«Азаттық» кімнің сойылын соғып жүр?
2020 ж. 14 шілде
1820
0
Құданың құдіреті, Ақназар Әбдіғаппарұлы деген кім екені белгісіз бір жас бала менің «Жас Алаш» газетінде жарияланған «Дүрліккен дүние және бейғам Қазақстан» деген мақаламды газеттің өзінен емес, сайтынан оқып алып, ондағы келтірілген фактілерді жоққа шығарып, «Билл Гейтске жабылған жала» деген пікір айтыпты. Ара-арасында кекету де бар. Мені фейсбуктегі жазбасында «әлемдегі ең қараңғы жазушы» деп атап, «мұндай жазушыны Қызыл кітапқа енгізіп, оның дені сау ма, жоқ па, оны анықтау керек» деп, сырттай диагноз жасап та үлгеріпті. Соған қарағанда бұл жігіттің қазақ әдебиетінен мүлде мақұрым екені айтпаса да түсінікті. Айналайын Ақназар балам, «әлемдегі ең қараңғы жазушы» деп, сен анықтама беріп отырған менің шығармаларым бұл күнде күллі әлемге танымал болып отыр. Сен айтқан «қараңғы жазушының» пьесалары Лондонда (екі пьеса), Түркияда, Софияда, Санкт-Петербургте (үш пьеса), Омбыда, Кореяда, Душанбеде (академиялық орыс драма театры), Башқұртстанда (2), басқа да бұрынғы одақтас республикалардың сахнасында жүріп жатыр. Бұл тізімде Әуезов театры мен Лермонтов театры, Ғ.Мүсірепов атындағы академиялық жастар театры, кәріс, ұйғыр театрлары бар. 2016 жылы сен айтқан «ең қараңғы» жазушының «Исабеков әлемі» деген атпен Алматы қаласында халықаралық театр фестивалі өтті. Оған алты шетел театры, алты қазақстандық әйгілі театр қатысты. 2014 жылы Лондонның «Арзу артс» театры тұңғыш рет қазақ авторының пьесасын сахналады, сол жылы Лондондағы халықаралық Айтматов академиясының бастамасымен «Гауһартас» және басқа новеллалар» деген атпен жеке кітабым жарық көрді. 2014 жылы тағы сол Лондонда «Біз соғысты көрген жоқпыз» деген повесім жеке кітап болып жарыққа щықты. Ал 2017 жылы Лондон қаласында «Аққу-Жібек» пьесамның премьерасы өтті. Сол жылдың 2 қазанында «Аққулар әні» деген атпен шыққан таңдамалы пьесалар жинағының тұсаукесері Лордтар палатасында өтіп, Лордтар сөз сөйлеп, менің шығармашылық жолым жайлы баяндама жасады. Былтыр Швециядан «Сіздің шығармаларыңызды жақсы оқимыз. Келесі кітабыңыз Альфред Нобельдің елінде шығуы тиіс» деген хат алдым. Қазір ондай кітап баспаға әзірленуде.
Мұның бәрін айтпас едім, «қараңғы жазушы» болған соң, айтуыма тура келді. Қараңғы емес, көзі ашық сен сияқты оң-солын енді танып келе жатқан балаларға, амал жоқ, айтуыңа тура келеді екен. «Өз елінде пайғамбар тумайды» деген орыс мақалы рас екен. Оның үстіне қазақ болсаң. Төңірегіне асыл мен жақұтты ажырата алмайтын тоғышарлар қаптап кеткен кезде Пушкин де қатты опынып: «Черт догадался, что с таким умом и талантом родиться мне в России» деп күйіне жазып еді. Ол – Россия, ол – Пушкин, ал біз байғұсқа не жорық?! Осындай «көзі ашық» балалармен қатар өмір сүруімізге тура келеді. Өкінішті.
