ҚАШЫҚТЫҚТАН ОҚУ - ОҚУШЫЛАР ӨМІРІН САҚТАЙДЫ, МИНИСТР МЫРЗА!

Мемлекетіміздің болашақ иесі ұрпағымыздың өмірін сақтайық!

Білім министрі Асхат Аймағанбетов келе жатқан оқу жылында оқытудың үш нұсқасын айтты. Олардың есте қалғаны онлайн оқыту мен мектепте барып, ара қашықтық сақтап оқыту. Әрине, болашақ ұрпағымыздың амандығы үшін, ата-аналар үшін қашықтықтан оқу нұсқасы өте қолайлы деп айтар едім. Мына қауіпті індет елімізде қатты қарқынмен ушығып тұрған кезде, Мемлекетіміз үшін де осы нұсқа тиімді. Бұған себеп, карантин режимін балалар түгілі үлкендердің өзі дұрыс сақтамай, індетті жұқтырғандар саны күн сайын көбеюде. Ең сорақысы өлім саны да артып жатыр, дүние жүзі бойынша алдыңғы қатарда тұрмыз.Мектеп оқушылары мектепке барып, білім алу үшін тәртіпті сақтап, барлық ережені орындай алады дегенге сенімнен гөрі күдігіміз көп болып тұр. Көптеген оқушылар қоғамдық көлікпен қатынап оқиды. Осының өзі оқушыға көп қауіп төндірмей ме? Сақтансаң, сақтаймын деген. Әлеуметтік желілерден оқып қаламыз, кейбір ата-аналар уақытша үйдегі қиындыққа шыдамай, балаларының мектепке барып, білім алғанын қалайды. Яғни, балаларының өмірін, денсаулығын емес, өздерінің жан тыныштығын ойлайды… Мектепке барғанын әрине, бәріміз де қалаймыз. Бірақ бұл заман өткен заманнан өзгерек, қауіпті болып тұрған жоқ па ұрпағымыз үшін. Ұрпағымызды сақтайық, елімізді сақтайық, Мемлекетімізді сақтайық. Сіздер қай нұсқаны таңдар едіңіздер? Жәннат МЫРЗА, Қазақ үні