"Әліппе" мектеп бағдарламасына қайта енгізілетін болды
2020 ж. 22 шілде
2250
0
Алдағы оқу жылында 1- сынып оқушылары «Сауат ашу» пәнінің орнына «Әліппе» мен «Ана тілін» оқиды. Тиісті құжат шықты. Бұл туралы ҚР БҒМ хабарлады.
Жақында Мемлекеттік жалпыға міндетті стандартқа өзгерістер енгізіліп, Әділет министрлігінде тіркеуден өтті. Ондағы маңызды жаңалықтардың бірі –келесі оқу жылында бірінші сынып оқушылары «Сауат ашу» пәнінің орнына «Әліппе» мен «Ана тілін» оқитын болады.
Бірінші сынып оқушылары оқу жылының бастапқы екі тоқсанында «Әліппенің» бағдарламасын оқыса, қалған екі тоқсанда «Ана тілі» пәнін оқиды. Сәйкесінше, орыс тілінде немесе басқа тілдерде білім алатын сыныптарда «Букварь» мен «Обучение грамоте» пәндері жүргізіледі.
Айта кетерлігі, «Әліппе» Ахмет Байтұрсынұлының әдістемесі негізінде дайындалады. Қазіргі кезде оқулықтарды әзірлеу бойынша үлкен жұмыс жүргізіліп жатыр. Бірыңғай бағдарлама жасаумен айналысатын жұмыс тобы құрылды. Оның құрамында мықты тіл мамандары, әдіскерлер, бастауыш сынып мұғалімдері мен бұған дейін оқытылған «Әліппе» оқулықтарының авторлары бар.
Бағдарламалар мен оқулықтар дайын болғаннан кейін оларды пилоттық мектептерде сынақтан өткізу жоспарлап отыр. Кейін басқа мектептерге жіберілетін болады.