Сәбит Досанов: Дәмді сөздерін, мәнді істерімен көмкеріп жүрген әкім
2020 ж. 02 шілде
2119
0
Елдің бағын ашпаса, Ер мұратқа жетер ме?! Ерінің сағын сындырса, Ел мұратқа жетер ме?
Әйтеке би
Жыл дегенің адам өтер жолға сын. Ал, сынақтан өткізер сол, жылыңыз Алматы сынды ару мегеполистің тарихына қалай жазылды? Ғарыштық жылдамдықпен зу етіп өте шыққан бір жылға уақыт атты құдіреттің биік мұнарасына көз салсақ, көп көрініс көз алдымыздан кинодағыдай өтіп жатады.
Өткен 2019 жылы маусым айының 28 жұлдызында Бақытжан Әбдірұлы Сағынтаев Алматы қаласының әкімі болып тағайындалғанда елдегі жағдай аса күрделі еді. Мұнайдың арзандауынан бастап ұшақтың құлауынан дейінгі сан тосқауыл тобықтан шалып жатты. Алматыдағы жағдай да мәз емес еді. Экономикадағы күрмеуі қатты күрделі проблемалармен қоса сыртқы, ішкі наразы топтардың жел беруімен, әлеуметтік желілердің желіктіруімен саяси ауа райы турбуленттік шекке жеткен болатын. Ащы да болса ашығын айтсақ бұрындардан бері созылмалы аурудай созылып келе жатқан, бұрынғы әкім шешпеген проблемалар да көп еді. Қала тізгінін осындай аса күрделі жағдайда ұстаған Сағынтаевтың алдынан сан сынақ шыға келді. Пессимист емес, оптимист екен Сағынтаев қайынның безіндей берік екендігін танытып, қиындыққа қасқайып қарсы тұрды. Қиындықты жеңудің тура жолын тапты. Ол – халықтың сеніміне кіру, елге арқа тіреу еді. Солай болды да. «Халық үніне құлақ асатын» мемлекетшіл, елшіл, халықшыл тұлға екенін сөзімен ғана емес, ісімен дәлелдей бастады. Өткен 2019 жылы шілде айының 9 жұлдызында сағат 11-де Алматыда Мұстай Кәрім көшесінің ашылу салтанатына Мәскеудегі елші Иманғали Тасмағамбетов, Нұрсұлтандағы министр Ақтоты Райымқұловамен бірге қатынасқан Сағынтаевтың алматылықтар алдында сөйлеген сөзінен оның шаруашылықты ғана емес, әдебиет пен өнер жайын жақсы білетіндігін, ең бастысы – тұлғаға деген құрметін айқын аңғардық. Сол салтанатты сәтте де ол елден оқшауланбай халықпен емежарқын әңгімелесті. Сағынтаевтың сөзі дәмді, ісі мәнді. Дәмді сөзге бір мысал. Алматыда Шерхан Мұртаза тұрған үйге ескерткіш-тақта ашылғанда ол былай деді: «Бізде көп дүние қағазға байланысты шешіледі. Қағазға әлденені жазамыз да, сол сияның артындағы азаматтың кім екенін ұмытып кетеміз. Біз бәрін таразыға салып қоямыз. Өкінішті-ақ. Осыны жасап жүрген өзіміз. Ал Шерағамыздың дүниеден өткеніне жыл толып жатқан кезде, қағазға қарап қаламыз ба? Жоқ, ел екенімізді, қазақ екенімізді көрсетеміз бе? Осылай қағаздың бәрін ысырып тастап шешім қабылдадық. Мұндай шешім бір жылдан кейін емес, бес жылдан кейін емес, марқұм болған күннің ертеңінде қабылдануы керек. Өйткені бұл азамат – елдің азаматы. Тек «елім» деп қана өтті. Сол себепті осындай ізгі шаруаның басы-қасында жүргеніме қуаныштымын» Жазушылармен кездескенде айтқан тағы бір дәмді сөзі ойға оралып тұр: «Сіздердің жер жарған атақтарыңыз бар, тұрмыстарыңыз да соған сай болу керек!» Сағынтаев қаланың сегіз ауданын тегіс аралап, жағдаймен толық танысқаннан кейін ат басын жазушылар одағына тіреді. Сондағы «Әуезов, Мұқанов, Мүсірепов сынды алыптардың ізі қалған қасиетті қара шаңырақтың табалдырығын аттауға жүрексініп тұрмын» деген сөзі де кемел ойлы кемеңгерліктің керемет, кермиық, көркем