Экономикалық өсімді қалпына келтіру керек
2020 ж. 05 шілде
830
0
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Астана» халықаралық қаржы орталығы Басқару кеңесінің кеңейтілген отырысын өткізді. Онлайн форматта өткен жиында Қазақстанның экономикалық өсімін қайта қалпына келтіру және аталған үдерістегі «Астана» халықаралық қаржы орталығының рөлін арттыру сөз болды.
Қасым-Жомарт Тоқаев алдымен АХҚО биржасына былтыр Полиметалл, «Қазатомөнеркәсібі» ҰАК» АҚ және Halyk Bank секілді ірі корпоративтік компаниялардың акцияларының сәтті орналастырылғанын атап өтті. Қазақстан Президенті пандемия мен мұнай бағасының құлдырауынан туындаған жаһандық дағдарыс жағдайында және дамушы елдердің нарығынан капиталдың кетуі кезінде ұлттық экономиканы әртараптандыру үшін жаңа реформаларды жүзеге асыру қажет екенін айтты. Мемлекет басшысының пікірінше, АХҚО ел дамуының орта мерзімді перспективаға арналған стратегиялық бағытын айқындау аясында экономикалық бастамаларды жүзеге асыруға белсенді атсалысуы керек. Қасым-Жомарт Тоқаев Қаржы орталығы шетелден тікелей инвестиция тарту үшін өзінің әлеуетін толық пайдаланатынына сенім білдірді. АХҚО-ның мүмкіндіктері экономикалық өсімді қайта қалпына келтіру үшін барынша жұмылдырылуы керек. «Құнды қағаздардың ішкі нарығы әлі толық дамыған жоқ. Сондықтан сенімді әрі нақты шаралар қабылдау керек. Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігіне АХҚО мен бірігіп, құнды қағаздардың ішкі нарығын ықпалдастыруға және дамытуға бағытталған жаңа әрі нақты нормативтік база әзірлеуді тапсырамын, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев. Отырыс барысында сарапшылар мен АХҚО Басқару кеңесінің мүшелері өңірдегі және әлемдегі экономикалық жағдай туралы өз ойларын ортаға салды, сондай-ақ, олар Мемлекет басшысының өзекті бастамаларын қолдап, «Астана» халықаралық қаржы орталығының мүмкіндіктерін ұлттық және өңірлік деңгейде пайдалану аясын кеңейту жөніндегі пікірлерімен бөлісті. Кеңейтілген отырыс қорытындысы бойынша «Астана» халықаралық қаржы орта лығының жылдық есебі мен оның 2025 жылға дейінгі даму стратегиясы қабылданды.
qazaquni.kz
t