Жансейіт Түймебаев: Мемлекеттік тілдің рөлін арттыру жұмысы жедел қолға алынуы керек
2020 ж. 01 шілде
2054
0
Бүгін, 1 шілде күні Нұр-Сұлтан қаласындағы Достық үйінде Қазақстан халқы Ассамблеясының ұйымдастыруымен және ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің қолдауымен «Ұлы Даланың ұлтаралық тілі» атты республикалық онлайн конференциясы өтті.
Аталмыш шара ҚХА-ның 25 жылдығына арналған Қазақстан халқы Ассамблеясының «Тұңғыш Президент жолымен» халық экспедициясы» жобасын жалғастырып, ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың Тәуелсіз Қазақстанның құрылуы жолындағы ерен еңбегін айшықтауға бағытталған.
Сонымен қатар, Мемлекет басшысы Қ.К.Тоқаевтың республикалық «Ана тілі» газетінде жарияланған «Қазақ халқының тағдыры тарих таразысында тұр» атты мақаласын талқылау және «Қазақ тілін жақсы білетін өзге ұлт өкілдерін қолдау» тапсырмасын жүзеге асыруды көздейді.
Онлайн конференцияға ҚХА Төрағасының орынбасары – Хатшылық меңгерушісі Жансейіт Түймебаев, ҚР Ақпарат және қоғамдық даму вице-министрі Марат Әзілханов, ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрінің кеңесшісі Бибігүл Жексенбай, ҚР Президентінің жанындағы Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің мүшесі Қазыбек Иса, филология мен лингвистика саласының сарапшылары, ҚХА мүшелері, мемлекеттік тілді меңгерген өзге ұлт өкілдері мен этномәдени бірлестіктердің, жастар ұйымының өкілдері қатысты.
Конференция жұмысына қатысушылар ZOOM конференц-платформасы және ҚХА-ның Фэйсбук желісіндегі ресми парақшасында көрсетілген тікелей эфир арқылы онлайн режимде қосылды.
Қазақстандық журналист және белгілі блогер Максим Рожин жүргізген онлайн конференцияны аша отырып, Ассамблея Төрағасының орынбасары Жансейіт Қансейітұлы Түймебаев сөз сөйледі:
«Қазақстан халқы Ассамблеясы бүкіл ел тұрғындарының мүддесін көздейтіндіктен, азаматтардың конституциялық құқықтарының сақталуына, әлеуметтік, саяси-экономикалық жағдайға қатысты мәселелердің барлығын назарда ұстап, мемлекет дамуына ықпал ететін бастамаларды талқылап, өз ұстанымымызды білдіріп отыратынымыз өздеріңізге белгілі. Бүгінгі дөңгелек үстелдің күн тәртібі де сондай мәселеге арналған.
Ел тәуелсіздігінің негізін қалаушы Тұңғыш Президентіміз, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев: «Тілге деген көзқарас – шындап келгенде, елге деген көзқарас» деп, адамның, қоғамның болмысына бір-ақ ауыз сөзбен сипаттама берген. Өзі Төрағасы болып табылатын Қазақстан халқы Ассамблеясының сессияларында «Қазақ тілі баршаны біріктіретін, жастарды жақындастыратын татулық тіліне айналуға тиіс!» деп үнемі айтып отырғанына да осы жиынға қатысып отырған көбіміз куәміз.
Биыл Ассамблея 25 жылға толды. Ширек ғасырда Елбасымыздың бірлік пен ынтымақты сақтау жолында сіңірген еңбегі орасан. Сондықтан Нұрсұлтан Әбішұлының елімізді қалыптастыру мен дамыту жолындағы қажырлы еңбегін көрсетуге арналған «Тұңғыш Президент жолымен» халықтық экспедициясы» жобасын бастадық.
Бұл жоба елордамыз – Нұр-Сұлтан қаласынан бастау алып, Елбасы өмірге келіп, азамат атанған Алматы облысының Үшқоңыр баурайында және еңбек жолын бастап, қайраткер ретінде қалыптасқан Қарағанды, Теміртау қалаларында жалғасын тапты. Жалпыхалықтық экспедицияның еліміздің әрбір азаматы үшін тағылымы мол. Әсіресе, өмірлік ұстанымы қалыптасқан, қоғамдық белсенділік танытқан, мәдениет пен әдебиетті, тіл мен ғылымды басты бағдар етіп алған жастарымыз үшін Елбасының жүрген жолы – тәжірибесі де, тәлімі де мол өмір мектебі.
Қанша айтылса да көптік етпейтін, қай кезде де құндылығын жоғалтпайтын ТІЛ мәселесі бүгін де сөз болмақ. Басқосуымыздың мақсаты – Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың республикалық «Ана тілі» газетіне берген «Қазақ халқының тағдыры тарих таразысында тұр» атты сұхбатындағы мәселелер туралы ой бөлісу, болашақ қызметімізде басшылыққа алу.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы республиканың өркендеуіне әсер ететін саяси-экономикалық даму мәселелерімен қатар, қазіргі ең өзекті болып отырған пандемия кезеңіндегі халықтың жағдайы, демографиялық өсу, тіл, халықты әлеуметтік қолдау сияқты мәселелерге басым мән береді. Өз пікірін білдіре отырып, көпке ой салады.