көрінісі! Сағынтаев айтқан мұндай жан сүйсінткен жақсы сөздер көп. Өте көп! Жақсы сөз – жарым ырыс. Көзқарақты халықтың өздері білетін ондай дәмді сөздерді тізбелеп, уақыт оздырмай-ақ қоялық. Бақытжан Әбдірұлы Сағынтаевтың ісі мәнді. Мың мысалдан бір мысқал: соның бірі – Алматыны дамытуға арналған «Алматы – 2050», енді бірі шетсіз қала, тағы бірі – қаланың барлық ықшам ауданындағы өмір сүру сапасы бірдей әрі жоғары деңгейде болуы тиіс. Сағынтаевтың алдағыны көріп, алысты болжайтын стратег басшы екендігін оның бір сөзінде қала тұрғындарының санын 5 миллионға жеткіземіз, Алматы әлемдегі жүз қаланың бірі болады дегенінен де айқын аңғардық. Ең бастысы – ол осы дәмді сөздерін, мәнді істерімен көмкеріп, көркейтіп келеді. Басқа қиындық аздай-ақ короновириус дейтін тәжтажал талай игі істерге тосқауыл болды. Сол сәтте Сағынтаев шұғыл Приезидентке және Төтенше жағдай режимін қамтамасыз ету жөніндегі Мемлекеттік комиссияға қалада карантин енгізу туралы ұсыныс енгізді. Бұл ұсыныс қабылданды. Нәтижесінде қатерлі індеттің кең таралмауына тосқауыл қойылды. Қалада карантин 19 наурызда түнгі сағат 00.00-ден бастап енгізілді. Алматыдағы карантиннің басты мақсаты - инфекцияның таралуын тоқтату. Міндет қаланың сыртқы периметрін қатаң бақылауға алу және қала ішінде қатаң карантин режимін енгізу арқылы инфекцияның таралу жолын тоқтату тәжтажал туғызған күрделі жағдайға орай Сағынтаев халыққа қарата былай деді: Құрметті алматылықтар! Өздеріңіз білесіздер, Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев коронавирустың әлемдік пандемиясына байланысты елде төтенше жағдай жариялады. Шешім дұрыс. Оқиғаның алдын алу үшін қабылданған. Төтенше жағдай режимі адамдардың өмірі мен денсаулығын қорғау үшін барлық ресурстарды жұмылдыруға мүмкіндік береді. Алматы аумағында вирустық қауіп-қатерге қарсы алдын алу шаралары қаңтар айында Дүниежүзілік Денсаулық сақтау ұйымы Қытайда коронавирус індетінің өршуі туралы алғаш хабарлаған сәттен басталды. 2,5 айдың ішінде Алматы әуежайының мемлекеттік шекарасында шұғыл қорғаныс шаралары жүргізілді. 13 наурызда Алматыда COVID-19 вирусының алғашқы жағдайы тіркелді. Таралу қарқыны жоғары. Бүгінге дейін Алматыда 15 коронавирус жағдайы тіркелді. «Алматинские электрические станции» АҚ – ТЭЦ-1,2 3 ТК және Каскад ГЭС төтенше жағдайлар кезінде үздіксіз жұмыс істеп тұруы үшін 5 төтенше бригада, 20 бірлік арнайы техника, 76 жұмыскер күші ұйымдастырылған. Тұрғындар үшін тез өсіп келе жатқан қауіп бізді жылдам шешім қабылдауға мәжбүр етуде. Сондықтан мен Президентке және Төтенше жағдай режимін қамтамасыз ету жөніндегі мемлекеттік комиссияға қалада карантин енгізу туралы ұсыныс енгіздім. Бұл шешім екі сағат бұрын қабылданды». Бұл дәмді сөз төрт қабырғаға қамалған халыққа дем берді. Сағынтаевтың: «Біз біргеміз!» деген сөзі халықтың ынтымақ бірлігін күшейтіп, ертеңгі күнге деген сеніміне қуатты серпін берді. Ұлттың ұлы ұстаздарының бірі Жүсіпбек Аймауытов 1918 жылы қазан айының екінші жұлдызында «Абай» журналында жарияланған «Ұлтты сүю» атты мақаласында: «Оқығандар! Бұл уақыт жан тыныштығын іздейтін, қызық қуатын уақыт емес, қызмет қылатын, еңбек сіңіретін уақыт. Ойланыңыздар: халық біз үшін