Қазыбек Иса. ШЕГІНЕРГЕ ЖЕР ЖОҚ - ЕЛ ТАҒДЫРЫ ҚЫЛ ҮСТІНДЕ!

 БАРЛЫҚ ТАРИХИ ЖАУАПКЕРШІЛІК ПРЕЗИДЕНТ ТОҚАЕВТА

Кешегі үкімет жиынында Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев ел күтіп отырған бірнеше жәйтті ашық айтты! Олар қандай мәселелер? Бірінші, осыған дейін отыз жылда қалыптасқан Мемлекеттік басқару жүйесінің індет кезінде істен шығуы! Сондықтан, Мемлекеттік басқару жүйесін қайта құру керек деді мемлекет басшысы! Екінші, үкімет пен әкімдердің дәрменсіздігін ашық сынап, ушығып кеткен жағдайды тұрақтандыруға екі апта уақыт берді! Төтенше жағдай басталғалы бес айда түк бітіре алмаған үкімет екі аптада ешнәрсе де шешпейтіні белгілі. Сондықтан бұл сынақ үшін берілген екі апта - жаңа үкіметті жасақтайтын мерзім болары анық. «Жалпы бүкіл әкімдер мен министрлер жазаға лайық. Алайда қазір біз әлеуметтік-экономикалық дамудың сыни кезеңінде тұрмыз. Үкімет пен әкімдерге дағдарыстан шығу үшін ойлы да батыл әрекет керек»-деді. Үшінші, «Қазір біз соғыста жүрміз. Сондықтан әрбір басшыдан жедел мәселелер мен тапсырмаларды шешуде барынша тиімділік талап етіледі. Жауапкершіліктен қашып, бюрократиямен айналысуға болмайды», – деді президент! -Дағдарыс біздің қоғамдағы әлеуметтік диспропорцияны, азаматтардың жергілікті және орталық билікке сенімсіздігін, скепсисті көрсетті. Біздің мемлекеттік аппарат, тұтас алғанда мемлекеттік басқару жүйесі уақыт талабынан көп артта қалып қойды. Идеологиялық аппаратқа да білім, тәжірибе, креативтілік, батылдық жетіспейді. Мемлекеттік басқаруды қайта құру керек! Бұл жергілікті өзін-өзі басқаруды күшейтетін саяси реформаға кіреді. Бұндай реформасыз еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуына нақты импульс бере алмайтынымызға көз жетті. Қазір жаңа тапсырмаларды сапалы орындайтын жаңа кадрларды іріктеу ең маңызды міндет болып тұр. Жаңа бағыт білімді, шешімді, бастамашыл, іскер және адал жаңа атқарушыларды қарастыруда. Мемлекеттік аппаратқа білімді, білікті, ойы ұшқыр, адал мамандар керек. Бізде осындай азаматтар жеткілікті ме?"-деп сұрақ қойды президент үкімет мүшелері мен әкімдерге. Риторикалық сұрақ өте дұрыс қойылды! Енді тек шұғыл шешім қабылдау керек. "Бас санитарлық дәрігердің пікіріне ешкім құлақ асқан жоқ. Кәсіби дағды мен ұйымдастыру жұмысы жеткіліксіз болды," -дейді президент. Бұның екінші жағы, бәлкім басты мәселесі болар, бар екенін айта кету керек. Телеарнадан бас санитар ғана емес, басқа да денсаулық саласы басшыларының сөзінің елге толық жетпеуінің себебі - бұл ең басты себеп болуы керек - олардың мемлекеттік тілді білмеуі! Белгілі жазушы, журналист, ҚР Президенті жанындағы Ұлттық кеңес мүшесі, "Қазақ әдебиеті" газеті Бас редакторы Дәурен Қуат: "Ең басты ескеретін жайт: маманның мемлекеттік тілді біліп, мемлекеттік тілде сөйлейтіндігі аса қажет болып тұр. Өйткені, науқастардың дені қазақтар, соның ішінде орыс тілінде берілетін ақпараттар мен мәлімет-кеңестерді түсіне алмайтын қазақтар. Бұны маған ауруханада жатқан бір танысым айтып отыр. «Аурухана толған қазақ, өлім мен өмірдің ортасында жанталасып жатыр байқұстар. Ал оларды кеп тексеретін, дәрі-дәрмек беріп, жәрдем көрсетететіндердің көбі орыс тілінде сөйлейтін ұлты қазақ дәрігерлер. «Айналайындар-ау, қазақсыңдар ғой, қазаққа қазақша сөйлесеңдерші» десең ұқпайды», – деп ашынады танысым. Ол танысым қазір өз жанының дертін ұмытып тілмаш болып жүр. Демек, алда-жалда телеарналар ковид пен пневмонияға қарсы күрес жүргізіп, эфирге инфекционист-мамандарды шақыратын болса, әлгі маманның міндетті түрде қазақ тілін білгені абзал,"-деп жазды "Қазақ үні" ұлттық порталында. Ал біздің Бас санитарымыз Айжан Есмағамбетованы "Қазақ үні" сайтында «Бас санитардың Ресей тіліндегі сөзін министр аударып бере ме?» атты мақала жазып, қайта-қайта сынап жүріп, "Бас санитар қазақша білмесе, онда осыны тағайындаған министр Біртанов немесе одан жоғарыдағылар келіп аударып берсін айтқандарын"-деп, мәселені төтесінен қойғанда барып, зорға қазақша сөйлеттік. Жазып алғанын зорға оқып бергеніне қатты қуанып, рахмет айтып тағы жаздық. Енді министр болып Алексей Цой келгесін, әлгі жазып алған қағазының қайда қалғанын да ұмытып кеткен шығар... Денсаулық министрлігінде мемлекеттік тілді білетін маман жоқ болса, Бас санитарлыққа Жандарбек Бекшинді қайта шақырып алайық. "Наконец-то коронавирус келді бізге!"-деген Жәкең енді "Наконец-то коронавирус кетті!"-деп айтатын күнге жетуге өзі де зор үлес қоссын, құдай қаласа! Ал Денсаулық министрлігі Тауарлар мен қызмет көрсету сапасы мен қауіпсіздігін бақылау комитетінің төрайымы Людмила Бюрабекова туралы «Денсаулық сақтау министрлігінде мемлекеттік тілді меңгерген маман жоқ па?!.» деген мақаламызда өткір сынадық. Тек орыс тілінде ақпар беретіндей Төтенше жағдайда Қазақстан заңдары жұмыс істемей, Ресейдің заңдары ғана жұмыс істей ме?!. Ресей тілін түсінбейтін миллиондаған Қазақ Елі азаматтарының дискриминацияға, шектеуге ұшыраған құқығы осылай күнде көз алдымызда таптала бере ме?-деген "Тіл жанашыры" Құрмет белгісінің иегері Руза Бейсенбайтегі бастаған тіл күрескерлері сотқа беретіндерін айтқан болатын... "Борсықты ұрған сайын семіреді" дегендей, Бюрабекова біздің сынымыздан кейін вице-министр болып өсіп кетті... Қоймаларына ел іздеп, қолдары жетпей өліп кетіп жатқан ең қажетті дәрілерді тонналап тығып қойған "СК-Фармацияның" бақылау кеңесінің төрайымы осы Бюрабекова ханым екен. Бұл кісінің бір жыл бұрын Фармация комитетінің төрайымы болғанын, қазір министрлікте фармацияға жетекшілік ететін вице-министр екені де жіптің ұшы қайда бара жатқанынан хабар береді... Жалпы біздің үкіметтің құрамына, басшысына да, басқасына да, министрліктер мен әкімдіктерге де қарап отырсаң, "Тілін білмеген, тірлігі мен тірілігін қайдан білсін?" деп, бір кезде жазғанымыз еске түсе береді.

