Балалардың саулығы да, білімі де - басты назарда
2020 ж. 23 шілде
2729
0
Елімізде өскелең ұрпақты білім нәрімен сусындату жолында еселі еңбек етіп келе жатқан білім ордалары жетерлік. Бұл тұрғыда жалпы білім беретін орта мектептермен қатар, арнайы білім беретін мектептер үздіксіз жұмыс атқарып келеді. Осы тұста Есік қаласының облыстық көру қабілеті бұзылған балаларға арналған мектеп интернатының тыныс-тіршілігіне толығырақ тоқтала кетуді жөн санадық. Бұл мектептің өзге өзге білім беру ұйымдарынан басты ерекшелігі – балалардың тек білім алуына ғана жағдай жасап ғана қоймай, олардың әрбірінің денсаулығына айрықша көңіл бөлетінінде. Бүгінгі таңда білім ордасында көзі нашар көретін – 142 оқушы болса, олардың 28-і көру қабілетінен мүлдем айрылғандар. Мектептегі сыныптар саны – 25. Олардың 18-і қазақ, 7-еуі орыс сыныбы. Сонымен қатар, мектепте балалардың көру қабілеті мен дамуына жол ашатын дәрістермен қатар, оқушылар түрлі үйірмелерге қатысу арқылы өздерін жаңа қырынан танытып жатады. Мәселен, балаларға арналған бассейн, шахмат, шашка, үйірмелері олардың, денсаулықтарын жақсартып, ой-санасын одан әрі жетілдіре түсуіне септігін тигізеді.
Сенбі, жексенбі күндері оқушылармен кезекші тәрбиешілер жұмыс істеп, оларды бәр сәт те назардан тыс қалдырмайды. Сонымен қатар, білім ордасында ұйымдастырылатын түрлі мерекелік мәдени шаралар, балалардың көңіл-күйін көтеріп қана қоймай, өз өнерлерін ортаға салып, талантын шыңдауға жол ашып келеді.
Мәселен, Еңбекшіқазақ ауданы бойынша суда жүзуден өткен жарыста Ж.Тоқсейіт, Р. Тынышжан , Т.Имангазиев сынды оқушыларымыз қатысып, жүлделі 1 орынға ие болса, республикалық тоғызқұмалақ жарысында Н.Нүсіпбек, А.Тұрсын, Ж.Көшербайлар мектебіміздің намысын қорғап жүлделі 1, 2 орындарға ие болды.
Сонымен қатар спорттың шахмат, дойбы сынды түрлерінен де бақ сынаған М.Төлендиев, Ж.Тоқсейіт, Н.Нүсіпбек, А. Кенжеғұлова, сынды окушыларымыз биік белестерді бағындырып, мектебіздің абыройын асқақтатты.
Сондай-ақ, Астана қаласында ганболдан өткенреспубликалық мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған параолимпиада ойындарында Есік қаласының облыстық көру қабілеті бұзылған балаларға арналған мектеп интернатының оқушыларынан құралған команда 3 орын иеленіп, топ жарып, алға шықты.
Түрлі спорттық жарыстармен қатар мектебіміздің оқушылары түрлі білім бәсекелерінде жоғары нәтиже көрсетіп жүргенін мақтанышпен айтуға тиіспіз.
