Құлбек Ергөбек: Халық болмаса әкім кімге керек?

Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаевқа

Құрметті Бердібек Мәшбекұлы!

Қ.Р. Президенті Қ.К.Тоқаев билік өкілдерінен ел ішіндегі алапат індет туралы тек шындықты айтуды өтініп отыр.

Өкінішке қарай, кейбір билік институты [әкім, министр] әлі күнге елді қынадай қырып бара жатқан індет зардабының алдын алу орнына, шындықты бүркемелеп, індет зардабын азайтып көрсетумен әлек. Әріптестеріңіздің бұл әрекеті [әдейі істемесе де] сын сәтте дұрыс емес. Дұрыс еместігін айтып Қ.К.Тоқаевқа хат үстіне хат жазумен отырмын. Мақсатым қазақ деген қоңыр халыққа қарлығаш болып, қанатыммен су сеуіп араша түсу! Азаматтық парыз,жазушылық міндетім!

Кеше ғана Қ.Р. Денсаулық министрі А.Цойға әлеуметтік желі арқылы хат жазып, көшірмесін Қ.К.Тоқаевқа жолдадым! Шындықты білсін дегенім!

Облыс әкімдеріне бұрын да хат жазғам. Дәрі дәрмек тапшылығы келе жатыр-деп дабыл қақтым! Облыс әкімдері "Дәрі-дәрмек жетерлік! Бәрін қамдап қойдық"-деп рапорттап жатты. Сіз ғана Денсаулық сақтау саласы мамандарын жинап: "Қамданайық! Облыста дәрі тапшылығы болмасын! Керек болса, бұл іске жергілікті бюджеттен қаржы қарайық!"-деп ұран тастадыңыз! Солай жасадыңыз да! Жамбыл облысы дәрі дәрмектен бәлендей қысыла қоймады-ау. [Салыстырмалы түрде]. Әлеуметтік желіде ризашылық айтып Сізге хат жаздым. Оқыған-оқымағаныңызды білмеймін! Желіде біреу қолдады, біреу қолдамады! Ол заңдылық! Ешкімге өкпелей алмаймын!

Жаңа ғана Тараздан аға досым, ақ адал жазушы Несіпбек Дәуітаев телефондады. Сіз облыс кәсіпкерлерін, бар бизнес өкілдерін жинап, халыққа перзенттік қамқорлық жасауға шақырыпсыз! Әлі есімде, Сіз "Еңбек және жұмыспен қамту" министрі болып тағайындалғанда [алғашқы жолы] мына қоғамға "Бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі" ұғымын енгізгеніңіз!

Жүйеге енген соң қазақ кәсіпкерлерінің патриоттық, ұлттық сезімі оянды, тіпті шет ел компанияларының өзін өз регионында халыққа әлеуметтік жауапкершілік жүйесімен қызмет еткіздіңіздер! Жамбыл облысындағы бүгінгі ісіңіз сол баяғы [2003 ж. ма?] "Бизнестің әлеуметтік жауапкершілігінің" жалғасы болып жаңғырыпты! Кәсіпкерлер Сізді бір ауыздан қолдапты. Жүрегім жарыла қуандым, Беке! Өзім ауырып жатқанда халыққа деген мына орайлы ісіңіз, оны кәсіпкерлердің қолдауы менің жанымды жадыратты!

Халық болмаса әкім кімге керек? Жазушы кімге керек? Халық үшін жан пида бейіліңізге Алла береке берсін! Рахмет, Сізге!

Беке, рахмет айтумен бірге, Сізден көмек сұрағым келіп отыр. Елдегі шет ел компаниялары, не бір алпауыт олигархтар да "Бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі" аясында мынадай сәтте халық саулығына жұмылсын дә! Жоғарыда жүрген тұлғасыз, Президентке дейін жеткізіп айтсаңызшы! Бүгінгі ахуал бір өңірдің әкімімін. Соның шебінен шықпауым керек деген шектелушілікті көтермейді бүгінгі уақыт! Бүгінгі міндет Президент идеясына топтасып, ынтымақ,бірлікпен қазақ халқын індеттен аман алып шығу! Қазақ қазір Шекспир сұрағы [Бар болу? Иә жоқ болу! Беті аулақ!] шебінде тұр!Өтініш, Бердібек Мәшбекұлы!

Құлбек Ергөбек,

Қазақ үні