Қазақпен бірге жасайтын жан

Өмірден кім өткенін білесіз бе? Жарылқасын Боранбаев өтті... Кім еді ол?

Біріншіден, ол - ақын. «Мазасыз маусым», «Мәңгілік өмір», «Жанартаулар», «Жаздың жылы жаңбыры», «Көктем тынысы», «Гүлдесте», т.б. салмақты жыр жинақтарының авторы. Оның сөзіне жазылған «Қазақы дастарханым», «Қоштасқым келмейді», «Сен екеуміз», «Неліктен?» әндері халыққа кеңінен танымал. Ең әуелі олардың сөзі салихалы болғандығы себепті танымал. 2011 жылы Тәуелсіздіктің 20-жылдығына арналған телемүшайрада, республика көрермендері электронды дауыс берген, нағыз бүкілхалықтық додада жеңімпаз атанған ақын. Екіншіден, ол – Азамат! Мойынқұмның Бетпақдаламен шекарасындағы «Жуантөбе» аулында С.Сейфулиин мектебінің үш жыл директоры болып жүріп, қазақ публицистикасына, қазақ әдебиетіне көп олжа салған жан. Сол заманда жаңадан шыққан «Ана тілі» апталығының ең бір белсенді, өнімді авторының бірі болды. 1996 жылы «Ана тіліні» саңлағы» деген арнайы сыйлықты иеленді. Содан кейін бес жыл Созақ аудандық «Молшылық үшін» газетін басқарған кезде кеңес дәуірінің келмеске кеткенін, енді қанша аңсағанмен оның қайтып оралмайтынын айтып, қиын болса да жаңа нарық заманына халықтың бейімделуіне аянбай ат салысты. Ел де оның ерен еңбегін бағалап, оған «Созақ ауданының құрметті азаматы» атағын берді. Бұдан кейін Созақтағы Жыныс ауылындағы мектепте директор болған кезінде, үш жыл бойы жоғарғы-төменгі кабинеттердің табалдырығын тоздырып жүріп, қазақтың шертпе күйінің атасы Сүгір Әліұлының атын сол білім ошағына бергізді. Үшіншіден, ол - тарихшы. Жай тарихшы емес, туабітті ғалымдық-зерттеушілік талант-дарыны бой бермей, сыртқа жарып шыққан тарихшы. Ғалым деп кімді айтады? Жұрттың бәрі жанынан күнде өтіп жүрген, бірақ, ешқайсысы мән беріп, басқаша көзқараспен – ғылыми тұрғыдан қарауға қабылеті жетпеген кезде, өзіне «бұл қалай?» деген сұрақ қойып, ойлы көзбен, жауап іздеп қарай білген адамды айтады. Әйтпесе, Ньютонға дейін де миллиондаған адам алманың жерге құлайтынын көріп жүрді ғой. Бірақ, «бұл неге құлайды?» деген, бір де бір адам баласының басына келмеген оғаш ой оның ғана басына келді. Жақаң да сондай нағыз тарихшы ғалым болды. Оның тарихшылығы жайлы Шер-ағаң «Ақындар мен әкімдер» деген кітабында былай деп жазды: «Оңтүстікте Созақ деген ел бар. Бұл да шалғай жатқан, өзіне Қыдыр қонған ел. Созақтың орталығы Шолаққорғанға барыңызшы. Мәдениет Сарайы салтанатты, кітапханасы Алматы мен Астананың кітапханаларына үлгі боларлықтай. Аудан орталығында Жарылқасын Боранбаев есімді ақын тұрады. Ол тек жақсы ақын ғана емес, атағы жоқ ғалым, тарихшы. Жазғандарын оқып, мұның бәрін қайдан білесің, қай жердің архивінен таптың десең – ешқайда да бармаймын, біздің кітапханада бәрі бар, - дейді». Жарылқасын Боранбаев «Қожа Ахмет Яссауи», «Бабай Түкті Шашты Әзиз», «Ысқақ баб», «Едіге», «Қарабура», «Саңғыл би», «Қара шаңырақ қалған жұрт», «Шығыс шайырларының соңы – Шәді ақын», «Тума талант – Саттар Ерубаев», «Тарихтың таң шапағы» секілді тарихи-танымдық кітаптардың, «Салықбай мерген» деген толғаудың авторы. Осы және басқа шығармаларының бәрінде де ол тыңға түрен салған, кейіпкерлерін көпке беймәлім қырынан таныта білген, шындықты ту етіп көтерген, ащы ақиқатты айта білген болатын. «Қазақ көтерілістері» ғылыми көптомдығының бір томын, өте терең білімді, табандылықты, қажырлылықты, талдай білу мен қорытындылай білер қабылетті қажет ететін аса күрделі еңбекті - «Созақ көтерілісін» жазып шықты. Теріскейден шыққан Құлыншақ Кемелұлы, Тәкен Әлімқұлов, Асқар Сүлейменовтердің өмірін, шығармашылығын зерттеп, танымды еңбек арнады. Жақаңның әсіресе «Қазақ хандығы» қорын ашып, төрағалық етіп, Қазақ хандығын құрған Керей мен Жәнібекке арналған тұңғыш монументтің Шолаққорғанда 2007 жылы бой көтеруіне мұрындық болып, сіңірген еңбегі ерекше. Талай жыл ұстаздық еткен, екі мектепке директор болған, «Қазақстанның білім беру саласының құрметті қызметкері», өмірінің соңғы жылдарына «Балалар әлемі» журналын ашып, еңбек жолын ұрпақ білімімі мен тәрбиесіне бастап, сонымен аяқтаған азамат арамыздан кетті... Бірақ, қазақ бар да Жақаңның «Қазақы дастарханымы» ұмытылмайды. Ал, қазақ, Алла бұйыртса, мәңгі жасайтын халық. Демек, Жарылқасын Боранбаев есімі де мәңгі жасамақ! Бүгінгі, болашақ ұрпаққа Жарылқасын Боранбаев нені аманат, нені өсиет етіп еді: Ей, менің асқар тауым! Қазақы дастарханым! Мерейлі бақ-берекем! Ақ-қайнар бастауларым!

Дәм татар талай ғасыр, Ұрпақтар абай болсын! Кірлетпей таза ұстасын, Халықтың шарайнасын!

Алла алдынан жарылқап, арты қайырлы болсын! Алды пейіш, арты кеніш болғай! Иманы саламат болсын! Отбасы мен туған-туыстарының қайғысына ортақтасып, көңіл айтамыз.

Қуаныш Айтаханов, Нұрмахан Назаров, Өмірзақ Ақжігіт, Қазыбек Иса

Қазақ үні