►бетпердеге спиртті сеуіп, мұрынға тағып, терең демалу; ►құртты үнемі сорып жүру (вирус тұзтан қорқады); ►қолдың тұзды сары майын қолдану; ►қойдың майын ерітіп, бір шай қасық мөлшерінде аш қарынға ішу (бір кесе ыстық сүтке араластырып ішсе де болады); ►түскі, кешкі тамақ кезінде шұбат пен қымызды ішу; ►қуаты төмен адамдар жас малдың сорпасын ішу керек; ►қаны аз адамдар құрамында темір, мырышы бар дәрумендерді көбірек қолдану қажет; ►үнемі қызылша жеу; ►бір орташа көк алмаға 5 үлкен қара темір шегені шаншып, оны бір күн бөлме температурасында сақтап, екінші күні тамақтан кейін жеу (күніне 1-2 рет жейді); ►сырттан үйге келген соң толық жуынып, шашқа жабысқан вирусты теңіз тұзымен шаю (3 литр суға 3-4 ас қасықпен теңіз тұзын салу керек, жапондар осы әдісты тиімді қолданған) т.б. Біздің зерттеуіміз бойынша, вирус күнделікті қолданатын телефонымызда, есіктің тұтқаларында, ұстайтын қағаз ақша мен тиында 2-3 күн өмір сүреді екен. Бүгінде аурудың 90 пайызы ақшадан жұғып отыр. Сондықтан жиі қолды жуу керек. Қолды, ауызды, мұрынды шаю – індеттен сақтанудың негізгі жолы. Мұсылман адам күнделікті бес уақыт дәретін алып, намазын оқып, жаны мен тәнін тазалап отырады. Бұл қай жағынан алсаңыз да құптарлық іс. Алла Тағала өзінің жаратқан пендесі үшін қандай нәрсенің жақсы-жаман екенін біледі. Сондықтан шариғат талаптарын бұлжытпай орындап жүрген адам көп жамандықтан өзін сақтайды. 5 мың жылдық тарихы бар...  – Сіз басқаратын орталыққа халық қандай шағыммен хабарласады? – Халықтың жиі шағымданып келетін ауру түрлері мыналар: жүйке жүйесі, жүрек-қантамыр, асқазан-ішек, несеп-жыныс, гинекологиялық, буын, тері, көз, эндокринологиялық дерттер, есту қабілетінің төмендеуі, темекі мен ішімдікке салыну, бел омыртқа жарығын отасыз емдеу, инсульттан кейінгі салдану, тіл-ауыз күрмелу, балалардың мешел ауруы (ДЦП), шыжың (энурез), отадан кейінгі асқынулар және оның алдын алу, ер адамдардың белсіздігі, әйел адамдардағы бедеулік хирургиялық асқынулардың алдын алу, қант диабеті, тыныс жолы аурулары, т.б. – «Жас-Ай» халықаралық медициналық орталығы бұл ауруларды қалай емдейді? – Алтын иненің емдеу қағидасы – адамның табиғи қуат көздерін ашу. Әрекетсіз жатқан нүктелерге қозғау салып, ояту. Мұның тағы бір қасиеті – дертті залалсыз емдейтіндігінде. Инемен емдеу терапиясының 5 мың жылдық тарихы бар... Біздің медицина орталығының ем жүргізудің негізгі тәсілі – ине салу, ине терапиясы, содан кейін уқалау, сылау (массаж), булау және дәрілік қасиеті бар шөптермен, биологиялық тұнбалармен емдеу, табиғи өсімдіктерден жасалған дәрі-дәрмек, табиғи тастармен қыздыру, түрлі майлармен сылау, т.б. Қазақ халқының дәстүрлі халықтық медицинасындағы түрлі тағамдар арқылы емдеуді де ұмыт қалдырмай, ары қарай дамытып жатырмыз. Қаншама адам шығыстық, халықтық медицина тәсілдерімен танысып, өздерінің ауру жағдайын біліп, біздің рецепттер бойынша әзірленген дәрі шөптердің көмегімен дертінен айығып, алғыстарын жаудыруда. Тамыр басу һәм табиғи ем  – Ибн Синаның өзі емдеуде нүк­телік уқалауды көп пайда­ланған деседі... – Науқас диагнозын тамыр басу арқылы анықтау – шығыс медицинасының ең маңызды түйіннің бірі. Тамыр басу әдісі – шығыстың ғұламалары ибн Сина, әл Фараби, Бек әулиелер және бүгінгі біздің теориялық негізіміз сан мың жылдық адамзаттың өмір тарихымен бірге бітеқайнасып, зерттеліп, зерделеніп, ғылымға айналып, ерекше сұранысқа ие болған диагноз қою үрдісі. Бұл үрдіс бүгінде ғылымға қарай ауысып жатыр. Қанша техника дамығанымен, өмірдің өз тәжірибесі дәлелдегендей, шығыс медицинасына деген сұраныс күн санап артып келеді. Шығыс халқына біздің ұлт та кіреді... Ата-бабамыздан келе жатқан нүктелік уқалау, ине қондыру, шөппен күйдіру, таяқтың ұшымен уату, қан алу арқылы адам денесін тазалау, табиғи таспен қыздыру, от банкі және түрлі шөппен булау сынды осы емдердің барлығы табиғи емге жатады. – «Медицинада адам ақылы мен қолынан артық құрал жоқ». Осы сөзіңізді кеңінен түсіндіріп өтсеңіз. – Адам организмі тылсым құпияларға толы ұлы жұмбақ қой. Қазіргі техника ағзадағы рак ісіктерін, құм-тастың болуын немесе сүйектердің сынғанын көрсетіп беруі мүмкін. Алайда адамның психологиясындағы өзгерістерді дәл көрсетіп бере алмайды. Оны тексере алатын заманауи медициналық техника әлі өндіріске енген жоқ. Сол үшін біз дәрігерлерге көбірек тәжірибеге сүйенуді айтамыз. Адам денесіндегі жұп болып келетін 362 тамырында болатын 2 мың түрлі өзгерісті толық түрде білген дәрігер сол адамның ауруына дәл диагноз қоя алады, емдеу шарасында да қателесуге бой алдырмайды... Қазақты құртатын төрт сипат...  – «Ағаштың қурауы – тамы­рынан, адамның қартаюы – та­банынан» деген сөз бар. Осының мәні неде? – Бек әулие бабамыз жоңғарлардың нояндарын, қазіргі тілмен айтқанда генералдарын көптеген ауру түрлерінен емдеу арқылы келісімге келіп, ел-жұртты сұрапыл шапқыншылықтан сақтап қалған көрінеді. Көбіне ол таулы жерлерден, жазық даладан қоржын-қоржын шөп жинап, халықты аралап, үнемі сапар шегіп жүреді екен. Сонда қоржынына екі-үш таяқша салып жүретін көрінеді. Кезіккен жұрт себебін сұрағанда: «Мен көп жол жүргенде шаршаймын. Сол кезде аттан түскен бойда осы таяқшаны табан астына салып, табанымды әрлі-берлі ысқылап, қуат көзімді қалпына келтіріп отырамын» дейді екен. Мұны бүгінгі тілмен айтсақ, табанға массаж жасап отырған. Сол кезде табандағы бүкіл клеткалар қайтадан жанданып, қанның айналуы күшіне енеді. Сондықтан біз осы медицина саласының ұлы ғалымдары жасаған амалды бүгінде дәстүрлі ем көзі ретінде жұртқа насихаттап жүрген жаймыз бар. – Сіз нені ұнатпайсыз? – Адам бойындағы жалқаулық, күншілдік, жершілдік, намыссыздық сынды жағымсыз сипаттарды ұнатпаймын. Осы сипаттар бізді құртатын қауіпті дерт. Бұдан құтылуымыз керек. Қазақты құртатын осы төрт сипатты жұмыс кеңсемнің көрінетін тұсына үлкен етіп жаздырып қойдым. Орталықтарымызға ем іздеп ата-аналарына ілесіп жас өскін балалар келеді. Солар көрген сайын санасына сіңіріп, осы теріс сипаттардан сақтанып, өзінің өмір жолына негіз етіп алса деймін. Бар болғаннан емес, нар болғаннан...  – Сіз әуелде Алматыда «Жас-Ай» халықаралық медицина орталығын ашып, нәтижелі еңбектің арқасында 90 мың ел азаматын ауруынан айықтырып, 15 мың адамды тегін емдепсіз. 5 мыңнан астам отбасыға бала сүю бақытын сыйлауға себепкер болыпсыз. Мыңдаған науқастарды сал (ДЦП) дертінен құлан-таза сауықтырыпсыз... Қайырымдылық жасау қажеттіліктен туа ма, әлде қанда бар қасиет пе? – Адам қайырымдылықты бар болғаннан жасамайды, нар болғаннан жасайды. Нар қашан да елдің көшін бастайды, жұрттың жүгін көтереді. Кімде-кім өз отбасының кәкір-шүкір шаруасынан ел-жұрттың мүддесін биік қоя алса, міне осындай нар кеуде азаматтардан қайырымдылық шығады. Кеше ғана ақпарат құралдарын қарап отырып, көзіме жас алдым. Сонда бес жасар бала өзіне планшет алуға жинап жүрген ақшасын індетке қарсы күрес жұмыстарына жұмсайтынын мәлімдепті. Бірнеше айдан бері жинаған 6 900 теңгесін қайырымдылыққа жұмсағысы келетінін айтыпты. Кішкентай бала үлкен жүректің сөзін айтып отыр. Бұл ақша былай қарасаңыз дымға да жетпеуі мүмкін. Бірақ бұл нарлықты, тәрбиені көрсетеді. Міне, осындай ұрпақ қана біздің келешегімізді кемел ете алады. Осындай жастар ертең жетіліп ел ісіне араласса, басшылыққа кіріссе, солардың арасынан министрлер, әкімдер шықса, сонда ғана халықтың тілеуі орындалады. Сондықтан мен де қолымнан келгенше мұқтаж жандарға шарапатымды тигізсем деген жастарға үлгі болып, жомарттықтың жолын көрсетсем деймін. Біз отандастарымызға жұқпалы індеттің бар-жоғын анықтайтын тест жасау үшін қаржылай көмек үлестірдік. Өкпенің қабыну дертімен ауырған жеті жүзден астам науқас біздің орталыққа келіп тіркелді. Біз оларды Жапониядан, көршілес Ресей, Қытай мемлекеттерінен әкелінген коронавирус індетіне тікелей әсері бар шөп тұнбаларымен емдедік. Оның біразы қайырымдылық тұрғыда емделді. Көп жақсылығымызды жария еткіміз келмейді. Алайда көпшілікке үлгі болу ниетінде біршама қайырымдылықтарымызды айту артық болмас деген ойдамын. Сабыр Адай ақынымыз жырлағандай, «Әр қазақ – менің жалғызым!» Мұндай қайырымдылық шараларды «Жас-Ай» халықаралық медициналық орталықтары жүйелі түрде жасап келеді, болашақта да жасай береміз. Сұхбаттасқан Алғадай АРЫН, Дереккөз: muftiyat.kz