Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ: ӘКІМДЕР МЕН МИНИСТРЛЕРДІҢ БӘРІ ЖАЗАҒА ЛАЙЫҚ
2020 ж. 10 шілде
1732
0
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев видеобайланыс арқылы 2020 жылдың алғашқы жарты жылдығындағы еліміздің әлеуметтік-экономикалық даму қорытындысы туралы үкіметтің кеңейтілген отырысына қатысты. Сондай-ақ жиында коронавирусқа қарсы күреске қатысты қабылданған шаралар, Мемлекет басшысының Үкіметтің алдағы уақытта атқаратын жұмысының негізгі бағыттары бойынша берген тапсырмалары мен міндеттері қарастырылды.
Еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуының қорытындылары мен жыл соңына дейін орындайтын міндеттер жөнінде Премьер-Министр Асқар Мамин, ақша-несие саясатына қатысты шаралар туралы Ұлттық банктің төрағасы Ерболат Досаев, еліміздегі эпидемиологиялық ахуалды жақсарту жөніндегі шаралар туралы Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой баяндама жасады.
Қазақстан Президенті бюджетке, экономика мен азаматтардың қауіпсіздігіне шынайы зиян тигізетін заңбұзушылықтарға баса назар аудару керектігіне тоқталды. Президент сонымен бірге кейбір әкім ескерту мен қатаң ескерту алғанын еске салды. «Жалпы бүкіл әкімдер мен министрлер осындай жазаға лайық. Алайда қазір біз әлеуметтік-экономикалық дамудың сыни кезеңінде тұрмыз. Үкімет пен әкімдерге дағдарыстан шығу үшін ойлы да батыл әрекет керек. Себебі дағдарыс ушығатын секілді. Бұл – әлемдік экономиканың болжамы. Ал Қазақстан оның бір бөлігі», - деді ол. Президент жіберілген қателіктер мен олқылықтарды анықтайтын арнайы комиссия құру қажеттігін, комиссия қазіргі ортақ жұмысқа кедергі жасамай, тексеріс жүргізіп, нәтижесін тікелей өзіне баяндап отыруын тапсырды.
«Қазір біз соғыста жүрміз. Сондықтан әрбір басшыдан жедел мәселелер мен тапсырмаларды шешуде барынша тиімділік талап етіледі. Жауапкершіліктен қашып, бюрократиямен айналысуға болмайды», – деді ҚР Президенті. Қасым-Жомарт Тоқаев МӘМС қоры мен «СК Фармация» басшыларын жұмыстан шығаруды тапсырды. «Туындаған қиындыққа кінәлілердің бәріне қатысты тергеу жүргізу керек. Жауапкершілікке тартқан дұрыс. МӘМС қоры мен «СК Фармация» басшылары жұмыстан шығарылсын. Керек болса тергеу жүргізген жөн», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметтің кеңейтілген отырысында.
Зейнолла Абажан,
Қазақ үні