ИМАНҒАЛИДЫ МӘСКЕУДЕН, ИСЛАМДЫ ТҮРМЕДЕН АЛДЫРУ КЕРЕК!..

Ауырып жатқандар да, қоймада тонналап тығылып жатқан дәрі-дәрмекке қолдары жетпей үзіліп жатқандар да, дәріні бермей тығып қалып, қалың қазақты өлтіріп жатқандар да қазақтар. Президент үкіметтен үмітін үзіп, іскерлер керек деп отыр! Жалпы, ұлты үшін жанқиярлық қайрат көрсететін ұлтшыл -мемлекетшіл тұлғалар үкіметке келмей тірлік оңалмайды. Соғыстан кейін қаусаған Жапонияны дағдарған елден дамыған елге айналдырған Ұлттық идеологиясы! Тәуліктің 24 сағатында кемі 20 сағаттай жұмыс істейтін және шаруаторы боп босқа шаба бермей, істің көзін білетін басы компьютер, жүрегі жалынды, ұлттық намысы берік, дарынды да қарымды қайраткерлеріміз құдайға шүкір, баршылық. Олардың алдыңғы қатарында Иманғали Тасмағамбетов пен Ислам Әбішті атайды көпшілік. Иманғалиды Мәскеуден, Исламды түрмеден алдыру керек, егер қазақ аман қалсын десек! Дәл қазіргідей мылтықсыз соғыс жағдайында Үкіметке Имекеңнің қарымды іскерлігі мен қатал талапшылдығы қажет! Тар жерде табанды тапқырлығы да бар. Кезінде елбасы ең қиын, тұралап жатқан жерлерге Тасмағамбетовты жібергенде, тастай етіп орындап шығып жүрді ол тапсырманың бәрін. Бұрын елбасының тапсырмасын орындап келсе, енді Ел аманатын орындап шығатынына сенеміз. Имекең әкім болып істеп кеткен  жердің бәрінде артынан ел іздеп жатады. Өткен жылдары астанамыздың көктемде көшелері көлге толып, қыста қалың қардан көліктер жүре алмай қалғанда жазып едік, "Тасмағамбетовты кезінде астанаға қар мен жаңбыр жаумаған ба" деп. Ресейде елші болған ол солтүстіктегі көрші елден медициналық көмек, дәрі-дәрмек, олардың кеше коронавируске қарсы шығарып, нәтижесі жақсы болып жатқан вакцинасын алдыруға да тезірек қолымыз жетер еді... Дәл қазіргідей қаржы тапшылығында Ислам Әбіштің Су ресурстары комитеті төрағасы кезінде, өзі 300 млрд теңгені үнемдегені үшін 11 ай жұмыссыз жүрген кезінде үкіметте қабылданып кеткен Су ресурстарын дамытудың мемлекеттік бағдарламасына балама бағдарлама жасап, Елбасыға кіріп жүріп, триллион теңге үнемдеген зор тәжірибесін неге пайдаланбасқа?!. Үкіметте ол жүргенде қаншама миллиардтаған қаржы үнемделіп қалар еді... Мысалы, 15 млрд теңгеге үш қаладан үш аурухана салуға жұмсағанда тапқанымыз 680 орын ғана ма? Бұл туралы біраз сарапшыларға сұрау салған едік. Исекең тасқамаудың қабырғасында отырып-ақ қарапайым арифметикамен есептеп қойыпты есепсіз шығынды... "Әй, осындай заманда 15 млрд теңгеге 680 орындық үш аурухана салудың не керегі бар еді? Қазір бар қалада қаптаған тойхана мен қонақүйлер қаңырап бос тұр. Стадионның да керегі жоқ. 1 орынға ары кетсе, осы заманғы талаппен ең күшті жағдай жасағанның өзінде 1 миллион жұмсасаң да 15 мың орын болмай ма? 200 мыңнан жұмсасаң 75 мың болады, 100 мың жұмсасаң 150 мың орын болады"-дейді еліміздегі #1 үнемшіл қайраткер. 