
Бүгін, 1 шілде күні Нұр-Сұлтан қаласындағы Достық үйінде Қазақстан халқы Ассамблеясының ұйымдастыруымен және ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің қолдауымен «Ұлы Даланың ұлтаралық тілі» атты республикалық онлайн конференциясы өтті.
Аталмыш шара ҚХА-ның 25 жылдығына арналған Қазақстан халқы Ассамблеясының «Тұңғыш Президент жолымен» халық экспедициясы» жобасын жалғастырып, ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың Тәуелсіз Қазақстанның құрылуы жолындағы ерен еңбегін айшықтауға бағытталған.
Сонымен қатар, Мемлекет басшысы Қ.К.Тоқаевтың республикалық «Ана тілі» газетінде жарияланған «Қазақ халқының тағдыры тарих таразысында тұр» атты мақаласын талқылау және «Қазақ тілін жақсы білетін өзге ұлт өкілдерін қолдау» тапсырмасын жүзеге асыруды көздейді.
Онлайн конференцияға ҚХА Төрағасының орынбасары – Хатшылық меңгерушісі Жансейіт Түймебаев, ҚР Ақпарат және қоғамдық даму вице-министрі Марат Әзілханов, ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрінің кеңесшісі Бибігүл Жексенбай, ҚР Президентінің жанындағы Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің мүшесі Қазыбек Иса, филология мен лингвистика саласының сарапшылары, ҚХА мүшелері, мемлекеттік тілді меңгерген өзге ұлт өкілдері мен этномәдени бірлестіктердің, жастар ұйымының өкілдері қатысты.
Конференция жұмысына қатысушылар ZOOM конференц-платформасы және ҚХА-ның Фэйсбук желісіндегі ресми парақшасында көрсетілген тікелей эфир арқылы онлайн режимде қосылды.
Жиын барысында Ақпарат және қоғамдық даму вице-министрі Марат Алмасұлы Әзілханов Қасым-Жомарт Кемелұлының «Ана тілі» газетіне берген арнайы сұхбатына орай ой бөлісуге ниет білдіріп, шараның өтуіне ықпал еткен Ассамблея мүшелері мен конференция қатысушыларына алғысын білдіре отырып, конференция жұмысына сәттілік тіледі.
«Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың бастамасымен құрылған Қазақстан халқы Ассамблеясы – өзінің даму жолында орасан біріктірушілік және зияткерлік әлеует жинақтап, бүкілхалықтық татулық пен ынтымақтың беки түсуі үшін қызмет етіп келе жатқан бірегей ұйым.
Еліміздегі барлық этностардың басын біріктіретін бұл құрылым республикада тұрақтылықты сақтап, ілгерілей дамып, мәдени-рухани баюымызға бағытталған іс-шаралардың басында тұрады. Бүгін өткізіліп отырған жиынымыз солардың бірі деп білеміз.
Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі елмен етене жұмыс істейтін мемлекеттік орган ретінде, осындай халыққа ой салып, бағыт-бағдар беретін іс-шаралардың өткізілуіне ұдайы қолдау көрсетіп отырады.
Осыдан 2 ай бұрын Министрліктің жанынан Этносаралық қатынастарды дамыту комитетінің құрылуы елімізде жүргізіліп келе жатқан мемлекеттік этносаясаттың және оны іске асырушы Ассамблея қызметінің арқасында қалыптасқан этносаралық келісімнің бірегей моделін, қоғамдағы өзара түсіністік ахуалын одан әрі нығайта түсуге игі ықпал етеді деп күтілуде. Осыған байланысты Қазақстан халқы Ассамблеясы мен Комитеттің болашақта бірлесе атқарар жұмысының ауқымы да көбейе түсетіні анық.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың «Ана тілі» газетіне жарияланған сұхбатында халқымыз үшін көкейтесті мәселелер көтерілген. Соның ішінде қазақ тілін ұлтаралық тіл деңгейіне көтеру мәселесі сөз болды. «Мемлекеттік тіл – халықты топтастырушы фактор» деген ұғымның қоғамдық санада нық орнығуын насихаттау ісінде де осылай болады деп ойлауға негіз бар.
Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев қазақ тілінің дамуын ұдайы назардан тыс қалдырмағаны баршаңызға белгілі. Тәуелсіздік алғалы бері жүргізілген мемлекеттік саясаттың арқасында қазақ тіліне қамқорлық жасалып, оның аясын кеңейтуге барлық мүмкіндіктер қарастырылды. Тұңғыш Президентіміздің жүргізген салиқалы саясаты мен ұстанған сара жолы барлық қазақстандықтардың өмірлік бағыт-бағдарына айналды. Сондықтан Ассамблеяның «Тұңғыш Президент жолымен» халық экспедициясы» жобасының маңызы зор деп білеміз.
Мемлекет басшысы Қ.К.Тоқаевтың тіл мәселесіне қатысты ұстанымы, қазақ тілі туралы пікірлері жұртшылыққа жақсы таныс. Президент ретінде «Егемен Қазақстан» газетіне берген алғашқы сұхбатында: «Қазақтың тілі – қазақтың жаны! Халқымыздың тарихы да, тағдыры да – тілінде. Мәдениеті мен әдебиеті де, ділі мен діні де – тілінде» дегені ел есінде.
Біз талқылағалы отырған сұхбатта сол ой негізгі арқау ретінде жалғастырыла отырып, қоғамды толғандырған басқа да мәселелер қозғалады. Бұның барлығы мемлекеттің назарынан тыс қалмағандығын анық көрсетеді.
Бүгінгі жиынға құлақ түріп отырғандар, әсіресе жастар, сіздерден зиялы ойлар, алға жетелейтін, сенім беретін жақсы пікірлер күтеді. Сұхбатта көтерілген мәселелер қазіргідей жаңа тарихи жағдайда бәріміз ана тіліміздің дамуы мен дәріптелуіне назар аударып, оның мәртебесін арттыруға үлес қосуымыз керектігі туралы ой салады. Бұл жолы да ұлы Абайдың қара сөздерін мысалға келтіре отырып, халқының білімі мен ғылымы дамыған интеллектуалды ұлт болуының жолы – ғылым, білім, еңбекқорлық екеніне назар аудартады.
Сіздер сұхбатта айтылған басқа да тақырыптарды терең талдап, құнды пікірлеріңізді ортаға салады деп ойлаймын», деді Марат Әзілханов.
Сонымен қатар, жиын барысында Джамалайл Элимханов, Анель Пимичина, Арзу Гурбанова, Ругая Вердиева, Ильяр Муталипов, Зулфия Таипова секілді этнос өкілдері сөз сөйлеп, мемлекеттік тілді қолдау бойынша өткір ойларымен бөлісті.