ҚАЙЫРЫМДЫЛЫҚ ҚОҒАМ ТІРЕГІ
2020 ж. 13 шілде
2279
1
Қандай қуатты мемлекет болса да ол бәрібір өз қоғам мүшелеріне тәуелді. Өйткені сол мемлекетті мықты етіп отырған сол қоғамның адамдары. «Адамның күні адаммен» деген өмірлік тәжірибеден туындаған қағиданы қазақ атамыз босқа айтпаған. Ол мына тіршілікте адам баласы бір біріне сүйеу, қорған болып жүру керектігін көрсетеді.
Қоғамның қандай жүйесінде өмір сүрсек те бір-бірімізге қайырымды, мейрімді болғанға ештеңе жетпейді. Әлемді жаңартатын, қоғамды құлпыртатын да дәп сол мейірімділік пен қайырымдылық екені ақиқат.
«Заман өзгерді ме, әлде адам өзгерді ме?!» - деп мына тіршілігімізде орын алатын түйткілдерге қарап кейбір кездерде ойға қалтынымыз жасырын емес. Ондай жағдайға жиі куә болып жүрміз. Мерзімді баспасөзде, телеарналардың күнделікті жаңалықтары осыны көрсетеді. Халықтың ата-бабадан қалған байлығын тонаған, қара басының қамын ғана ойлаған жоғары лауазымды қызметтегі жемқорлар топталып ұсталып жатқанын, адамдардың бір-біріне жасаған озбырлығын көргенде күйініп, ашу-ызаға булығатынымыз да бар. Ал, кейбіреулердің жақсы, ізгі істерін естіп білгенде жанымыз жадырап, жаңағы азаматтарды танымасақ та риза болып, сырттай алғысымызды айтып жатамыз. Олар қиындыққа тап болған жандарға қол ұшын беріп, өзгелердің өмірін мүмкіндігінше жақсартуға тырысады. Қайырымдылық пен мейірімділік ізгіліктің анық көрінісі болып табылады, адамның асыл қасиеттерінің бірі. Кісінің айналасындағыларға деген ықыласы мен көмегін адамгершілік қарым-қатынастарын білдіреді. Бір қоғамда қатар өмір сүрген соң бәріміздің қарым-қатынасымыз жоғары адамгершілік деңгейде болғаны ләзім.
Бір қарағанда қоғамды келеңсіз көріністер жайлап алғандай көрінгенмен жақсы жақтарымыз да аз емес. Балаларға, қарттарға, мүгедектерге, үйсіз-күйсіздерге қаражат жинап, жанын салып көмек көрсетіп жүретіндер де жетерлік. Соңғы жылдар осындай жүздеген қайырымдылық қорлары құрылып, тұрақты жұмыс істеп жатыр. Сондай қайырымдылық ұйымның бірі – «Мейірімділік» ерікті қоғамы» қоғамдық қоры. Оның аты мен қызметін бүгінгі күні бүкіл еліміз біледі десек артық емес. Қазақстанда емделмейтін, ауыр науқас балаларға көмек көрсетуге бағытталған «Балаларға өмір сыйла», «Жетімдерсіз Қазақстан» және «Аутизмді жеңеміз!» қайырымдылық шараларының бастамашысы және ұйымдастырушысы. Қоғамдық қор өз жұмысын ресми түрде 2006 жылы 6 сәуірде бастаған болатын. Оның алдында қорды ұйымдастырушы, тұрақты жетекшісі Аружан Сайын бастаған волонтерлер Алматыдағы №1, №2 балалар үйіндегі сәбилерге жан-жақты көмек көрсетіп жүрген болатын. Елімізде түрлі ауруларға шалдыққан балалардың саны жылдан жылға артып бара жатқаны еріктілерге аталмыш қорды құруға тікелей түрткі болғанын айтуымыз керек. Сол жылы қор белсенділері қан ауруына шалдыққан балаларға көмек көрсету үшін www.donor.kz сайтын ашып, көпшіліктің назарын аударды, бұл бағыттағы нақты іске кірісті.
