ҚАЗАҚСТАН: ҚҰРДЫМҒА ҚАРАЙ ҚҰСТАЙ ҰШЫП КЕЛЕМІЗ...
2020 ж. 24 шілде
4178
0
1.Қайда келіп тұрмыз?
«Бүкіл халық наразы қазір.
Халықтың көз-жасы күніге төгілумен болды.
Момын, көнбіс халықпыз. Бәрін біліп, көріп отырмыз.
Соқыр емеспіз. Керең емеспіз. Халықты ашындырып бітірді.
Білмедім ақыры не боларын!?»
Ханым Изетова
Міне, мәселе осында, еліміздегі бүгінгі жағдайға қарапайым қазақ әйелі дәл диагноз қойып отыр – бізде «ақыры» түгілі ертең не боларын жай адам тұрмақ, билік те білмейді. Әсіресе, БИЛІК білмейді! Оның жұмысты ұйымдастыра алмайтын қауқарсыз, медициналық тілмен айтқанда импотент екені, мақтанған интернет жүйеміздің имитация екені, медицинамыздың жемқорлықтан жүре алмай қалған мешел екені індет кезінде тайға таңба басқандай анық болды – ажал артымызды ашып берді.
Одан да жаманы – билік тікелей өзінің орашолақтығының кесірінен күніне ондаған адам қаза тауып, қалың қазақ қара жамылып жатқанда қуаныштан жүрегі жарыла жаздап салют атып, адамгершіліктің шеңберінен мүлдем шығып кетті. Ақын Қазыбек Иса айтқандай, биліктің қалған барлық азын-аулақ беделі сол отшашумен бірге жанып кетті! Абырой-аттан жұрдай еткен бұл іске оны ешкім зорлаған жоқ, халық қайта «бұларың ұят болады, бас тартыңдар!» деп жалынғандай болып жазып жатты, ал, көлгіновтер болса көптің сөзін к... де қыстырған жоқ, «медиктердің көңілін көтергіміз келді(?)» деп, екіжүзділікпен сайқы-мазаққа айналдырды. Биліктің аяушылық сезімнен мақұрым екеніне Жаңаөзен қырғынынан кейін көзі тағы бір рет жетіп, соңғы үміті үзілген халық, «жаны ашымастың қасында басың ауырмасын» деген осы екен ғой» деп, өз жарасын өзі жалап емдеуге кірісті. «Халықтың оттегіні өзі ізеп тауып жатқаны – нонсенс!» деді президент Тоқаев. Басқа қолынан келері болмаған соң қайтсін... Жеке басқа табынушылықтың отыз жылдық дәуірі осылай аяқталды. Аяқталған болса... (Айтпақшы, жұрттың бәрі билікке «бюджетті қайта қараңдар, қаржының бәрін көше жөндеу, бордюр ауыстыруға емес, денсаулыққа жұмсаңдар» деп жатқанда, Түркістан облыстық әкімшілігі Кентау мен Түркістанның арасынан «облыс әкімінің резиденциясын» салып жатқан көрінеді. Әрине, демеушілердің қаржысына болса керек. 1994 жылы да жаңа астананы да тек қана демеушілер қаржысына саламыз деген болатынбыз... Барлық сән-салтанатымен, жасанды көлімен, гольф ойнайтын алаңымен. Салют ататын Астанадан қалсын ба... «Атан өлсе сойылар, атам өлсе қойылар, бүгінгідей қансонар, маған қайдан табылар» деген қазақпыз, халық та қырыла бермес, өзі үшін тоқтар, соған бола салқын белді, самал көлді жұмақ-жайдың жұмысын тоқтатамыз ба, ең бастысы әкімдер тұратын жай ғой» деген шығар астана мен облыс ақылдасып...)
Бәрінен де жаманы – жемқорлықтың шыңына шыққандығымыз. ХҚО-дағы (ЦОН) ең анықтама жазып беретін қыздардан бастап премьер-министрге дейін қайтсе пара алғысы келіп тұрады. Алып та жатыр. Рас, бәрі бірдей ұсталып жатқан жоқ, бұл – бөлек әңгіме.
