Қазақстанда қазақ тілінде қызмет көрсетуді талап ету қылмыс па?
2020 ж. 03 шілде
1719
0
Бүгін Қуат Ахметов, Оғыз Доған бастаған бірқатар тіл жанашырлары бейтбіт акция ұйымдастырған еді. Дәлірек айтсақ, ұйымдастырмақ болған. Ол қандай акция дейсіз ғой. «Қазақ тілінде қызмет көрсетуді талап ету» акциясы!
Ұйымдастырушылардың айтуынша, бұл ешқандай да митинг, шеру немесе топтасып жиналу емес. Әрбір адам жеке-жеке, өздерінің тұрғылықты мекен-жайы бойынша дүкен немесе басқа да қызмет көрсету нысандарына барып, мемлекеттік тілде қызмет алу! Яғни, қызмет көрсетушінің қазақ тілінде сөйлеуін талап ету, тауар бағаларының немесе маңдайшадағы жарнама қағаздарының, кез келген ақпараттық хабарламалардың орыс тілінде ғана емес, мемлекеттік тілде де қатар жазылуын талап ету!
Алайда, кеше Оғыз Доған мырза фейсбук желісіндегі парақшасында үйіне құқық қорғау қызметкерлерінің келіп, тергеуге алғанын жазды. 25 минуттық бейне жазба жариялады. Ол бейне жазбадан полиция формасындағы азамат пен форма кимеген және екі азаматтың Оғыз Доғанды тергеп-тексеріп, сұраққа алып жатқанын анық көруге болады. Тіпті, формасыз бір азаматтың: «Сіз қандай акцияға адамдарды шақырдыңыз», «Біреу ренжіп қалып, «заявления» жазады», «Түрік азаматы келіп, бізді жеке көреді екен, орыстарды деп айтса», «басқа ұлттың азаматтары ойлайды ғой», «Сіз білесіз бе, акция.. Осындай пандемия кезінде адам жинайсыз ба» т.б. деген әңгімелері анық естіледі. Тағы бір формасыз азамат: «Бұл жігіттердің сұрап жатқаны, мен түсіндірейін, сіздің қауіпсіздігіңізді ойлап жатыр», «Бізге Қазақстан аумағында жүрген әр азаматтың денсаулығы маңызды», деп жалғайды. Бейне жазбаның ұзақтығы 25 минут. Оны 55 мыңға жуық адам көріп, 400-ден аса адам бөлісіп үлгеріпті. Мыңнан аса пікір қалдырған.
;feature=youtu.be&fbclid=IwAR3ew68zKT3AOWt6i1ivAUDnStdOhx7SoFr2QzT9ktsDS-0xjzUhkq0Z2Kc
Біз мәселенің мән-жайын білу үшін Оғыз Доған мырзаның өзіне хабарластық.
Бұл кімнің заңы? Қазақстанның өзі шығарған заңы ғой?..
Оғыз Доған, тіл жанашыры:
- Бұл акцияны Қуат Ахметов ұйымдастырған. Жоспарымыз әуелі мынадай еді. Қазақстанның 14 қаласында қазақ тіліне қатысты заңды өрескел бұзып отырған дүкендерге барып, ол жердегі заң бұзушылықты видеоға түсірмекші едік. Сол дүкеннің әкімшілігін шақырып, Тіл туралы заңның 21 бабын қағазға шығарып, қолдарына ұстатып, ескерту жасамақшы едік. Егер олар заңды орындамаса, біз барлық видеоларды жинап, прокуратураға жүгінетін едік. Әуелгі жоспарымыз солай еді.
Қуат мұны біраз уақыттан бері айтып жүрген. Бір күнде Қазақстанның барлық қалаларында осындай Тіл заңын бұзғандарға барып ескерту жасау деген жақсы идея ғой. Бұл барып төбелес шығару емес. Митинг немесе шеру емес. Заңның орындалуын талап ету ғана!
Бұл кімнің заңы? Бұл Қазақстан Республикасының өзі шығарған заңы ғой?.. Сол заңды қолдарына беріп: «Міне, мына заңды оқып шығыңыздар. Сіздер осы заңды бұзып жатқандарыңызды білесіздер ме», деп айтып қайтатын едік. Болды.