емес, біз халық үшін туғанбыз, олай болса, мойнымызда халықтың зор борышы, ауыр жүгі жатыр» - деп жазды. Ғасыр басында айтылған Ұлы Ұстаздың осы ұлағатты сөзі күні бүгінде өте актуалды. Алапат апат – короновирус әлемді әбігерге салып, мұнай бағасы күрт төмендеп, алпауыт державалардың өзі абыржып қалғанда Қзақстан оның бөлінбес бөлігі, қуатты тірегі – Алматы аса салмақтылықпен, сары алтындай сабырмен шұғыл әрі дұрыс әрекет жасап, бейбітшілік пен жасампаздық алаңына айналып отыр. Осы тұста қалам ұшына Уинстон Черчильдің: «Пессимист мүмкіндік болғанда қиындық туралы, оптимист әрбір қиындықта мүмкіндік жайлы ойлайды» деген сөзі оралып тұр. Бұл Конфуцийдің: «Өзгеріс желі соққанда ақымақ адам желден қалқан болар қорғаныш тұрғызады, ал ақылды адам жел диірмен салуға кіріседі» деген даналығымен үндес. Сағынтаевтың сәт сайын қырық құбылып тұрған сын сағаттағы дәмді сөзі мен мәнді ісі халықтың сеніміне қуатты серпін берді. Сағынтаевтың сертке соққан семсердей сөзге беріктігіне, руханиятқа қамқоршы, жанашырлығына Қазақстан жазушылар одағы мен қаламгерлерге жасаған қамқорлығы да дәлел. Одақ ғимаратын, шығармашылық үйді күрделі жөндеуден өткізді. Алматыда тұратын жазушылардың біразына 500 мың теңгелік грант табыстады. Жазушылармен бір емес, бірнеше мәрте кездесіп олардың ұсыныстары мен өтініштеріне құлақ асты. Распутиннің: «Всегда во всем нужно сохранить казаха казахом, в лице и в духе, киргиза – киргизам, а русского – русским. Только тогда между ними могут быть искреннее уважение и любовь» дегені және үнді халқының ұлы перзенті «Ребиндрант Тагордың «Әрбір халық өзінің ұлттық қасиетімен, әлемге таныта білуі керек. Егер ол ұлттың өркенитеке қосар үлесі болмаса, онда жер бетінен жойылу қасіретінің басталғаны. Және де адамзат тарихының дамуында – бұл кешірмес күнә» деген ұлағатты сөз ойға оралады. Сағынтаевтың ұлттық құндылықтар туралы айтқандары орыс пен үнді ғұламаларының ойымен үндесіп жатқан ұлағатты сөз! Түйіп айтсақ, Сағынтаевтың бір жылы жемісті де жеңісті болды. Ол көп сыннан сүрінбей өтті! Алтын денем шаршаса, шаршасын – Абзал елім даңқы артсын. Бүтін денем қиналса, қиналсын, Бүкіл елім топтассын, - деп қанжармен қашап жазыпты Шыңғыс хан Қарқорымның қаракөк тасына. Осы сөздер Сағынтаевтың адастырмас ақ жұлдызы, бақ жұлдызы болса нұр үстіне нұр?! Ең бастысы Сағынтаевтың өзі ол басқарған қала да, шаһар тұрғындары да бір жылда сындарлы сындардан сүрінбей өтті! «Пенденің бәрі арманда, ақымақтың ғана мұңы жоқ» - дейді Әбубәкір Кердері. Данышпан адамның арманы асқақ, мұңы көп. Сондай ұлағатты тұлғаның бірі де бірегейі Бақытжан Әбдірұлы Сағынтаев. Оның мұңы – халықтың жағдайы, арманы – Тәуелсіз Қазақстанның бүгіннен де жарқын болашағы.
Әлем жаһандану отына күйіп тұр, Кеудедегі жазылмайтын күйік бұл. Ибалы адам, ибалы қоғам болғасын Алла Алаштың маңдайынан сүйіп тұр. Ел бақытты болмай – ер бақытты болмайды. Ел бақыты - ерен еңбекте, ер бақыты – қиындықты қисынан тауып жеңбекте. Біз біргеміз! Сызат түсіп сөгілмейді іргеміз! Аман болайық! Сәбит Досанов,
Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, Махмұд Қашқари атындағы»Түрік әлеміне сіңірген аса зор еңбегі үшін» халықаралық сыйлықтың иегері
Қазақ үні