Қазақстанда жедел жәрдем көліктерінің өндірісі қарқын алды
2020 ж. 21 шілде
1257
0
Қостанайдағы «СарыарқаАвтоПром» зауыты жедел медициналық жәрдем көліктерінің өндірісін кеңейтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Соңғы жағдайларға байланысты медицина қызметкерлерінің жүктемесі артты. Соған байланысты Қазақстанның денсаулық сақтау министрлігі арнайы техника паркін ұлғайту қажеттілігі туралы хабарлағаны мәлім. Нәтижесінде Қостанайдағы «СарыарқаАвтоПром» зауыты жедел медициналық жәрдем көліктерінің өндірісін кеңейтті.
«Бұған дейін автоөндіруші компания JAC минивэндерінің арнайы техникасын құрастыруды жолға қойған болатын. Коронавирус пандемияның жағдайларын ескере отырып, автомобильдерді қайта жабдықтау және Chevrolet Damas үлгісін толықтыру туралы шешім қабылданды. Көліктер Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің техникалық спецификациясы бойынша шығарылды. Жедел жәрдем машиналары медицина қызметкерлеріне арналған. Жедел, сенімді, қозғалысқа ыңғайлы автокөліктер пайдасын тигізеді деген ойдамын. «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры мен «Kaspi.kz» банкі жаңа автокөліктерге сұраныс беріп қойғанын айта кетейік», - деп атап өтті «СарыарқаАвтоПром» серіктестігінің директоры Сырым Семейбаев.
Зауыт басшылығы атап өткендей, жинақы автокөлік барлық сынақтардан сәтті өткен. Медициналық көліктер пациентті тасымалдауда тиімді. Автомобильдер науқастарды тасымалдауға арналған барлық қажетті медициналық, санитарлық және бактерицидтік жабдықтармен, соның ішінде өкпені жасанды желдетудің портативті аппаратымен, ЭКГ-аппаратымен, пульсоксиметрмен және дефибриллятормен жабдықталған.