2009 жылы Арыс апатында әскерилердің ешқайсысы беттей алмай тұрған,  жарылып, жанып жатқан снарядтар қоймасына облыс әкімінің орынбасары Ислам Әбіштің жалғыз өзі өртті сөндіруге барып, ұялған офицерлерді  еріксіз соңынан ергізген ержүректігі де талай жазылды баспасөзде. Ал қазіргі пандемия майданында әрбір жерде, тіпті аман қалған әр шаңырақтың өзінде жарылмаған мина жатқандай қауіпті күй кешудеміз... Президенттен бастап, бәріміз елді қынадай қырып бара жатқан пандемияның нағыз соғыс екенін мойындап жатырмыз. Ендеше, екінші дүниежүзілік соғыстың басында, 1940 жылы 37-інші жылғы репрессиямен түрмеде отырған дарынды қолбасшыларды майданға қайта шақырып алған Сталиннің тәжірибесін неге пайдаланбасқа? Анығында "жапон тыңшысы" деген жаламен Ленинградта түрмеде үш жыл отырып, азап шегіп, атылуға дайын тұрған маршал Константин Рокоссовскийді Кеңес одағының Қорғаныс министрі бола салысымен, әскерде әлеуетті әскербасылар қалмағанын, дарынды қолбасшылардың бәрінің түрмеде отырғанын жақсы білетін маршал Семен Тимошенко Константин Рокоссовсийді іздеп барып, Сталинге кіріп, өзі кепіл болып жүріп, корпус командирі етеді. Ал кейін соғыста теңдессіз талантын көрсеткен Рокосовский (фельдмаршал Паульсты түгел армиясымен тұтқынға түсірген де осы) 1945 жылы 24 маусымда Мәскеуде Жеңіс парадын басқарды. Ал парадты маршал Г.Жуков қабылдады. Бір жылдан кейін 1946 жылы К.Рокосовскийдің өзі Жеңіс парадын қабылдады. Әрине, Иманғали мен Исламның да қарсыластары жоқ емес... Егер елдің бәріне ұнайтын адам іздеп отырсақ, беті жаман мынау індеттен сан мыңдаған адамдарымыздан айрылып қалуымыз мүмкін. Имекең мен Исекеңді үкіметтен көрсе өкпесі қысылып, ауа жетпей қалатындар шығып жатса, айтайық, "уақытша, індетті жеңгенше Үкімет басқарады" деп. Құдай қаласа, індеп кеткен індетпен соғыста жеңіске жете алсақ, бірі Жеңіс парадын басқарып, бірі қабылдап алып, содан соң зейнеткерлігін жалғастыра берер. Әрине, өзге де қарымды қайраткерлер аз емес. Олар осы үкіметтің ішінен де табылады. "Жұт жеті ағайынды" дегендей, коронавируспен қабаттасып, әлемде мұнай бағасының да антирекордтық ең қатты төмендеген дағдарысында да өндірістің тынысын тарылтпай, өрге сүйреп келе жатқан, Атырауда әкім боп тұрғанда Нидерландия елшісін мемлекеттік тілде сөйлеуді талап етіп, қайтарып жіберген Ер Ноғаевтың қарымды қайрат-жігерінің жемісін де молынан көруге болады. Батыс Қазақстан облысында да әкім болып, экономикалық-әлеуметтік жағдайына әл беріп кеткен Нұрекеңді қай қиынға салса да, қиядан көрінеді. Оңтүстік Қазақстан облысы әкімі кезінде Шымкентті мегаполистің шырайлы ордасына айналдырған, Ауыл шаруашылығы министрі болғанда да іскерлігін көрсеткен, Жамбыл облысынан кетерде ақындары жырлап қоштасқан Асқар Мырзахметовті де үлкен іске қосу керек. Өзбекстанда премьер-министрдің орынбасары деңгейіне көтерілген, өзбектік еңбекқорлық пен іскерлік мектебінен өткен, Шымкентте әр қайсысында көкөніс өсіретін жылыжайы бар, екі қабатты коттедждерден тұратын, шетелдегі қандастарымызды елге әкелетін "Нұрлы жол" бағдарламасына негіз болған "Асар" қалашығын салған Ибадулла Қалыбековтың іскерлігін өз елінде жоғары деңгейде көрсетуге неге мүмкіндік бермеске? Ол қалашықта Ибадулланың өзі Өзбекстаннан көшіріп әкелген 25 мыңдай қандасымыз тұрып жатыр.