Сен өз жазбаларыңда «Азаттық» радиосының менің мақаламның кейбір тұстарына берген бағасына сүйеніпсің. Мен білетін «Азаттық» радиосы елдің, ұлттың мүддесін ойлап, қазағының бүгіні мен ертеңіне алаңдап, елімізде билік тарапынан орын алған кейбір кереғар жайттарды сынға алып, Астана мен Алматы қалаларында ауық-ауық өтіп жататын митингілерден тікелей репортаж жүргізіп, шындық көріністі шынайы қалпында көрсетулері арқылы көптің көңілінен шығып жүруші еді. Сол «Азаттық» радиосы кенеттен миллиардер Билл Гейтсті қызғыштай қорғап, оны сүттен ақ, судан таза етіп көрсетуге барын салыпты. Айналайындар-ау, оны не үшін қорғап отырсыңдар? Әлде біреулердің тапсырмасы солай болды ма? Мен ол мақаламда бірде-бір фактіні ойдан шығарған жоқпын, бәрі де Ресейдің миллиондаған таралымы бар «Комсомольская правда» газетінен алынды (10-17 маусым, 2020 ж). «Әлі күнге шейін Ресейдің газеттерін оқиды екен» деп, Ақназар балам мені «ескіліктің адамы» дегендей бір түйреп өтіпті. Иә, мен «ескіліктің адамымын», мен сендер сияқты бүгін бар, ертең жоқ фейсбуктің оқырманы емеспін, мен қағазға басылған сөзге ғана сенемін. Қағазға басылған сөз жүздеген, мыңдаған жылға жетеді, ал интернет жүйесіндегі сөзді бірнеше күннен соң таппай қаласың. «Азаттық» радиосы мен Ақназар баламның сөзіне қарағанда, мен ғана емес, Билл Гейтсті сынға алған Америка президенті Д.Трамп та, оның телеканалының жүргізушісі Лора Ингрэм де, Италия парламентінің депутаты Сара Куниям да, Австралияның Мельбурн қаласында «Билл Гейтсті тұтқындау керек» деген ұранмен өткен демократтар да, вакцина мәселесіне екі хабар арнаған атақты кинорежиссер Никита Михалков та, қала берді, дүниенің төрт бұрышына тарайтын «Комсомольская правда» газетінің бес редакторы да бүкіл редколлегиясымен қосып, «қараңғылар» боп шығады екен де, тек Ақназар баламның ғана көзі ашық екен. Оны «Азаттық» радиосы қолдайтын боп шықты. «Комсомольская правда» газетінде де ес жоқ екен, дүниені дүрліктірген осындай шулы мақаланы жарияламай тұрып, ең әуелі біздің Ақназар баламен, онан соң «Азаттық» радиосымен ақылдасып алулары керек еді.
«Азаттық» радиосы мен Ақназар балама айтарым, мен айтқан газетті тауып алып, ондағы айқара бетке жарияланған мақаланы оқып шығып, олардың жазғандарының бәрі жалған екенін дәлелдеп, «Комсомольская правда» газетінің сайтына шығып, орыс тілінде мақала жариялаңдар. Бәлкім, олар екеуіңнен кешірім сұрап, бұдан былай ондай мақалаларды сендердің келісіміңдерсіз жарияламауға уәде берер. Олар сондай уәде берсе, мен де сендердің келісіміңдерсіз мақала жазбауға уәде берейін. Бірақ сендердің келісімдеріңді алуға уақыт болмаған соң, осыдан бір сағат бұрын «Қазақстан» телеарнасының сұрауы бойынша президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың 13 шілдені «Аза тұту күні» деп жариялауына байланысты пікірімді білдіріп қойып едім, кешірерсіңдер!