«Есік қаласының облыстық көру қабілеті бұзылған балаларға арналған мектеп интернатының» бастауыш сынып мұғалімі Ержан Иманов сабақ үстінде
Нақтырақ айтсақ, республикалық оқушылар арасында өтетін «Кенгуру» байқауынан Ш.Мұхамеди, И.Жолтай, халықаралык «Мега талант» байқауынан А.Әділжан,Ш. Мухамедилер қатысып жүлделі Ш-ші орынды иеленді. Сонымен қатар, республикалык «Жұлдызай» байқауында бақ сынаған Р.Ысқақова, Б.Оңғарбаев, Д.Тұралиев талантты оқушыларымыз да үнемі жеңіс тұғырынан көрініп, жұлдыздары жарқырап келеді. Осылайша, біздің оқушыларымыз өздерінің аянбай еңбектенуінің арқасында мүмкіндіктерінің шексіз екенін дәлелдеп келеді. «Ұстазы жақсының ұстамы жақсы» демекші, бұл әлбетте оқушыларды өнерге баулу жолында өзінің маңдай терін төккен ұлағатты ұстаздарымыз: Г.Баймұханова (музыка), Р.Камалова, Т. Мұқажанов (өнер), Ж.Аманжолова, Е.Жексенбеков, А.Уәлиевтердің (спорт) еңбектері орасан зор екенін атап өткіміз келеді. Есік қаласының облыстық көру қабілеті бұзылған балаларға арналған мектеп интернатының білім, спорт, өнер сынды барлық сала бойынша алдыңғы қатардан көрініп, зор жетістіктерге жетуі әлбетте мектеп директоры Г.Өтепбергенованың, оқу ісінің меңгерушісі Л.Малдыбаеваның, тәрбие ісінің меңгерушісі Б.Қожамбердиевалардың ерен еңбегінің жемісі. Сонымен қатар, мектеп-интернатында күнделікті жұмыс істейтін асхана балалардың дұрыс тамақтануына барлық мүмкіндікті жасап отыр. Интернат тәрбиеленушілеріне арналған кітапханада балалардың әрбірінің білімін жетілдіруге толық мүмкіншілік жасалған. Атап айтқанда, кітапханамыз көздері нашар көретін балаларға арналып, үлкен шрифпен басылған кітаптармен толыққанды қамтылған. Әсіресе, бастауыш сынып оқушыларының түрлі ертегілерді өз бетімен оқып, түсінуіне жағдай жасалған. Сонымен қатар, көздері мүлде көрмейтін оқушылар арнайы брайль шрифтісімен басылған оқушылықтарды қолдану арқылы, кітаптарды өз еркімен оқуға мүмкіндік алған. Тағы да бір атап өтуге тиісті нәрсе – көздері мүлдем көрмейтін және нашар көретін балаларға арналған книголюб аппараты балалардың көру қабілетін жақсартуға жол ашады. Нақтырақ айтқанда, сол книголюб көмегімен кітаптардағы мәтіндерді үлкейтіп немесе кішірейтіп оқуға, суреттерді көруге мүмкіндік алады. Аталмыш аппаратпен оқушылар өздіктерінен жұмыс жасай отырып, даму деңгейінің келесі сатысына көтеріле алады. Оқушылардың денсаулығын сақтау мақсатында жұмыс істейтін медблокта күні-түні білікті дәрігерлер балалардың денсаулығын бақылауда ұстап отырады. Мұның өзі ата-аналар үшін үлкен көмек екенін айта кетуіміз керек. Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов Үкімет отырысында алдағы 2020-2021 оқу жылының бірінші тоқсанында мектеп оқушылары қашықтан оқитынын тілге тиек еткен болатын. Дегенмен, қашықтан білім беру арнайы мектептің балалары тұрмақ, жалпы білім беретін мектептің бастауыш сыныптарына оңай соғып жатпағаны қоғамды жиі айтылып жүр. Осы жағын ескеретін болсақ, қашықтан білім беру әдісі ерекше білім беруді қажет ететін мектеп интернатының тәрбиеленушілеріне екі есе ауыр соғып жатқанын ашып айтқымыз келеді. Себебі, біздің интернатта білім алатын оқушылар көздері нашар көрумен қатар, кейбірінің зерде бұзылыстары бар. Жоғарыда біз атап өткен тың тәсіл – қашықтан оқыту барысында біздің мектептің балалары тек аудио жазбаларды тыңдап, ата-аналар көмегімен фото сызбаларды салумен шектеледі. Мұғалім тарапынан тиісті тапсырмалар берілгенімен, оны көре алмағандықтан дұрыс қабылдай алмайды да, оны орындау барысында бірқатар қиындықтарға ұшырайды. Оның салдарынан қалған көру қабілеттеріне де көп салмақ түсіп, кейбірінің денсаулықтарына кері әсерін тигізіп жатқанын да айтуға тиіспіз. Сонндықтан да, қорыта айтқанда еліміздегі ерекше назар аударуды қажет ететін интернат балаларына қашықтан білім алудан гөрі, арнайы мектепте білім алған әлдеқайда тиімдірек. Білім және ғылым министрлігі алдағы уақытта осы мәселені назардан тыс қалдырмай, оң шешімін табады деген ойдамыз. Ержан ИМАНОВ «Есік қаласының облыстық көру қабілеті бұзылған балаларға арналған мектеп интернатының» бастауыш сынып мұғалімі Алматы облысы Еңбекшіқазақ ауданы Есік қаласы