Көше атаулары екі тілде емес, тек қазақ тілінде жазылуы керек - Ругайя Вердиева

Шілденің 1-күні Нұр-Сұлтан қаласындағы Достық үйінде Қазақстан халқы Ассамблеясының ұйымдастыруымен және ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің қолдауымен «Ұлы Даланың ұлтаралық тілі» атты республикалық онлайн конференциясы өтті.

Аталмыш шара ҚХА-ның 25 жылдығына арналған Қазақстан халқы Ассамблеясының «Тұңғыш Президент жолымен» халық экспедициясы» жобасын жалғастырып, ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың Тәуелсіз Қазақстанның құрылуы жолындағы ерен еңбегін айшықтауға бағытталған.

Сонымен қатар, Мемлекет басшысы Қ.К.Тоқаевтың республикалық «Ана тілі» газетінде жарияланған «Қазақ халқының тағдыры тарих таразысында тұр» атты мақаласын талқылау және «Қазақ тілін жақсы білетін өзге ұлт өкілдерін қолдау» тапсырмасын жүзеге асыруды көздейді.

Онлайн конференцияға ҚХА Төрағасының орынбасары – Хатшылық меңгерушісі Жансейіт Түймебаев, ҚР Ақпарат және қоғамдық даму вице-министрі Марат Әзілханов, ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрінің кеңесшісі Бибігүл Жексенбай, ҚР Президентінің жанындағы Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің мүшесі Қазыбек Иса, филология мен лингвистика саласының сарапшылары, ҚХА мүшелері, мемлекеттік тілді меңгерген өзге ұлт өкілдері мен этномәдени бірлестіктердің, жастар ұйымының өкілдері қатысты.

Конференция жұмысына қатысушылар ZOOM конференц-платформасы және ҚХА-ның Фэйсбук желісіндегі ресми парақшасында көрсетілген тікелей эфир арқылы онлайн режимде қосылды.

Жиын барысында сөз алған Жамбыл облыстық «Мехрибан» әзірбайжан этномәдени бірлестігінің мүшесі, «Жаңғыру жолы» жастар қозғалысының белсендісі ВЕРДИЕВА Ругайя Махмед-Алигызы "ТІЛ МӘРТЕБЕСІ – ЕЛ МӘРТЕБЕСІ ЕКЕНІН ЕСТЕН ШЫҒАРМАУЫЗ КЕРЕК" екенін айтты.

- Мемлекеттік тіл – ел тұтастығының да ең басты кепілі. Ол еліміздің халқын біріктіретін, ортақ іске жұмылдыратын, елге деген перзенттік ықыласты қалыптастыратын бірден-бір құрал. Бір тілде сөйлемеген халық біріге алмайды, өздерін бір шаңырақтың мүшесімін деп сезіне де алмайды. Себебі, бір-бірінің тілін түсінбеген халықтың бір-бірінің ой-ниеттерін, мақсат- мүдделерін түсінуі екі талай. Сондықтан  ұлтты ұлт ретінде ұйытатын – тіл, түрлі халықтарды өзара топтастыратын  – тіл десек, ендеше Қазақстанда тұратын ұлт өкілдерінің бір-бірімен қарым-қатынас жасайтын тіл – ол сөзсіз мемлекеттік тіл болуы тиіс.

Менің ойымша қоғамдық орындарда қазақ тілін көбірек қолдану керек, мысалы көлікте аялдамаларды тек қазақ тілінде хабарласа, көшелер екі тілде емес, қазақ тілінде жазылса адамның көзі, құлағы орысшаға алаңдамай қазақ тілін қабылдайтын еді.

Мен өз қазақ елімді, туып-өскен Жамбыл өңірін мақтан тұтамын. Мемлекеттік тілге деген құрметім өзімнің ықыласым, таза ниетім арқылы оянды. Бұл отбасымыз үшін де аса маңызды. Себебі Отанды құрайтын – отбасы. Ал, әр  отбасында елге, жерге деген сүйіспеншілік  пен құрмет міндетті түрде болуы тиіс. Сонда ғана отбасылардың ынтымақ-бірлігі артып, бақытты, берекелі шаңыраққа  айналады деп ойлаймын.

Біз қаншама жылдан бері қазақ жерін мекен етіп келеміз. Қазақ тілі біздің ана тіліміз болмаса да ана тіліндей қабылдап кеттік. Атам үйде бәріміздің дерлік жанұямызда қазақша білуімізді, еркін сөйлеуімізді шегелеп тапсырған болатын. Ұлты әзірбайжан болса да, атам өзі де әлі мемлекеттік тілді оқу, жазу, зерделеу үстінде. Бұл жоғарыда айтып өткен  Отанға деген сүйіспеншіліктен деп ойлаймын, - деді ол.