Қазыбек Иса. ОҚШАШУ мен ОТШАШУ
2020 ж. 10 шілде
1956
0
Қазыбек Иса. ОҚШАШУ мен ОТШАШУ
Жалпы әлемді жалмап індет оқ шашып,
Жатыр бәрі топалаңға қарсы шығып топтасып.
Қазақстан - қып-қызыл өрт картада,
Қаза үстінде ойнап жатты от шашып!?.
Өмір сүру үшін ғана талпынып,
Өлмеу үшін дәрі іздедік шарқ ұрып...
Тұншықтырды түтінімен отшашу
Алашқа ауа жетпей жатса алқынып!..
Қайда біздің билігіміз!-
тұрғандайын жер тіреп,
Қырғында бұл болмайды ма Ел тірек?!.
Теріміз бос төгілгенбе отыз жыл,
Тер дәріні таба алмасақ тентіреп...
Өткіздік пе қаншама жыл текке бір,
Көріп жатқан шындығымыз -
Өліп жатқан өкпе бұл-
Желдеткіштер* қайда соңғы дем берер,
Жемқорлардың қалтасында кетті өмір...
Аурулар барлық жерде кептеліп,
Көз алдыңнан керуенмен өтті өлік...
Желбуаздық алдап келген аңқау жұрт,
Желдеткішке жете алмай бір кетті өліп...
Алар деммен алысқандар ауыр Үрей басқанда,
Үзбеді Үміт көз алдынан жарық сәуле қашқанда...
Жарқ еткізіп Жаназада көкке отты шашқанда,
Сөніп кетті қанша жұлдыз аспанда...
Байтақ дала бір-ақ сәтте болғаны ма тар мекен,
Ауа жетпей азап кешу неткен сұмдық зарлы екен?!.
Ойнап жатқан отшашумен ордада,
Ойлап жатқан от басарын бар ма екен?!.
Байғұс елге айналдық па,
бастан демде бағы ұшқан,
Қала, дала бәрі ажалмен алысқан.
Қайран қалып қарады әлем біздерге
Оқшашу мен Отшашуы жарысқан...
Күнде естіліп жаназа мен зар кілең,
Іздеп кетті бүкіл елдің барлығы ем...
Тәжвирусты жою үшін біздерге,
Тәжіндетті жеңу керек алдымен!..
Қайран қазақ!
Қайда кеше қарады?!.
Көтерер кім көкке естілген наланы?..
Ән салатын бұкіл қазақ даласы,
Зар салатын елге айналып барады!..
Қалың жұртым қайғыменен түнерді,
Кімнің енді кім екенін білер-ді...
Жоқтау айтқан ел үмітін ең соңғы,
Отшашумен астана өртеп жіберді!..
Қара халық білмей қалған не етерін,
Жоғарыдан күткен екен бекер үн?!.
Мола үстінде отшашқандар білмеді,
Бетпердесі қоса жанып кетерін!..
Ей, шерменде Елім қайда барасың?!.
Дәрі іздейсің -
Дәрмен қайдан табасың?!.
Қамал бұзар қайратыңа мін Қазақ,
Тек бір Алла қолдай гөрсін Алашым!!!
Қазыбек ИСА
*Желдеткіш - өкпеге қолдан ауа жіберетін аппарат
https://qazaquni.kz/2020/07/10/148842.html