Қоғамдық қор болған соң негізгі қаржылық салмақ көпшілікке, жеке қалталы азаматтарға, коммерциямен, бизнеспен айналысатын ұйымдарға түседі. Солардың қаржысы ауру балаларды сауықтыру мақсатына жұмсалады. Әрине оларды табу, балалардың ауыр халдерін, көмекке аса мұқтаждығын түсіндіру де өте қиын жұмыс. Кім қаражатын оңайлықпен бере салады дейсіз. Кейбіреулері тіпті қаржыны дәп осы балаларды емдеу мақсатына жұмсалатынына күмән келтіретін кездер де болады. Қаржы жүрген жерде есеп те болуы шарт. Қор қызметі көпшіліктің назарында, есеп-қисап ашық жүргізіледі. Ұйымның атқарылған жұмыстары туралы кезең-кезеңімен есеп беріліп тұрады. Сонымен бірге тәуелсіз аудиторлық компаниялар тексеру жүргізеді. Ал атқарылған жұмыстар көп. Айталық қор өзін жұмысын бастағалы 2020 жылға дейін еліміздің барлық аймақтарынан 1858 баланы емдету үшін көмек көрсетілген. Оның ішінде 2795 күрделі ота жасау қаржыландырылған. Тек қана ота жасау үшін қор арқылы 3 679 076 045 теңге жұмсалыпты. Бұл жерде демеушілердің балалардың ата-аналарына тікелей аударылған ақшасы есепке алынбайды. Әрине өте қомақты сома болғанмен шетелде емеделу қымбат, шетелдік дәрігерлердің қызметі арзан тұрмайтыны белгілі. Ең бастысы, сауығудан сенімін жоғалтқан балақандардың болашаққа деген үміт отын қайта тұтатудың өзі үлкен іс емес пе! Бала денсаулығы үшін ақша аяудың қажеті жоқ екенін баршамыз түсінеміз, сондықтан да бұл бағыттағы қордың қызметін көпшілік қызу қолдап жатыр. Өйткені ондай қайғылы жағдай ертеңгі күні кез-келген адамның басына келуі мүмкін ғой. Бүгінгідей экологиялық, экономикалық, психологиялық ауыр жағдайда кімнің де болса ауырмайтынына ешқандай кепілдік жоқ. Бұл бір ғана біздің еліміздегі ауыр ахуал емес, қазіргі кезде әлемнің көптеген елдерінде балалар сырқатының өсу деңгейі жоғары. Тіпті дамыған еуропалық елдерде де бұл тұрақты мәселеге айналған.
Қордың өзінің елімізге белгілі тұлғалардан тұратын тұрақты кеңесі жұмыс істейді. Оның қатарында Бақытжан Исенғалиев (төраға), Мәулен Әшімбаев, Ерғали Бегімбетов, Әсел Тасмағанбетова, Вячеслав Ким секілді елге танымал азаматтар бар. Қорға демеушілік білдірушілер де аз емес. Алдында айтқанымыздай демеушісіз қор болмайды. Олардың бәрін тізіп шығу мүмкін емес және қажеті де жоқ. Кейбіреулер қомақты қаржылай көмек көрсетсе де құпия қалғанды жөн көреді, әрине ол өз еркі. Ең бастысы таза ниетпен көмек көрсетіп, өзінің азаматтық борышын адал атқарса болғаны ғой. Тағы бір айта кететін жағдай, қалтасы жұқа қарапайым тұрғындарымыз бұл игі істен шет қалғысы келмейтіндігі. Олар аз да болса, тиындап болсын үлес қосқысы келіп тұрады. Бұл да біздің қоғамдағы адамдардың жүрегінде мейірім барын көрсетеді. Несі бар, теңіз тамшыдан құралады демекші, көп түкірсе көл болады деген осы емес пе?!
Әрине жекелеген компаниялардың бұл істе үлесі мол екені түсінікті. Солардың бірі – GREEN ECO (Грин Эко). Қормен әріптес болып, компания 70 қорап өз өнімдерін күнсайын Алматы қаласы мен облыстағы балалар үйіне, мүгедектер мен қариялар үйіне жеткізіп тұрады. Жекелеген адамдар, жеке компаниялармен бірге «Самұрық-Қазына» қоры да осы игі іске үлкен үлесін қосып отыр.