 Тәуелсіз еліміз тарихында Парламентте  алғаш Алаш арыстарын атап, бірнеше депутаттық сауалдар жасап, ұлттық мүддені қорғап, ұлттың жоғын түгендеу жолында  бірталай шараларды  іс жүзіне асырып келе жатқан "Ақ жол" партиясының жетекшісі Азат Перуашев үкіметтің экономика саласында да нәтижелі жұмыс атқарар еді. Өткенде Төтенше жағдайда үкіметтің құрған кәсіпкер мекемелер жүйесіне қарсы шығып, көпшілік  қалауымен басқа тізім ұсынған да Азат Тұрлыбекұлы болатын.

Кезінде Еңбек министрі және  Президент әкімшілігі басшысы, Мемлекеттік  қызмет агенттігі төрағасы болып,  абыройлы атқарған, президент пен үкімет кеңсесінде жылдап жататын халықтың арыздарын бір ай ішінде жауап беруді ережеге енгізген Әлихан Бәйменнің зор интеллектуалдық білімі мен білігін мемлекеттік қызметке неге пайдаланбасқа?

Зауыттарының өндірісін өркендетіп, өзі асырап отырған "Жыланды" ауылын жыл сайын көркейтіп келе жатқан халықшыл кәсіпкер Бауыржан Оспановты да атар едім.

Біздікі қалың қазақтың қатары сиреп бара жатқасын, елді сақтап қалу жолында жанымыз тынши алмай айтып жатқан ұсынысымыз. Әлеуметтік желіде де ұсыныстар айтылуда. Ол дұрыс әрине.

Осы уақытқа дейін үкімет  кландардың айқасының нәтижесі бойынша айқындалып келді. Енді өзінің тірі қалуы мен болашағы үшін халық таңдайтын уақыт жетті! Дәл қазір бізге қазынадан қарпып қалатын емес, қазақты сақтап қалатын үкімет керек.