Бұл – біздің емес, бұл – Заңның талабы!
Қазақстанда бір көрнекі ақпарат жазылатын болса, міндеті түрде қазақша нұсқасы болуы керек екендігін дүкен қожайындары тұрмақ, жәй азаматтың өзі білмейді. Иә, заңды көп адам білмейді. Сол заңды азаматтардың есіне түсіріп, таныстыру еді.
Кез келген ақпараттың қазақшасы да болуы керек! Біз орысшасы болмасын деп жатқан жоқпыз. Бірақ, қазақшасы да болуы керек. Бұл – біздің емес, бұл – Заңның талабы! Біз тұтынушы ретінде осыны талап етеміз. Бұл заңды кім шығарды? Қазақстан Республикасы шығарды!
«Мектеп» пен «митингі» деген сөзді ажырата алатын құлағым бар!
Сосын мен кеше қысқа ғана видео жарияладым. 3 минуттық видеода достарымды сол акцияға қатысуға шақырдым. Сол 3 минуттық видеоның 2 минутында: «Барған кезде мәдениеттілікті, сабырлықты, сауаттылықты сақтау керек», дедім. Өйткені, олар арандатуы мүмкін. Соған қарамастан кеше полицейлер үйіме келді. Видеодан көргендеріңіздей, олардың нақты қандай талаппен келгенін өзім де түсінген жоқпын. Олар тек қана құжаттарды тексеріп кететін болса, мен де түсірмеуші едім ғой. Бірақ, олар: «Неғып митингіге шақырып тұрсыз» деген сөз айтты. Содан кейін мен олардың жаман оймен келгенін түсініп, видеоға түсіре бастадым. Содан олар: «Біз «митингі» деген жоқпыз, «мектеп» деп айттық» деуге көшті. Менің «мектеп» пен «митингі» деген сөзді ажырата алатын құлағым бар.
Адвкот Абзал Құспан менің бүгінгі акцияға шықпауыма кеңес берді. Бірақ, басқалары шығады. Сәтті өтеді деп ойлаймын.
«Орыстар ренжиді» деген сөзді неге айтады?
Полицейлердің айтқан сөздерінен маған ең ұнамағаны – «орыстар ренжиді ғой» деген сөз болды. Бірнеше рет айтты. Мен мұны сол мемлекеттік қызметкердің қолымен ұлтаралық араздықты тудыру деп ойлаймын. Біз бірде бір рет «орыстар», «орыс халқы», «орыс ұлты» деп айтқан жоқпыз. Сөйтсе де, өздері орысты сол әңгімеге тықпалай берді. «Орыстар ренжиді» деген сөзді неге айтады ол? Не қатысы бар? Демек, бұлар Қазақстанның емес, Ресейдің тапсырмасымен келіп отыр ғой?..
Біздің орыс халқымен не қатысымыз бар? Мен барлық сұхбаттарымда халықты бірлікке шықырып отырамын. Мен өзімнің кішкентай ұлыма «Бірлік» деп ат қойғанмын. Маған бірлік керек. Қазақстанда ұлттардың араздасқаны керек емес! Егер сен бір кісіні немесе елді жақсы көретін болсаң, сен әуелі оның тыныштығын тілейсің.
Қай ұлттың өкілі болса да заңды орындауға міндетті!
Біріншіден, мен көрнекі ақпаратта орысша болмасын деген жоқпын. Олай айтуға құқым да жоқ. Екіншіден, заңда әрбір көрнекі ақпараттың қазақшасы мен орысшасы жазылады деп көрсетілген. Мен заңнан асып кетіп, орысша жазылмасын деп айта алмаймын. Бірақ, заң қазақшасы да жазылсын деп отыр ғой. Менің де, Қуаттың да талап етіп отырғанымыз сол. Мейлі, орысшасы жазылсын. Бірақ, қазақшасы міндетті түрде болуы керек. Оған орыс ағайындар неге ренжуі керек? Егер ол ренжиді дегені Қазақстан Республикасының орыстары болса, оларға да заң бірдей емес пе?! Біз бағдаршамның қызыл түсіне өтіп кетсек, орыс та, қазақ та, түрік те, бірдей айыппұл төлемейміз бе?.. Қай ұлттың өкілі болса да заңды орындауға міндетті. Ренжісе ренжи берсін. Біздің ұлттарға қатысты мәселеміз жоқ, біз тек қазақ тілінің үстем болуын қалаймыз. Бұл қазақтың қақысы. Бұл мемлекет – қазақтың мемлекеті. Басқа ұлттар да тең құқылы азаматтары болғанымен, бұл мемелкетті құрушы ұлт – қазақ. Ал оның тілі Қазақстанның ең бірінші тілі боулы керек! Заңда да солай жазылған.