Елдің тегіс көзі жеткен екінші нәрсе - мәселенің Президентте де, министрлер менен әкімдерде де емес (бүгінгілері болсын, бұрынғылары болсын), жүйеде екендігі. Маминнің орнына Шөкеевті әкел, Сымайыловты әкел, министрлер мен әкімдерді түгел ауыстыр, ешнәрсе өзгермейді. Себебі, олар елді басқаруды кеңседе, кабинетте отырып басқару деп түсінеді, көрген-баққандары сол ғана. Ал, шын мәнінде әрбір ел билеуден үміткер адам колхоз (совхоз) немесе зауыт (фабрика) басқарып, өндірістің қайнаған қазанының ішіне түсіп, жұртпен бірге күйіп-жанып, қайнап-пісуі тиіс. Неге осы екі мектептің біреуінен өтпеген адам ел басқара алмайды деп отырмыз? Өйткені, тек өндірісте сен күн сайын ондаған, жүздеген нақты мәселені шешіп үйренесің. Біреуден сұрай алмайсың. Біреуге тапсыра да алмайсың. Тек өзің, дәл кәзір, табан астында шешуге тиіссің! Ал, бізде эконономиканың негізі болып саналатын өндірістің өзінің жойылғанына ширек ғасырдан асты, басшыларда басқа тәжірибе қайдан болсын...
Иә, бұл, Биліктің кінәсі. Одан да бұрын соры. Орысша айтқанда, не вина его, а его беда. Кінәсі – «мен қауқарсызбын» деп мойындап, өз еркімен кеткісі келмейтіндігінде. Бірақ, ең жаманы, қайталап айтамыз, қауқары бар басқа басшылардың да жоқтығында! Сонда не болды, банкротпыз ба? Банкротпыз! Ауыр болса да мойындауға тиіспіз. Банкрот болған елдің басы да біз емеспіз, соңы да біз емеспіз. Құдыретті Американың өзі де оған 30-жылдары ұшыраған. Ендеше не істеуіміз керек? Қай жолға түсеміз?..
Бірінші жол, қалай келе жатырмыз, сол жолмен, министрлер мен әкімдерді ауыстырып, жүйені ауыстыруға әрекет те жасамай, сол «сабақтастығымызбен» алға қарай тарта береміз. «Ақыры» не болады? Мәселенің ешқайсысы шешілмейді, керісінше, шиеленіскен үстіне шиеленісе түседі. Ленин ескерткен «революцияның алдындағы – төмендегілер бұрынғыша өмір сүргісі келмейтін, жоғарыдағылар жаңаша басқара алмайтын жағдай» әбден пісіп-жетіледі-дағы, кез келген сәтте кез келген жерде орыстың бүлігі ойыншық болып қалатын қазақы көтеріліс бұрқ ете түседі. Кәзірдің өзінде әлеуметттік желіде «көтерілмесек болмайды» деген жазу күн санап көбейіп келеді. Халық ашына бастады. Өйткені, ия ем-дом жоқ, ия жұмысы жоқ! Ертең ашыға бастайды, сонда қарадай отырып қынадай қырыла беруі керек пе?
Өте қорқынышты нұсқа бұл. Неге? Себебі, стихиялық түрде басталған толқу таудағы тасқын секілді, ешкімнің ырқына көнбей кетеді. Билік Жаңаөзендегі «тәжірибесін» қолданып, әсіресе, бас кезінде, жаншып тастауға әрекет жасап көрері даусыз. Бірақ, ашынған халық үрейді ұмытатыны белгілі. Бұның аяғы биліктен, түптеп келгенде байлықтан айрылғысы келмеген Биліктің көрші елдерден, бірінші кезекте Қытайдан әскери көмек сұрауына апарып соғуы мүмкін. Оған да керегі осы. Оның үстіне бұл елге «отандастарының мүддесін қорғау үшін» әскер күшке сүйенуіне рұқсат берген келісім-шартымыз да бар. Осылайша, біз Қытайдың боданына қалай айналғанымызды білмей де қаламыз...
