Қазыбек Иса. ЕЛ ДӘРІ ТАППАЙ ҚЫРЫЛУДА!.. Ал дәрілер қоймаларда тығылуда!

ҚАЗАҚТЫ ҚЫРУ МА БҰЛ?

Қылмыскерлерді қатаң жазалау керек!

Халықтың тағдырын жемқорлыққа байлап берген мемлекеттің болашағы қорқынышты!

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев кеше видеобайланыс арқылы 2020 жылдың алғашқы жарты жылдығындағы еліміздің әлеуметтік-экономикалық даму қорытындысы туралы үкіметтің кеңейтілген отырысында коронавирусқа қарсы күреске қатысты қабылданған шаралардың нәтижесін қатаң сыңға алды. «Қазір біз соғыста жүрміз. Сондықтан әрбір басшыдан жедел мәселелер мен тапсырмаларды шешуде барынша тиімділік талап етіледі. Жауапкершіліктен қашып, бюрократиямен айналысуға болмайды», – деді ҚР Президенті. Қасым-Жомарт Тоқаев МӘМС қоры мен «СК Фармация» басшыларын жұмыстан шығаруды тапсырды. «Туындаған қиындыққа кінәлілердің бәріне қатысты тергеу жүргізу керек. Жауапкершілікке тартқан дұрыс. МӘМС қоры мен «СК Фармация» басшылары жұмыстан шығарылсын. Керек болса тергеу жүргізген жөн», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметтің кешегі кеңейтілген отырысында. Әрине, пандемияға қарсы майданда Үкімет пен әкімдер өздерінің дәрменсіздігін көрсетті. Мемлекеттік басқару жүйесі жоқ секілді елестейді қазір біздің елдегі қасіретке толы қорқынышты жағдайда! Сондықтан бұған елдің ғана емес ел басшысы - Президенттің де көзі анық жетті де, Үкіметтің алдағы екі аптада іс оңалмаса отставкаға кететінін мәлімдеді. Президент сонымен бірге кейбір әкім ескерту мен қатаң ескерту алғанын еске салды. «Жалпы бүкіл әкімдер мен министрлер осындай жазаға лайық. Алайда қазір біз әлеуметтік-экономикалық дамудың сыни кезеңінде тұрмыз. Үкімет пен әкімдерге дағдарыстан шығу үшін ойлы да батыл әрекет керек. Мемлекеттік басқару жүйесі өз міндетін атқара алмауда, сондықтан оны қайта құруымыз керек!-деді. Екі күн бұрын мен ҚР Президенті Қ. Тоқаевтың телеарналық Үндеуіне үн қосып, "Халық қасіретін саудаға салғандар аяусыз жазалануы керек!" және "Дәрі тапшылығына жауаптылар қатаң жазалануы тиіс" атты мақалалар жариялаған едім. Кеше кеңейтілген үкімет жиынында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев: "МӘМС пен «СК Фармация» басшысы жұмыстан шығарылсын, істері тергеуге жіберілсін" деп мәлімдеді. Қазір "СК-Фармация" қызметіне қатысты тексеріс жүріп жатыр. "Иә, еліміздің дәріханаларында бұрын шашылып жататын қарапайым парацетамол мен аспириннің жоғалып кетуін қалай түсінуге болады? Бұл дәрілер ғана емес, барлық дәрілер, бетперделер мен қолғаптар бірнеше есе өсіп кеткен. Бұны қажетті дәрілердің бағасын көтеру үшін қолдан жасалып отырған қасақана қастық әрекет деп танып, қатаң жазалау керек!"-деп, тура тауып жазған екенбіз сонда. – Мысалы, "СК-Фармация" компаниясы Катар Республикасынан 21 мамырда, яғни 50 күн бұрын келген 9 тонна медициналық гуманитарлық көмекті осы күнге дейін не үшін сақтап отыр? Мұражайға қоймақшы ма немене? Компания басшыларының: «Катар Республикасынан келген гумманитарлық көмектің құжаты жоқ, сондықтан жатыр» дегені қай сасқаны? Қаншама адам медициналық аппараттар мен дәрі-дәрмектер жетіспегендіктен қайтыс болып кетіп жатқанда, Катар елінің өздері тегін беріп жатқан 9 тонна медициналық жабдықтардың құжатын 50 күннен бері ала алмай отыруы не бейшаралық немесе қандай жымысқы әрекет?!. Соғыс кезінде мұндай кесепатты әрекет үшін трибуналда атылады. Ал қазір соғыстан да көп адам шығыны болып жатқан нағыз майдан кезі ғой! Ендеше, кінәлілер қатаң жазалануы керек!"