Сондықтан, Қазақстан Республикасының жоғары лауазымдыларынан бұл оқиғаға байланысты мәлімдеме күтемін!
Аталған мәселеге қатысты белгілі заңгер Абзал Құспан да бейне үндеу жариялапты. Онда: «Заңның орындалмауын талап етпеу – құқықтық нигилизмге әкеледі», - дейді адвокат.
Мемлекет өзі шығарған заңның орындалуын өзі қаламайды!
Абзал Құспан, заңгер:
- Тіл акциясына қатысты Оғыз Доғанның үйінде болған тексеру – бұл енді барып тұрған нонсенс! Мемлекет өзі шығарған заңның орындалуын өзі қаламайды! Не болмаса мемлекеттік лауазымда отырған кейбір тұлғалар мемлекетке қарсы осындай іс әрекетпен айналысып отыр деп есептеймін. Неге? Кез келген мемлекет өз еліндегі құқықтық қарым-қатынастардың барлығын заңмен реттеп, шешіп отырады. Яғни, мемлекет адамдардың өмірін жақсы заңдар шығарып және сол заңдарды орындату арқылы жеңілдетеді. Сол арқылы өзінің мемлекеттік функциясын атқарады. Енді заңның орындалуына ең бірінші кезекте мемлекет және сол мемлекетті басқарып отырған басшылар мүдделі болуы керек!
Егер ол заң орындалмайтын болса – құқықтық нигилизм орнайды. Құқықтық нигилизм дегеніміз – жергілікті тұрғындардың, халықтың бұл заңдардың ешқашан орындалмайтынын, оның жәй қолжаулыққа айналғандығын әбден сезінген кезде заңды (заңның артында мемлекет тұр), сол мемлекетті сыйламаушылық қалыптасады. Ал осы сыйламаушылық шегіне жеткенде ол мемлекет жер бетінен құрып, жойылып кетеді.
Тарихты қарасаңыздар, тек қана басқа мемлекеттердің басқыншылық, шапқыншылық әрекеттерінен ғана емес, сонымен қатар, өз елінде, өз жерінде заңдарын орындата алмауының салдарынан немесе жемқорлықтың шегіне жетуі салдарынан жойылып кеткен елдер қаншама?..
Енді түсіндіріп айтайын. Бұл акция – әрбір азамат өзінің тұрған жерінде, қаласында, үйінде, үйінің қасында, кез келген қызмет көрсетуші кәсіпкерлік субьектісіне барып, қазақ тілінде қызмет көрсетуін талап ету керек болатын. Ол – Тіл туралы заңда, ол – Тұтынушылар құқығын қорғау туралы заңда нақты көрініс тапқан. Яғни, мен оны қалтамнан шығарып, біреулерді провокацияға итермелеп отырғанымыз жоқ. Әрбір азамат заңмен көрсетілген өзінің міндетін атқаруға тиісті болатын. Бұл әуелі қазақ тілді сіз бен біздің тікелей міндетіміз. Осы заңның орындалуына сіз бен біз бірінші кезекте мүдделі болуымыз керек! Негізі осы заңды шығарған мемлекет бірінші кезекте, сосын қазақтілді орта мүдделі болуы керек еді.