Осы нұсқаның екінші түрі - 2009 жылы шыққан, Ақтан Төкіштің «Манкуртстан» қияли-антиутопия романында жазылғандай, Үкімет Қазақстанды бір ғана Қытай баурына басып алмауы үшін, елдегі 14 облысты АҚШ бастаған 14 елге жалға беріп, өзі Лондонға көшіп кетуі де әбден мүмкін.
Осы нұсқаның үшінші, ең қорқынышты түрін көзге елестетіп көрейік. Екінші нұсқаның ықтимал екенін көрген батыстағы Кіші жүз жайлаған мұнайлы-газды 5 облыс Иманғали Тасмағанбетовті ме, Бергей Рысқалиевті ме, мүлде басқа біреуді ме, 20-жылдардағы Тобанияз хан секілді, өздеріне басшы сайлап алып, бөліп кетуі мүмкін. Мемлекеттер әдетте соғыс кезінде емес, бейбіт заманда ыдырайды. (КСРО – жарқын мысал). Құрамында қазақтың барлық руы бар Ноғайлы да қазақпен соғысып ажырасқан жоқ... Әсіресе, маңғыстаулық жауынгер адайлардың тұяқ серіппей тәуелсіздіктен айрыла салуын көзгеелестету мүмкін емес.
Беті аулақ, бірақ, Қазақияның ыдырай бастағанын көрген еліміздегі өзге ұлт өкілдерінің қарап қалмасы хақ. Бірінші кезекте солтүстік пен шығыстағы 4 облыс Ресейге, ал, күнгейдегі 500 мың өзбек диаспорасы Өзбекстанға қосылуға әрекет етері сөзсіз. Оның үстіне 1993 жылы сол кездегі Өзбекстан президенті И.Каримовтың теледидардан сөйлеп: «Әмір-Темір бабамыз атының тұяғымен жаулап алған жердің бәрін біз ақылмен жаулап алуымыз керек!» деген сөзі бар, оны Қазығұрт ауданының орталығында қонақта отырғанда біз өз құлағымызбен естіген болатынбыз. (Алтын Орданы ажалынан жүз жыл бұрын қиратқан, ата-бабамыздың басынан мұнара тұрғызған осы қолбасшы емес пе еді? Біз болсақ оны атын Түркістанда мектепке, осы қала мен Сайрам кентінде басты көшелерге береміз. Ұлттық идеяның жоқтығынан...) Сөзбен шектелген жоқ, шекараны айқындап, бекіту кезінде өзбектер кеңес замандағыдан шекарадан бірталай жерімізге кіріп алды. Ташкенттің түбіндегі Ташминводы деген жерден өтетін шекара 15 шақырымдай бері жылжып, Сарыағаш курортының тура іргесінен бір-ақ шықты. Соған жол берген (әрине, тегін болмаса керек) тек қана сол кездегі Сарыағаш ауданының әкімі мен ОҚО әкімі деп ойлайсыздар ма?.. Ендеше,
басымызға қиын заман келді дегенше әскерінің бізден саны да артық, сапасы да жақсы, ең бастысы - сарбазының ұлттық рухы да әлдеқайда мықты (оның дәл солай екенін ана жылдары соғыс ашқысы келіп, шекарада арандатып, сегіз сылтау, жеті желеумен 31 сарбазымызды атып өлтіргенде жауап қатуға жарамай, өзіміз-ақ дәлелдеп бергенбіз) өзбектер «Ақмешіттен Ұзынағашқа дейінгі жер біздің ата-бабамыздың, Қоқан хандығының жері» деп, бас салуға дайын. Осылай болжам жасауға мәжбүрміз. Олар бас салса мұздай қаруланған (бір ғана мысал: 90-жылдардың басында Арыстағы арсеналда орыс командирлер қару-жарақты оңды-солды сатқанда, бір «криминальный авторитеттің» жүргізушіісінің 11 КамАЗ немесе 550 жәшік – әр жәшікте АКМ-47, «макаров» пистолеті және гранатомет толық оқ комплектімен – қаруды Шымкенттің өзбектеріне сатқанын, бір машина ғана қаруды қазақтарға жалынғандай болып жүріп өткізгенін «Ақжол-Қазақстан» апталығында 2004 жылы көктемде жазғанмын) 500 мың диаспора өкілі «5-колоннаның рөлін ойнамайды» деп кім кепілдік бере алады?!..
