"Қазақстан" ұлттық арнасы халықпен бірге
2020 ж. 18 шілде
2313
0
Басқа БАҚ-на қарағанда телеарнаның қоғамға ықпалы зор екені анық. «Қазақстан» ұлттық арнасы осынау зор мүмкіндікті қарапайым халықтың қажетіне жаратып, пандемия кезінде басты байлығымыз – денсаулықты қалай сақтау қажеттігі жөнінде елге мол мағлұмат беруімен ерекшеленіп келеді. Ұлттық мүддемізді қорғау жолында ғана емес, тұтас халықтың саулығын сақтау жолында аянбай тер төгіп келе жатқан ұжымның қазіргідей сын сәтте атқарып жатқан жүйелі жұмысы туралы газет оқырмандарын толығырақ таныстыруды ұйғардық.
Елімізде төтенше жағдай басталған сәттен бастап «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасының бағдарламалары да қазіргі жағдайларға қарай сәйкестендірілді. Тікелей эфирдегі «Ниет», «Ашық алаң» жобалары наурыз айынан бастап күн сайын осы тақырыпты тереңірек қаузауға көшті. Карантин кезінде «Ашық алаң» ток-шоуы форматын өзгертіп, күніне екі мезгіл тікелей эфир арқылы хабар таратты. Күн сайын live режимде COVID-19 тақырыбы бойынша спикерерді шақырып, көптің көкейіндені өзекті мәселелерді көтеріп келді. Халықтың мұң-мұқтажы мен түрлі саладағы проблемаларды ашып айтқан бағдарлама эфирге шыққалы екі жүзден астам тақырыпта сөз қозғады. Оның ішінде елді сарсаңға салып, әбігерге түсірген пандемияға қатысты елуге жуық эфир жасап, халыққа шынайы әрі нақты ақпарат берді. Қазір карантин тәртібінің күшейтілуіне байланысты бұл жобалар жазғы демалысқа жіберілді. Дегенмен, шілде айының басынан бастап, аз құрамда, студиядағы аудиториясыз «Теледәрігер» жобасы өз жұмысын бастады. Бағдарлама аптасына бес күн бойы 20:30да тікелей эфирде шығады. Қатысушы екі-үш маман тек арна көрермендері тарапынан келіп түскен сауалдарға жауап береді. Бағдарламаның мақсаты - ел тұрғындарына, әсіресе шалғай ауыл-аймақтағы көрерменге қазіргі күрделі ахуалға байланысты күнделікті медициналық кеңес беру. Дәрігерлер тікелей эфир барысында COVID-19 вирусы мен өзге де аурулардан сақтану мен алдын алу шаралары, емдеу тәсілдері туралы нұсқаулық береді. Эфир барысында кез келген адамның студиядағы +7 (7172) 75-7171 нөміріне қоңырау шалып, сұрағына жауап алуға мүмкіндігі бар. Сондай-ақ ел тұрғындары +7 775 9073163, +7 775 9073159 WhatsApp нөмірлеріне алдын ала бейнесауал жолдап, тікелей эфир уақытында тиісті маманның кеңесін ала алады. Одан бөлек, дәрігерлермен Skype арқылы байланысқа шығып, сауал қою мүмкіндігі қарастырылған. Сондай-ақ Ұлттық арна пандемия және COVID-19 ахуалы жөнінде арнайы жобалар циклін, Skype-сұхбат форматында медицина тақырыбы бойынша бағдарламалар циклін, Медицина қызметкерлері күніне орай тікелей эфирде «Абзал жандар» телемарафонын дайындады. Телемарафонның мақсаты – ұлт саулығы мен әр адамның өмірі үшін күресіп жүрген медицина қызметкерлерінің ерен еңбегі мен ерлігін дәріптеу еді. Қосылымдарда медицина саласының ардагерлері мен дәл қазір демалыссыз, үй бетін көрмей, қызмет етіп жүрген дәрігерлермен сұхбат жүргізілді. «Qazaqstan» Ұлттық арнасының тілшілері еліміздің барлық өңірінен тікелей байланысқа шығып, аймақтардағы медициналық нысандардың тыныстіршілігін көрсетті. Мемлекет және қоғам қайраткерлері мен дәрігерлердің шарапатын көрген ел тұрғындары Skype арқылы байланысқа шығып, тікелей эфирде абзал жандарға алғыстарын білдірді. Әлеуметтік желі арқылы «Менің ғажайып дәрігерім» байқауын ұйымдастырып, телемарафон аясында қорытындысы шығарылды. Байқау талаптары бойынша ел тұрғындарынан өзінің және жақындарының өмірін құтқарған дәрігерлер туралы хаттар қабылдап, көпшілікке жария етілді. Мұның да мақсаты – адам жанына араша болған дәрігерлердің еңбегін дәріптеу. Ұлттық арнаның «Aqparat» жаңалықтар қызметі де елде төтенше жағдай басталғалы жұмысын бір сәтке тоқтатқан жоқ. Телеарна тілшілері қауіпті аймақтардан сюжет әзірлеп, бес күн бойы екі мезгіл тікелей эфирге шықты. Қазіргі жағдайды, халықтың шынайы ақпаратқа деген қажеттілігін ескере келе шілде айының басынан бері сенбі күндері де кешкі 20:00-де тікелей эфирге шыға бастады. Одан бөлек, әлемде ауру тарала бастаған сәттен телеарна эфирінен коронавирус пандемиясы тақырыбында күніне алпысқа жуық бейнеролик көрсетіліп келеді. Онда қауіпсіздік шаралары мен аурудың алдын алу бойынша кеңестер, елге танымал тұлғалардың халықты үйде отыруға шақырған үндеулері айтылды. Негізгі мақсат – халықты барынша ақпараттандырып, аурудың таралуына жол бермей, оның алдын алуға үлес қосу. «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» демекші, осылайша ел болып біріккенде, ұлт болып ұйысқанда ғана қатерлі дертті ауыздықтап, бұрынғы алаңсыз өмірімізге қайта оралатынымыз анық. Сондықтан да әрбіріміз БАҚ-да айтылып жатқан саулығымызға байланысты ақыл-кеңестерге құлақ түріп, мүмкіндігінше тәртіпке бағынып, ереже сақтар болсақ, біз біз бағындырмайтын белес болмасы анық.
Гүлмира БАҚЫТЖАНҚЫЗЫ
qazaquni.kz