Қоғамдық бақылау ұйымы іске кірісті

Алматыда Covid-19 бойынша «Қоғамдық бақылау» ұйымы өз жұмысын бастағаны туралы хабарлады. Мұндай топтар өзге аймақтарда да құрылып,  өңірлердегі үйлестірушілердің телефон нөмірлері жарияланды. «ҚазАқпарат» ХАА Халықтық бақылау бастамасына ақпараттық қолдау көрсететін болады. «Қоғамдық бақылау тобы құрылды. Денсаулық сақтау министрлігі бізбен бірге жұмыс жасауға бекінді. Барлық аймақтарда үйлестірушілеріміз бар. Біз гуманитарлық көмектің бөлінуі, дәріханалар мен аураханалардың ахуалы, шектеу шараларын бұзу мәселелерін бақылаймыз. Жақын арада ұйым құқықтық мәртебесін алып, мүшелерімізге куәлік құжаттары беріледі. Біз барлық мәселеге обьективті көзқараспен қараймыз», - деді қоғамдық бақылау тобының үйлестірушісі Саида Тәуекелева. Қоғамдық бақылау тобы құрамына қоғам белсенділері, еріктілер, сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес қызметі мен БАҚ өкілдері енді. Гуманитарлық жүктің бөлінуін бақылайтын топ «СҚ «Фармация» қоймаларын аралады. Ол жерде Қытайдан келген гуманитарлық жүк бөлінген болатын. Бұл бақылау тобы әлеуметтік желі арқылы Катардан, Ресей мен Қытайдан келген гуманитарлық жүктің ауруханаларға қалай үлестіріліп жатқанын тексеріп, суреттер мен видеоны әлеуметтік желіде жариялай бастады. Еске сала кетейік, 11 шілдеде ҚР ДСМ басшысы Алексей Цой елде медициналық ұйымдардың жұмысын бақылайтын тәуелсіз ұйым құрылатынын айтқан болатын. ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі Аида Балаеваның тапсырмасымен «Қоғамдық бақылау» акциясына ҚазАқпарат ХАА ақпараттық қолдау көрсетеді. qazaquni.kz