Өзбекті айтасыз, қырғыздар күні кеше, 2009-2010 жылдары Жамбыл облысында Аспара аулынан Қордайды Шу стансасына кететін бұрылысқа дейін, 100 км астам республикааралық трассаны қоса, мыңдаған гектар жерімізді ел аман, жұрт тыныш кезде алып қойған жоқ па? Соның салдарынан Батыс Қытай – Батыс Европа тасжолын салған кезде доғадай иілген 100 км жаңа жол салуға мәжбүр болдық емес пе?
Қытай мың жылдан бері армандап келе жатқан, Алатаудан Балқашқа дейін жерді қарпып қалса, Қазақстан Қарағанды, Көкшетау мен Ақмола облысының шеңберінде қала ма? «Мүмкін емес!» дейсіз бе? 1989 жылы да жазда Халық депутаттарының І-сиезі басталғанда екі жылдан КСРО күйрейді деген ой ешкімнің түсіне кірмеген болатын. Тіпті, Балтық жағалауындағы республикалардың өкілдерінің өзі «одақтық жаңа келісім жасайық» деген ұсыныспен келді. Кейін «конфедерация құрайық» деді. Тек, ескі жүйенің ешқандай өзгеріс жасауға, жаңаша басқаруға бармайтынына көздері жеткен соң, 1990 жылы кілт бұрылды, «біз - кетеміз» деді.
2.Не істеу керек?
Батыл болғанда не істеуі тиіс еді Тоқаевтың? Ең кемі кезек күттірмейтін жеті бағытта қатарынан түбегейлі өзгеріс жасауға кірісу. Ең алдымен, елдегі халықпен, оның ішінде қазақпен ашық, шынайы сөйлесу, қазақтың басын біріктіретін, рухын көтеретін істі істеу. Тек қазақша сөйлеу! Тек қазақша құжаттарды қабылдау! Неге? Президент Конституцияның мызғымастығының, адам құқығының кепілі (40-бап), ал, қазақ тілі – мемлекеттік тіл, оның мәртебесі «мемлекеттік ұйымдарда және жергілікті өзін-өзі басқару органдарында ресми түрде қазақ тілімен тең қолданылады» деген орыс тілінен жоғары екенін Конституциялық Кеңес бекітіп берген, демек, тек қазақ тілі қолданылуын өзі орындау және өзгелерден талап етуі – Президенттің тікелей міндеті! Ол болса қазақтың кеңдігін, көнбістігін пайдаланып бұзып отыр. Өткенде «Ана тілінде» «орыс тілі ғылым тілі болып қала береді» деген тіпті қате, "қазақ тілін ешқашан көгертпейтін" ұстаным! Өйткені, ғылым тілі, демек, арнайы орта және жоғары оқу орындарындағы білім тілі – қазақ тілі болмай, ол ешуақытта іс жүзінде толыққанды мемлекеттік тіл бола алмақ емес! Президент Тоқаев осыны мойындауы және тезірек түзетуі тиіс, сонда ғана қазақ оның қазаққа шын жаны ашитынына сенетін болады. Себебі, қазақ тілін білмеген адам оның мұңын-зарын түсінбейді, мұңын-зарын түсінбеген адам оның жанын қалай түсінеді? Жанын түсінбеген адамның «оған жаным ашиды» дегеніне кім сенеді?
Президенттің екінші істейтін ісі – Парламентті тарату, оны бір палаталы, тікелей және бір мандатты округтерден жабық дауыс беру арқылы қайта сайлау. 145 депутаттың орнына 40 депутат жетеді, Төрағасымен қоса.
Президенттің үшінші істейтін ісі – 1993 жылғы Конституция негізінде оны қайта қабылдау. Конституцияда «Жер ешкімге сатылмайды, тек ҚР азаматтарына ғана жалға беріледі, онда да жыл сайын келісімді созу арқылы» деп жазу арқылы мұл мәселені түбегейлі шешу. Мен 2016 жылы «Конституция мен Жер кодексін өзгертпей қазаққа күн жоқ» деп мақала жазғанмын, содан бері бұл мәселе өткірленбесе шешілейін деген жоқ.