Сондықтан, құрғақ сөзден жалыққан, Қазақстанның патриот азаматтары бас қосып, маған хабарласқан еді. Міне, осындай ой туып, Қуат Ахметовтың басшылығымен Қазақстанның барлық өңірінде әрбір азамат қазақ тілінде қызмет көрсетуді талап етуі керек болатын. Бұл көшеге шығу емес, бұл митинг емес, бұл топтасып жиналу емес. Әркім өз үйінде, бір өзі барып: «Мен тұтынушы ретінде маған қазақ тілінде қызмет көрсетіңіз немесе анау бағалардың, прейс-куранттардың бағасын қазақ тілінде жазыңыз» деген бағытта, заңда көрсетілген талаптарды сұрауы тиіс болатын. Егер бұл талап орындалмаған жағдайда фиксация жасалып, бейне камераға түсіріліп, кейін прокуратура, сот орындарына жүгінуіміз тиіс болатын. Бұл заңды талап қой?! Заңсыз әерекет емес қой?!.
Түйін. Қазақ тіліне айрықша ықыласпен қарап, зерделі зерттеулер жасап жүрген түрік ғалымдарының бірі – Оғыз Доған. Соңғы кездері, қазақстандық және шетелдік сайттарда, әлеуметтік желілерде қазақ тілін қорғауға қатысты белсенді пікірімен танылып жүрген азамат қайсыбір жылдары «Эйр Астана» әуе компаниясымен, сосын бұрынғы «Казком» банкімен дәл осы мемлекеттік тіл мәселесінде соттасып, жеңіске жеткен. Ол туралы егжей-тегжейлі ақпараттар Abai.kz ақпараттық порталында жарияланды.
Ал енді Оғыз Доғанның Қазақстанда қазақ тілінде қызмет көрсетуді талап етуге үндегені үшін тергеуге түсуі, үйіне құқық қорғау қызметі өкілдерінің келіп: «Орыстар ренжиді», деп сөйлеуі қаншалық ақылға сияды?
«ҚР Тіл туралы» Қазақстан Республикасының 1997 жылғы 11 шiлдедегі N 151 заңының 4 бабында: «Қазақстан Республикасының мемлекеттiк тiлi - қазақ тiлi. Мемлекеттiк тiл - мемлекеттiң бүкiл аумағында қоғамдық қатынастардың барлық саласында қолданылатын мемлекеттiк басқару, заң шығару, сот iсiн жүргiзу және iс қағаздарын жүргiзу тiлi. Қазақстан халқын топтастырудың аса маңызды факторы болып табылатын мемлекеттiк тiлдi меңгеру - Қазақстан Республикасының әрбiр азаматының парызы», - деп тайға таңба басқандай жазылған.
Осы заңның «Тіл – елді мекен атауларында, жалқы есімдерде, көрнекі ақпаратта» жазылуы туралы 4 тарауының 21 бабында: «Бланкiлер, маңдайшалар, хабарландырулар, жарнамалар, прейскуранттар, баға көрсеткiштерi, басқа да көрнекi ақпарат мемлекеттiк тiлде және орыс тiлiнде, ал қажет болған жағдайда басқа да тiлдерде жазылады.
***
Көрнекi ақпараттың барлық мәтiнi мынадай ретпен: мемлекеттiк тiлде - сол жағына немесе жоғарғы жағына, орыс тiлiнде он жағына немесе төменгi жағына орналасады, бiрдей өлшемдегi әрiптермен жазылады. Қажеттiгiне қарай көрнекi ақпараттың мәтiндерi қосымша басқа да тiлдерге аударылуы мүмкiн. Бұл жағдайда қарiп өлшемi нормативтiк құқықтық актiлерде белгiленген талаптардан аспауға тиiс. Ауызша ақпарат, хабарландыру, жарнама мемлекеттiк тiлде, орыс және қажет болған жағдайда, басқа да тiлдерде берiледi», - деп жазылған.
Тіл жанашырларының осы заңның орындалуын талап етуі – «орыстардың немесе басқалардың ренішін» тудыра ма? Анау бейне жазбадағы азаматтың айтуынша солай! Сонда мұны қалай түсінуге болады? Полицейлердің әрекеті қаншылық заңды? Қазақстанда тұратын кез келген азамат (оның ұлты, діні, нәсіліне қарамай) өзіне қазақ тілінде қызмет көрсетуді талап ете алмай ма? Бұл кісі бостандығын, тұтынушы құқын шектеу емес пе? Қазақстанда қазақ тілінде қызмет көрсетуді талап ету қылмыс па? Құзырлы министрлік аталған мәселеге қатысты жауап беруі керек!
Нұргелді Әбдіғаниұлы
Abai.kz