«Мейірімділік» ерікті қоғамы» қорының жұмысы балаларды емдеуге мүмкіндік жасаумен ғана шектелмейді. Ұжым балалар үйне жиі барып түрлі мәдени іс-шараларды да ұйымдастырып тұрады. Мысалы, «Мейірімділік» Ерікті қоғамы» қорының спорттық алаңында «Аутизмді жеңеміз!» жобасы аясында «Біздің қолымыздан бәрі келеді» атты спорттық мереке өткізіледі.
Шараның мақсаты – спорттық бәсеке барысында жобаға қатысушылардың қол жеткізген нәтижелерін көрсету, сол арқылы денсаулықтарын түзету.
Осындай іс-шарада тәрбиеленіп жатқан жеткіншектер мерекеге келген қонақтар мен ата-аналарына өздерінің спорттағы жетістіктерін көрсетеді. Әсіресе, олар эстафета кезінде өздерінің командылық рухтары мен ерік-жігерлерін көрсете білсе, «Аңсау» футбол командасы допты кәсіби деңгейде меңгере алтындықтарын дәлелдеді. Ересектер үшін мерекеге келген қонақтар да қатысып кеткен флешмоб тосынсый болды. Бұл мерекеге балалармен бірге олардың ұстаздары да қатысты. «Аутизмді жеңеміз!» жобасы қызметкерлері күнделікті жүргізіп жатқан жұмыстар балалардың қоршаған ортаға бейімделуіне зор ықпал етіп, олардың жанұясымен де, өздері қатарлылармен де еркін араласып кетуіне әсері зор екенін айқын дәлелдеді.
Қордың екінші бағыты – жетім балаларға көмек көрсету. Олардың тұрмыстық жағдайы, зорлық-зомбылық көруі немесе басқа да қиын жағдайларды жіті қадағалайтын қор қызметкерлері қашан да көмекке келуге дайын. Балаларды жағдайы бар жайлы жанұяға беру де үлкен мәселе. 2011 жылы жетім балалар туралы деректерді іске қосу арқылы бір мыңнан аса жетім балалар жаңа ата-аналарымен табысты. Бұл істе де қиындықтар көп, әсіресе заңнамалық жағынан. Ата-анасынан айырылған балалардың статусы әртүрлі болып келеді. Олардың ішінде уақытша тастап кеткен балалар мен тастанды балаларды асырап алуға болмайды. Оларды патронатқа алуға да рұқсат жоқ. Тек тұл жетім статусына ие болған балалар ғана болашақ отбасына беріледі. Еліміз бойынша 30 мыңға жуық жетім балалардың тек 7 мыңдайы – тұл жетім, ал қалғандары – ата-анасы тірі балалар екен. Демек, балалар үйіндегі балалардың 80 пайызы асырап алуға жатпайды. Оларды ата-ана құқығынан ажырату үшін көп уақыт керек екен. Балалардың өз ата-анасы ешқашан қайтып келмесе, олар сол жетімдер үйінде қалуға мәжбүр. Оны асырап алғысы келгендерге берілмейді. Қайырымдылық қорының директоры Аружан Сайын бұл туралы тұрақты түрде мәселе көтеріп келеді. Бірақ күрмеу көп бұл сұрақ түпкілікті және толық шешілген жоқ
Ия,қайырымдылық ұлтымыздың ең ізгі қасиеттерінің бірі. Ол бағзы заманнан атадан балаға аманат боп келе жатқан асыл мұра іспеттес. Қандай қиын кезеңдер болмасын сол мұраны жоғалтпай келе жатқанымыз қуантады.
Дана халқымызда «қайырымдылық жасасаң, қайырымын өзің көресің» деген ұлағатты сөз бар. Бұл қайырымдылықтың қайтарымы болады деген ұғым. Әрине, ешкім бүгінгі балаларға жасалған жақсылықтың қайтарымын сұрап жатқан жоқ. Ол ертеңгі күні осы балалар есейіп, ержетіп Отанына еңбек етсе бүгінгі қайырымдылық жүз есе болып қайтады деген сөз. Ең бастысы бүгінгі балалардың жүрегіне мейірімділік шуағын түсіре білсек болғаны. Сонда олар да ата-баба аманатын жалғастырып ғасырларға жалғайтын болады.
Бек МЫРЗАҰЛЫ
qazaquni.kz