Президент төртіншіден, діни бірлесіктер туралы заңды да қайта қарап, «бір ұлт – бір дін (бір мазхаб)» етуі тиіс. ҰҚК-те 20 мың вахабит тіркелуі деген сұмдық қой!
Міне, осыларды істегенде ғана қазақ бір ДІЛді ұлтқа айналады. Ал, әзір Сәдібек Түгел айтқандай: «Дәл қазір ұлттық ДІЛІМІЗ теріс жаққа: ұрлық-қарлыққа, жаппай жемқорлыққа, тапа-талтүсте өз отанын, елді жеуге ауысып кеткен. Қайда барсаң да сыбайлас жемқорлық пен қазынаны, халықты тонау. Оның нағыз дәлелі: «СК Фармациия мен Медициналық Қордың» бесіктен белі шықпаған, 30-40 дың арасындағы жас жігіттердің қандарының қарайып, ДІЛінің бұзылғаны. Осыдан кейін, жастарға ЕЛДІ қалай сеніп тапсырасың?»
Президент осы төртеумен қатарластыра, жұмыс орнын жаппай ашатын, демек, бидай мен мұнайдан бастап, барлық өндіру саласын жаппай, түгелдей тереңдетіп өңдеу саласына ауыстыруға күні ертең кірісуі керек! Бір «ресурстар қарғысынан» құтылуға тиіспіз! Оған шамамыз келеді. Бұның ішіне шетелдік компаниялармен келісім-шарттарды қайта жасау да кіреді. Оларға ширек ғасыр май шелпек болғанымыз жетер, қайта жасауға көнбесе мемлекет қарамағына қайтып алу қажет. Жалпы, болашақта түгел бәрі елімізге қайтарылуы тиіс.
Президент Өзбекстан, Қытай, Моңғолия мен Ресейден көшіп келемін деге қазақтың бәрін, ал, бұл шамамен 4-5 млн. адам, шекарадан өткенде қолына төлқұжат ұстатып, шығыс пен солтүстік аймаққа барлық жағдайын жасап, басына баспана, алдына мал беріп, ауыл шаруашылық өнімін өндіріп қана қоймай, сол жергілікте жерде оларды минитехника мен озық технологияның арқасында тереңдете өңдеп шығаратын шағын кәсіпорындар құру бағдарламасын қолға алып, оны алдағы 2-3 жылда орындап шығуы керек.
Ауыл шаруашылығы – бізді алға сүйреп алып шығатын стратегиялық сала. Себебі, дамыған Батыс пен Шығыста біздікіндей экологиялық таза өнім өндірілмейді деуге болады, ескірген жер оған мүмкіндік бермейді. Сонау 2000-жылы европалық делегациялық Сайрам ауданына келгенде құлпынайдан жасалған тосаптың (варенье) дәміне таң қалып, құлап қала жаздап еді. Олары бізге оғаш көрінді, «дәмі кәдімгі дәм, не ерекшелігі бар екен?» дестік....
Сингапур деген мемлекет-қала бар. Қала болса да әлемдік экономикада орны бар. Жалпы ішкі өнімнен 37-ші, өнеркәсіп (!) жөнінен 35 орында (2018 жыл бойынша). Сол Сингапур індет басталғаннан 5,8млн. халқын аман қалудың барлық шарасын қатаң тәртіппен, тез және тегін істеді, індетке адам берген жоқ...
Бізді де аман алып қалатын - тек қана өндіріс, тек қана жаңа техника мен озат технология, алдыңғы қатарлы ғылым, жемқорлықсыз мемлекет. Басқа жол жоқ!
3.«Ағаларың бірікпейді, Ринат, жандары тәтті олардың...»