-деген сөзімнің шындығы енді міне, Антикордың тексеруімен анықталып жатыр... Антикордың рейдіне қосылған Саида Тәукелова ханым фейсбуктағы парақшасында "СК-ФАРМАЦИЯ" қоймасындтағы тонналаған ең қажетті, ел іздеп таппай, өмірлері үзіліп кетіп жатқан дәрілердің тонналап жатқанын бейне/фотосреттерімен жариялады. Жарайсың Саида! Ал осы Антикор тексеруіне қосылған Aidar Yespayev та өз парақшасында "СК-Фармация" қоймасындағы масқара жағдайды, 4000-нан астам дәрі-дәрмектің, соның ішінде бүгінгі таңдағы ең тапшы дәрілердің бар екендігін жариялады: "СК Фармацияның дәрі-дәрмектерді аймақ бойынша тарататын бірнеше аймақтық ірі орталықтар бар: Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент және Ақтөбе. Бүгін жоғарыда аталған топтың жұмысы аясында біз Алматыдағы аймақтық қоймаға бардық. Фотодан сіз ең танымал және тапшы дәрілерді көре аласыз. Олардың барлығы қол жетімді немесе олардың толық серіктестері. Мен сақтау көлемі туралы ешқандай құжаттарды көрмедім, бірақ бүгінде барлығы дерлік бар. СК Фармация үшін сақтау және логистикалық қызметтерді Medservice Plus компаниясы ұсынады. Ал қазір дәріханалар дәрі-дәрмектерді осындай ұйымдардан сатып алады. Бізге 4000-нан астам дәрі-дәрмектің, соның ішінде бүгінгі таңдағы ең тапшы дәрілердің бар екендігі көрсетілді. Дәріханаларды қамтамасыз ету және олардың бағасы туралы мәселелерді әкімдіктер Денсаулық сақтау министрлігімен бірлесіп шешеді. Олардың міндеті - Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі мен монополияға қарсы агенттіктің қатысуымен жергілікті жерде осы тізбектің дұрыс емес екендігін анықтау"-деп жазды ол. Жарайсың Айдар бауырым! Анықтама үшін: «СК Фармация» ЖШС - Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігі жанындағы дәрі-дәрмектер мен жабдықтарды сатып алу және логистика жөніндегі бірыңғай мемлекеттік оператор. Тарату облыстық денсаулық сақтау басқармаларының сұранысы негізінде жүзеге асырылады. Дәріханаларға ешқандай қатысы жоқ! Тек мемлекеттік ауруханалар мен емханалардың жабдықталуы! " Меропемен" дәрісін ел 15 мың теңгеге таппай өліп кетуде. Ал ол қоймаларда "ТЕГІН" деген мөртаңбамен тұр. Шетелдің гумманитарлық тегін көмектері ғой... "...Қайда біздің билігіміз!- тұрғандайын жер тіреп, Қырғында бұл болмайды ма Ел тірек?!. Теріміз бос төгілгенбе отыз жыл, Тер дәріні таба алмасақ тентіреп… Өткіздік пе қаншама жыл текке бір, Көріп жатқан шындығымыз – Өліп жатқан өкпе бұл- Желдеткіштер* қайда соңғы дем берер, Жемқорлардың қалтасында кетті өмір… Аурулар барлық жерде кептеліп, Көз алдыңнан керуенмен өтті өлік… Желбуаздық алдап келген аңқау жұрт, Желдеткішке жете алмай бір кетті өліп…" -деп, жыр да жаздық ел жанайқайын жеткізіп.... ЕЛ ДӘРІ ТАППАЙ ҚЫРЫЛУДА, Ал тонналаған дәрілер қоймаларда тығылуда! ҚАЗАҚТЫ ҚЫРУ МА БҰЛ? Қылмыскерлерді қатаң жазалау керек! Халықтың тағдырын жемқорлыққа байлап берген мемлекеттің болашағы қорқынышты! P.S. МӘЙІТХАНАЛАР АЛДЫНДА ҚАЛЫҢ КЕЗЕК... Кешегі басым бөлігі Ресей тілінде өткен Қазақ Үкіметінің жиынында Ақтөбе облысының әкімі Оңдасын Оразалин "облыста қайтыс болғандар саны төртеу" дегенде қуанып кеттік... Ой, құдай-ай, Алла өзің сақтай гөр Қазақты, "төрт адам өлді" дегенге де қуанатын жағдайға жеттік пе? Бұрын бір адам қаза болса қаралы күн болатын... Ал сол кезде Жетісайдан елімізге белгілі спорт қайраткері Бақыт Жаңбырбаев хабарласып, бір күнде 12 жаназаға кіріп шыққанын қамыға жеткізді. Өзіміздің алақандай Қызылқұм ауылында (облыс емес) екі адамның жаназасына көңіл айттық. Кеше Үкіметте осындай сенімсіз есептер (коронавирус статистикасына 99 пайызында КОВИД бар өкпе қабынуынан өліп жатқандарды қоспауда) беріліп жатқанда, фейсбукта жарияланған белгілі жазушы Дәурен Қуаттың жазбасындағы Алматыдағы Қалқамандағы мәйітханаға бір күнде 86 адам түскенін оқып, жағамызды ұстап отырған едік... Иә, желіде жүрген Қалқаман мәйітханасының алдындағы қалың кезекті көрсеңіз шошисыз... Соғыс кезіндегі қоршаудағы Ленинградтықтардың нанның кезегінде тұрғандай... Ал бүгін біз де танысымыздың әкесін барлық жерге хабарлассақ та, Қалқамандағы мәйітханадан ала алмай отырмыз. Денсаулық саласы басшыларының ешқайсысы телефонын алмайды. Мәйітхана меңгерушісі Бақытжан Жәнібекұлы телефонын көтермейді. Өйткені өзі де ауырып жатыр. Мәйітханада мәйітті жуатын адам қалмаған, өздері ауырып жатыр, тек бір-екеуі ғана. Сондықтан, мәйітхана алдында қалың кезек! Ал мәйітті алу үшін де қанша ақша төлеп жатқанын жазып жатқандар еліміздің бар өңірінен өріп жүр... Алла Алашты сақтай гөр! Қазыбек ИСА, ҚР Президенті жанындағы Ұлттық кеңес мүшесі