Тек елге белгілі зиялылар, әдебиет пен мәдениеттің белгілі өкілдері мен журналистердің өзінен фейсбукте жасалып жатқан коронавирус құрбандары тізіміне қарасақ, (журналист Анар Төлеухан мен ақын Алмас Темірбайға әруақтардың атын жариялаған сауапты істері үшін Алла разы болсын), 150-ге жуық болып қалған. Бұл соңғы оншақты күндегі қаралы тізім.

Газеттердің, мысалы «Қазақ әдебиеті» газетінің өткен санындағы екі беті елге танымал зиялылардың қазанамасына толып кетті… Аз уақытта аты белгілі қаншама адам көз жұмып жатса, сонда қарапайым халықтың ішінде не болып жатыр? Бір ауылда бір күнде үш-төрт жаназа болып жатқаны жан шошытады. Бір отбасынан екі-үш адам, тіпті төрт адамға дейін қауіпті тажал тырнағына ілінгендері де кездесуде. Иә, ел ішін індеп бара жатқан тажал індетпен Күрес болғасын оған бәріміз атсалысуымыз керек! Жайпап келе жатқан коронавирус жағадан алып тұрғанда, етектен тартып, жегіқұрттай жеп келе жатқан, қазақтың ұлттық антибрэндіне айналған жемқорлық вирусының жолын кесуіміз керек! Классик жазушымыз Дулат Исабековтың әйгілі бір әңгімесінде "Жалқаулықтан олимпиада болса, қазақтар бірінші орын алар еді" деген қанатты сөзге айналып кеткен сөйлем бар. Ол кеңес кезі еді. Ал кейінгі отыз жылда қазақтар Жемқорлық Олимпиадасынан чемпиондықты ешкімге бермей келе жатыр... Өмірін сақтап қалар дәріге қолы жетпей өліп кеткен, пандемия соғысында құрбан болған мыңдаған адамдардың өліміне кінәлі "СК-Фармация" басшылары! Оларды және оларға қолдау жасаған министрлікте, үкіметте отырып, халық қасіретінен қаржы жасап, мола үстінде ақша санап отырғандарды жаңадан қазылған қаптаған қабірлердің басына апарып жазалау керек! Осыдан тоқсан жыл бұрынғы ұлтымыздың 4 миллионынан айырған Ашаршылық геноцидін қандықол кеңес империясынан, қанішер Голощекиннен көрсек, енді Тәуелсіз елде жемқорлыққа батқан өз қазағымыз өзімізді қыруға кірісіп кеткенін көріп отырмыз өкінішке орай... Өткенде де айттық, сын сағатта Президенттен бастап, барлық басшылар, ауылдың әрбір жауапты қызметкерлеріне дейін қайыңның қатқан безіндей қатайып, зор жауапкершілік алуы керек! Қамал бұзар қайрат көрсетуіміз керек! Күлтегін толғауындағыдай «Түркі халқы үшін түн ұйықтамадым, күндіз отырмадым»-дейтін кез келді! Өйткені Қазақ Елінің басына ауыр сынақ төніп тұр. Мың өліп, мың тірілген, Ақтабан шұбырындыда да Қаратаудың басынан көрінген көшті алдағы күнге сенімі сүйреген, ақсүйек ашаршылықтан да ақ үмітінен нәр алып, аман қалған Қазақ мемлекетінің халқы кеше ғана 19 миллионға жетті. Енді мынау қарулы соғыстан бетер қатарымызды сиретіп келе жатқан қарусыз майданда тізгіннен айрылып, тізерлеп қалмау үшін, тізе қосып күресейік халайық! Елді сақтау жолында Ел басшысы – Президентке барлық жауапкершіліктің артылғанындай, барлық билікті де беруіміз керек! Бізді құртатыны – әрқайсымыздың әр жаққа тартып, бөлініп шыға келуіміз. Ал «Бөлінгенді бөрі жейтіні» белгілі. Ендеше, пандемия соғысында шегінерге жер жоқ! Артымызда -Қазақ Елінің тағдыры тұр. Ал барлық тарихи жауапкершілік Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевта! Ал енді елімізде көк туымыз түсірілетін Қаралы күн! Өз елінде бейбіт күнде төтеннен келген ауыр індеттің және берекесіз басқару жүйесі мен жемқорлықтың құрбаны болғандар алдында бәріміз де кінәліміз, сондықтан кешірім сұраймыз. Марқұмдардың пейіште нұрлары шалқып имандары саламат болсын! Алла Алашты өзің сақтай гөр! Қазыбек ИСА, ҚР Президенті жанындағы Ұлттық Кеңес мүшесі Қазақ үні