Қиындықтан ұйымшылдығымыз ғана құтқарады - Әбдіғали Жүнісов

Отырар ауданының әкімі Әбдіғали Жүнісовті ешкім де шынжыр балақ, шұбар төс әкімдердің санатына жатқыза алмайды. Барынша қарапайым. Барынша қарапайым болатыны билікке сол елдің өз ішінен келген. Әкім болғанға дейін ауылда жүріп, қолына шалғы алып, шөп те орған, күрек ұстап, бетон да қарыған. Сіз бен біз қандай жұмыс істеп өссек, соның бәрі Әбекеңнен қалған. Қазір біреу телефон шалса, қорқатын заман болып қалды. Телефон шыр ете қалса, жүрегің дір ете қалады. “ Ойпырмай, тыныштық па екен?..” деп тұрасың. Жаңа жұмыстан шығып, үйге бет алғаным сол, Әбекеңнен қоңырау келді. Телефонның ар жағынан ауырырақ дем алып,”Әбеке, ауырып қалды деп естіп едім, тәуір болайын дедіңіз бе? Құда қаласа, жеңесіз!” дейді азамат. “Мен шүкір, тәуірмін, өзіңнің даусың ұнамай тұр ғой, Әбеке” дедім үрейімді жасыра алмай. “Мына пневмония деген жарықтық бізді де ұмытпапты, облыстық ауруханадан бір-ақ шықтым. Шүкір, қазір жақсымын” деген Әбдіғали әкім қашанғы әдетімен әңгімені қайтадан жұмыс барысына бұрып жіберді. - Мына дерттің бірден бір емі - иммунитетті күшейту. Иммунитетіңіз күшейсе, ауруға бой бере қоймайсыз. Ал, иммунитетті күшейту үшін екінің бірі қуатты тамақ іше ала ма? Әсіресе ауылдағы ағайынның бәрінің бірдей дастарқаны жайнап тұрған жоқ қой. Сіз ішкен, біз ішкен тамақты олар да ішу керек. Сондықтан аудандық ауруханаға пневмониямен түскен науқастардың ас мәзірін күшейтуді тапсырдым. Аудандағы барлық кәсіпкерлерді, мәслихат депутаттарын, әкімдік қызметкерлерін қайырымдылық жасауға шақырдық. Оларға ауырып жатқан адамдардың ешқайсысының бөтен емес екендігін, біреумізге ағайын, біреумізге нағашы- жиен, біреумізге жекжат, ең бастысы, өз қазағымыз, өз отандасымыз екендігін түсіндірдік. Аудандық ауруханада 90 медперсонал жұмыс істеп жатыр. Науқастармен күнделікті қарым-қатынаста болғандықтан оларға да күшті тамақтар ішу керек. Дәрігерлер аман болса, мына аурудан тезірек шығамыз. Аурудан неғұрлым тезірек шықсақ, баяғы қалыпты өмірімізге де тезірек ораламыз деп сенемін. Мұның бәрін не үшін айтып отырмын? Өзім әрең дем алып жатқанда маған ешқандай пиардың қажеті жоқ. Науқас жандардың күшті тамақ ішуін, сөйтіп иммунитеттерін тезірек күшейтуін еліміздің барлық атырабында жүйелі түрде қолға алсақ деймін. Бізді бұл қиындықтан ұйымшылдығымыз ғана құтқарады. Елге сіз боп, біз боп осыны жеткізуіміз керек қой, - дейді азамат. Ауруының жанына батып тұрғанын білдіргісі келмейді-ақ. Ұзақ ойланып отырып қалдым. Сосын бұл дерттің қазақтың тізесін бүге алмайтынына анық көз жеткізгендей болдым. Ауырма, Әбеке! Тез тұрып кет! Мына өмір жүрегінің бір бұрышына “елім” деген ұғымды ұялатқан азаматтармен қызық қой. Басқаны қайдам, өзім осылай ойлаймын.

Абай Балажан, Қазақ үні