Президентіміз өз Жолдауында «Еліміздегі этникалық топтардың тілі мен мәдениетін дамытуға жағдай жасай береміз», дей келіп, ойын «Қазақ тілінің мемлекеттік тіл ретіндегі рөлі күшейіп, ұлтаралық қатынас тіліне айналатын кезеңі келеді» деп тұжырымдағанын баршаңыз білесіздер.
Мемлекет басшысының бұл бастамасына Қазақстан халқы Ассамблеясы қолдау көрсетіп, былтыр «Ұлы даланың ұлтаралық тілі» атты форум өткізді. Бұл жиынға бүгін бізбен байланысып отырған көпшілігіңіз қатыстыңыздар. Біз әдеттегі жиындардан өзгеше форматта өткізілген бұл форумды Жолдауда айтылғандай, «даңғаза жасамай, жұмыла жүргізіп жатқан жұмысымыздың» көрнекі мысалы дей аламыз.
Республиканың түкпір-түкпірінде тұратын, қазақ тілін ана тіліндей меңгерген түрлі этнос өкілдері өздерінің тіл үйрену жолдарын ғана емес, өзге елдердегі мемлекеттік тіл мәртебесін мысал ете отырып баяндауы Мемлекет басшысының мәселені дер кезінде көтеріп отырғанына көз жеткізді. Бұрын басқа ұлттың ұл-қызы ана тілімізде сөйлесе қилы заманда бауырға басқан қазақ халқына деген құрметі деп қабылдайтын болсақ, Ассамблея форумы Жолдауда жасалған «ұлтаралық тіл» туралы тұжырымның өміршең екендігін танытты.
«Ана тіліндегі» сұхбаттың әлем тіршілігіне, дамуына кері әсер етіп отырған пандемиядан басталуы заңды. Соңғы көрсеткіштерден үрейленіп қалған халқына бар жағдайды ашып айтып, кеңес беріп, «Біз біргеміз!», «Кемедегілердің жаны бір» деп басу айтылуы көңілдерде сенім ұялатады.
Мемлекет басшысы айтып отырғандай, тілдік проблеманың үлкен саяси мәні мен маңызы бар. Оны мына сіз бен біз жақсы білеміз.
Сондықтан Қазақстан халқы Ассамблеясы тіл мәселесіне байыппен қарап, оны үйренудің өзіндік қағидаттарын қалыптастырған. Алғаш қолға алған кезде «Бір жылда 1000 бала үйренсе» деген арманнан туындаған «Мың бала» жобасы қанатын кеңге жайып, мемлекеттік тілді үйретудің заманауи мектебіне айналды. Басқа да қызықты жобалар бар. Міне, сондықтан да біз Президент сұхбатындағы айтылған «мемлекеттік тілге қатысты жұмыстарды айғайламай, қызбалыққа салынбай, бірақ табанды түрде жалғастыра беру қажет» деген тұжырымды орындап отырмыз деуге болады.
Президенттің сұхбатында адамзат басынан өткен тарихи сәттер, заманауи фактілер мысалға келтіріліп, халық санасын қозғайтын ойлар айтылған. Оларды елге жеткізуде, іске асыруда бізге үлкен міндеттер жүктеледі.
Мемлекеттік тілдің елді біріктіріп, ұйыстырушы фактор ретіндегі рөлін арттыру жұмысы жедел қолға алынуы керек. Бұл ретте бізге әр этнос ішіндегі ақылгөй, парасатты, идеялы азаматтарымыз ең үлкен көмекші болады деп сенемін.
Осы тұста Мемлекет басшысы Қ.К.Тоқаевтың «Біз қазақ тілін жақсы білетін өзге ұлт өкілдерін қолдауымыз керек. Оларды Парламентке, өкілетті органдарға сайлап, мемлекеттік қызмет жүйесіндегі жоғары лауазымдарға тағайындап, мемлекеттік наградалармен марапаттап отырғанымыз дұрыс. Мұндай азаматтар қазақ тілінің деңгейін ұлтаралық қолданыс дәрежесіне көтеруге көмектеседі.» деген сөзін жүзеге асыру мақсатында қазақ тілін насихаттауға үлес қосып жүрген тіл жанашырлары және бүгінгі жиынға қатысып, өз пікірін білдірген барлық азаматтар Қазақстан халқы Ассамблеясының «Мейірім» медалімен марапатталады.
Марапаттарыңыз құтты болсын!
Ендеше, іске сәт, құрметті отандастар! Бүгінгі басқосуымызда тың ойлар мен идеялар ортаға салынады деп күтемін. Баршаңызға сәттілік тілеймін!».
Сөз соңында Жансейіт Түймебаев Ұлттық Кеңес мүшесі Қазыбек Исаға алғыс білдіріп, мемлекеттік тіл мәселесіне қатысты Ассамблея жастары айтқан өзекті тақырыптарды үлкен деңгейде көтеруін сұрады.- Қазақстан халқы Ассамблеясы, соның ішінде жастардың Мемлекеттік тілде сөйлеп, Мемлекеттік тілге қатысты ұсыныстарын айтып отырғанын көріп отырсыз. Сондықтан, Ұлттық кеңесте де осы жастардың ойын-тілегін сіз астын сызып тұрып жеткізеді деп сенемін, - деді Ж. Түймебаев.
Сонымен қатар, жиын барысында Джамалайл Элимханов, Анель Пимичина, Арзу Гурбанова, Ругая Вердиева, Ильяр Муталипов, Зулфия Таипова секілді этнос өкілдері сөз сөйлеп, мемлекеттік тілді қолдау бойынша өткір ойларымен бөлісті.