Қуандық Шамахайұлының өліміне қатысты тергеу басталды

Нұр-Сұлтанда белгілі журналист әрі профессор Қуандық Шамахайұлының өліміне қатысты тергеу жүргізіліп жатыр, деп хабарлайды zakon.kz.

Елордалық денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, 23 маусымда жедел жәрдем бригадасы коронавирус жұқтыру күдігімен Қуандық Шамахайұлын (1960 ж.т.) ауыр халде ауруханаға жеткізді.

- Осы уақыттан бастап ол N1 Көпсалалы қалалық ауруханасының стационарында ем алып жатты. Қойылған диагноз: ауыр дәрежедегі этиологиясы нақтыланбаған екі жақты полисегментальды пневмония, - дейді басқармадағылар.

Науқас клиникалық хаттамасына сәйкес ем алды. Емдеу кезінде науқастың жағдайы бірнеше рет нашарлаған.

- 29 маусымда науқастың жүрегі тоқтап қалды, реанимациялық шаралар жүргізілгеніне қарамастан марқұмды аман алып қалу мүмкін болмады. Өлімнің себептері бойынша тергеу жүргізілуде, оның нәтижелері туыстарына хабарланады, - дейді денсаулық сақтау басқармасындағылар.

Айта кетсек, оңалып келе жатқан Қуандық Шамахайұлының кенет қайтыс болғанына марқұмның туыстары күмәнмен қарайды. Өйткені журналистің өзі дәрігерлердің бір дәрі бергенін, содан секемденіп отырғанын желіде жазған.