Мен жазсам, ұлттың ертеңгі болашағын ойлап жазып едім. Қалт-құлт етіп 12 миллионға енді жеткенімізде, жас қыздар мен жас балаларға вакцина егуден қатты шошынғаным рас, ол қаупім әлі тараған жоқ. Өйткені ондай вакцинаны еккен елдердегі жас қыздардың біразы қайтыс болып, біразының ауруға шалдыққанын әлгі газет анықтап тұрып жазып жатқанда, қалай болған күнде де, Ақназар баламның ақыл айтқанындай, қалай «тамағымды ішіп-жеп» тыныш отыра бермекпін? Сендер шырылдап қорғап отырған Билл Гейтстің мына сөзінен кейін қалай бейғам отыруға болады? 2012 жылы Америкада миллиондаған оқырманы бар ТЕD конференциясында сөйлеген сөзін әлем жұртшылығы әлі ұмытқан жоқ. Онда ол былай деп еді: «Ең үлкен проблема – демография. Қазір әлемде 6,8 млрд адам өмір сүріп жатыр. Көп ұзамай адам саны 9 миллиардқа жетпек. Егер біз репродуктивті денсаулық сақтау бойынша үлкен де саналы жұмыс жүргізіп, денсаулық сақтау жүйесіне өзгерістер енгізіп, жаңа вакцинаны көптеп шығаратын болсақ, онда халық санын 10 пайызға кемітуге болады. Сөйтіп, халықтың санын 200-300 миллионға азайтуға мүмкіндік туады».
Осыдан кейін де ештеңе ойламай, бейғам отыра беру керек пе? Мен бейғам отыра алмаймын, өйткені мен «әлемдегі ең қараңғы жазушымын», сендер сияқты әлемдегі ең көзі ашық адам емеспін. Американың ең атақты кинорежиссері Стэнли Кубриктің «Широко закрытыми глазами» деген фильмі бар еді, сол сияқты сендер де өмірде болып жатқан, бар әлемді дүрліктіріп жатқан фактілерге «көздеріңді кең жұмып» қарайды екенсіңдер, сонан соң да сендерде уайым аз немесе жоқ. Ал мен байғұс ертең Қазақстанның аспанынан бір сағат бойы алтын жауып тұрса да уайым қыламын: «Мұның артында не бар екен?» деп. «Алақай, қазақтың аспанынан алтын жауды» деп, «көзі ашық» сендер сияқты қуана алмаймын. Әлемге кең жұмылған көзбен қарайтындарыңның белгісі сол – қазақ жазушысының пьесасы тұңғыш рет Санкт-Петербургте қойылғанда, тұңғыш рет ағылшын астанасы Лондонда қойылғанда, тұңғыш рет қазақ жазушысы Лордтар палатасында сөз сөйлегенде селт етпеп едіңдер, бір мақалаға аш кенедей қадалып, жер бетіндегі халық санын азайтуды мақсат етіп отырған Билл Гейтске шыр-пыр қағып, ара түсіп отырғандарыңа таңым бар.
Қорғаңдар Билл Гейтсті, ол сендердің қорғауларыңа өте мұқтаж боп жүрген көрінеді. Оны қорғау арқылы жер бетіндегі адамдардың санын, оған қоса, қазақ халқының санын азайта түсуге үлес қоса беріңдер. Бәлкім, олардан бір «пайда» көріп қаларсыңдар.
Солай бола тұрса да, «Азаттық» радиосы бұдан былай әлдекімдердің айдауымен жүрмей (олардың кім екенін шамалап біліп отырмын), ұлт мүддесін қорғаудан таймайтынына сенемін. Ал Ақназар балама айтарым – өмір жолыңды қолшоқпарлықтан бастама, әйтпесе ол сенің сүйегіңе өшпестей таңба боп түседі. Сендердің бар-жоқтарыңды білмейтін, әлемдегі ең бай Билл Гейтстің «қорғаушысы» болғаннан гөрі өз елдеріңнің қамқоршысы болыңдар. Сендер сынап жатқан менің мақаламды 50 мыңнан астам адам оқып, әлі де оқып жатқандары естеріңде болсын! Ал менің оқырмандарым, сіздер бұған не дейсіздер?
Мұндай мақаланы жазуға дем берушілерге айтарым – «Азаттық» радиосын әділ жолдан тайдырмаңдар, қолшоқпар ғып, ешкімге белгісіз жас баланы пайдаланбаңдар, оның ертеңгі болашағын бүгіннен бастап лайламаңдар.
Жарасбай мен Бақтығұлдың күйін кешуден аулақ болыңдар!
Дулат ИСАБЕКОВ