Жақсы, үлкендерден қайран жоқ екен, «қолым таза, жаным таза, арым таза» (Нұртас Оңдасынов) дейтін жастарды тартайық» деген де дұрыс шығар дейін десең, жоғарыда С.Түгел айтқандай жағдай. Жарып тұрған, жанып тұрған, күдік тудырмаған бір де біреуі жоқ. Тірі жан табылмады ма сонымен?..
Жоқ, ел болған соң ерлерді тудырмай тұрмайды. Солардың екеуін атайын. Жасы үлкен болғандарымен, жаны жас олардың, күш-қуаты да бойларында. Біріншісі – Жауғашты Нәбиев. (Ол туралы пікір айтпас бұрын толық мәлімет алғысы келетіндер мына сілтемеге кірсін: https://kitap.kz/author/1987). Инженер-электрик. Алматыдағы «Қызыл ту» өндірістік бірлестігінің аға электригінен бас директордың коммерция бойынша орынбасарына дейін, министріктің коллегия мүшесіне дейін көтерілген, 1989 жылы Министрлер Кеңесіндегі бөлім бастығы қызметін өз еркімен тастап (СовМин тарихында тұңғыш рет) кооператив құрып, 1991-1993 жылдары оның «Қазақстан Коммерция» сыртқы сауда қауымдастығы Қазақстанның Сауда министрлігінің рөлін атқарған. «Казатомпромды» өз қолымен қолымен құрған, «Казкоммерцбанктің» құрылтайшысы болған адам. Бірақ, бірінші Нұрекеңдей (Оңдасыновты айтамын!) болмысынан айнымайтынын көзі жеткен соң, біздің билік оны жағаға шығарып тастаған...
Екіншісі – Ибадулла Қалыбеков. Қазақстанның 1962 жылы Өзбекстанға беріліп, 1971 жылы қайтпай қалған жерінде туып өскен, 31 жасында Ауылшарминистрі, 21 министрлік құрамына кірген Госагропромкомитеттің төрағасы, вице-премьер болған азамат. Шымкентте «Асар» деген жаңа м/а салып, соған өзінің туған ауданындағы 25 мың қазақтың бірін де қалдырмай көшіріп әкелген азамат.
Бұл екі азаматты көпшілік білмегенмен, президент Қ.Тоқаев біледі деп ойлаймын. Және ол екеуі тізе қосса, ел ішінен жаңа өндіріс құруға қабылеті, білімі, қайраты жететін, елге шын жаны ашитын, ердің – ері, еменнің – шоры ғана шыдас беретін ауыр іске арқасын тосуға жарайтын жасы бар, жасамысы бар жампоздарды тауып, іріктеп, таңертең салса кешке озатын, ылдидан салса төске озатын әкімдер мен министрлер командасын жасақтай алады деп сенемін.
Ендігі – Қ.Тоқаевтың өзі сондай ерлікке баруы керек! Басын бәйгеге тігуі тиіс! Өйткені, жемқорлыққа бөгіп қалған, оның үстіне кландарға бөлініп алған біздің билік жүйені бұзуға көне қояр ма екен? Білетіндер байлық баладан да, бұла махаббаттан да тәтті дейді ғой... Демек, екінші сценариіміз іске асуы үшін президенттің елі үшін құрбан болуға дайындығы қажет. Ал, бұл сценарий іске аспаса не болады? Онда, "жаман айтпай, жақсы жоқ" бірінші сценарий болуы мүмкін... Р.S. «Жұртты құрбан болғысы келмейді» деп кінәлайсыз, өзіңіз неге шықпайсыз?» деген сұрақ тууы мүмкін (айтылып та жүр). Менің бойымда Имекеңнің азулылығы мен ұйымдастырушылық қабылеті, Ислам Әбішевтің жоқтан бар ететін іскерлігі бар болғанда, қан майданға баяғыдан кірген болар едім. Өз шамамызды білгендіктен, қазақы көкіректі басып тыныш жүрміз. Менің бойымда Имекеңнің азулылығы мен ұйымдастырушылық қабылеті, Ислам Әбішевтің жоқтан бар ететін іскерлігі бар болғанда, қан майданға баяғыдан кірген болар едім.Өмірзақ Ақжігіт,
Қазақ үні