Нұрсұлтан Назарбаев - түркі әлемінің ақсақалы
2020 ж. 28 маусым
3667
0
Қазақстан Республикасының тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев сексен жасқа толды. Ол жаңа заманның ең көрнекті саяси қайраткерлерінің бірі, біздің туысқан Қазақ елін ұзақ басқарған тарихи тұлға.
Н.Назарбаев біздің елдер арасындағы екіжақты байланыстың дамуына зор үлес қосты, Әзірбайжанның Жалпыұлттық Көшбасшысы Гейдар Әлиевпен достық қарым-қатынаста болды және сол достық президент Ильхам Әлиевпен қазір де жалғасып келеді.
Қазақ елі Тәуелсіздігінің алғашқы күнінен бастап Әзірбайжанмен әрдайым қатар келеді, біздің мемлекеттеріміз бауырлас екі елге жарасатынындай, барлық халықаралық платформаларда бірге әрекет етеді, көптеген ірі экономикалық жобалар бірге жүзеге асырылады.
Әзірбайжан мен Қазақстан арасындағы қарым-қатынастарды дамытуға қосқан айтарлықтай үлесі үшін ӘР президенті Ильхам Әлиевтің Жарлығы бойынша Нұрсұлтан Назарбаев «Гейдар Әлиев» орденімен марапатталды. Сондай-ақ Әзірбайжанда осынау бауырлас елге, Тұңғыш Президент – Елбасына деген ықылас әрдайым зор. Сондықтан да біздің халық оны құрметпен Түркі әлемінің Ақсақалы деп атайды.
Қазақ елі Әзірбайжан секілді патшалық Ресей империясы мен Совет Одағының құрамында болды. Одақ ыдырағаннан кейін Қазақстан Тәуелсіз мемлекетке айналды. Егемендіктің алғашқы күні – 1991 жылғы 16-желтоқсаннан 2019 жылдың наурыз айына дейін елді отыз жылға жуық Нұрсұлтан Назарбаев басқарды – уақыт оның, жаңа заманғы ең дана саясаткер екенін көрсетті.
Ол мемлекетке ең бір ауыр жылдарда жетекшілік жасады. Алғашқы кезеңде Қазақстан мен оның экономикасы, ашығын айтқанда, өте мүшкіл еді. Ол кезде Қазақ елінде ешбір соғыс, ұлтаралық қақтығыс болмағанмен, жоқшылыққа ұшыратқан, жүдетіп-жадатқан соғыс жүріп жатқандай әсер болғаны рас. Советтік экономиканың жаппай тұралауынан өндірістің күрт құлдырауы, күннен-күнге жұмысссыздықтың көбеюі, зейнетақы мен жәрдемақы төлеуге қаражат жетпеуі, қалыпты медицинаның болмауы, электр қуатының, пәтер жылытудың, газ бен судың тапшылығы – бәрі қабаттасып, адам төзгісіз жағдай туындады.
Жас мемлекетте қалыптасқан жағдай қауіпті ғана емес, осынау алып территориясы мен көпұлтты этникалық құрамы бар елдің жойылуы қатері күтіп тұр еді: расында, істің дәл осылай аяқталарын болжаушылар көп-тін.
Алайда республика басшысы Нұрсұлтан Назарбаев қысқа мерзімде мемлекет іргесін нығайтып, Қазақстан экономикасын жаңа жолға түсіріп, қоғамды әлеуметтік мұқтаждықтардың шеңгелінен суырып шығарып, халықтың жасапмпаздық потенцииалын игілікті де ізгі бағытқа салды, сөйтіп Тәуелсіздік іргесін нығайтты.
Ол қазақ қоғамын бірегей халық ретінде жұмылдырып, қазақ халқының ғасырлар бойғы арманына қол жеткізді. Ұлы Дала төсінде, Еуразия кіндігінде көреген көшбасшысы бар, өскелең келешекке ұмтылған ежелгі дәстүрлері бар жас ел қайтадан дүр сілкінді.
Ұлы адамдар дүниеге ұлы әрекеттер кезінде келеді, ал ұлы істі ұлы тұлғалар жүзеге асырады. Қазақ елінің жолы болды – өйткені ә дегеннен мемлекет тұтқасы Тәуелсіздік алған күннен-ақ Нұрсұлтан Назарбаевтай көрнекті саяси қайраткердің қолында еді. Оның ересен мемлекеттік ақыл-ойының, қайтпас қайратының, даналығының, өз еліне адалдығының арқасында Қазақстан Республикасы әлемдегі өз орнын тапты. Және көшбасшының да жолы болғаны анық: ол бірнеше мың жылдық тарихы мен айрықша мәдениеті қалыптасқан дарынды да еңбекқор халықты басқарды. Талай ғасырға созылған отарлық саясат ту-талақай қылған қоғамды бір идеяға біріктіріп, ауыр жағдайдағы геосаяси ахуалды бастан кешкен аса күрделі кезеңде ол бірыңғай тарихы мен бірегей халқы бар мемлекет құрып шыға алды.
Әлбетте, халық алдында атқарған өзге де игі қызметі көп бола тұра, мұны оның ең басты еңбегі деп бағалау ләзім.
Билік тұтқасын ұзақ жыл ұстаған Н.Назарбаев кезеңі жеткен сәтте билікті демократиялық жолмен өткізудің үлгісін көрсетті және оған өзінің ұзақ жылғы басқару кезінде елді жаңа заманғы әлемдік тәртіптегі тарихи сахнадағы талабы қатал бәсекелестікке даярлап шығу қажет еді. Сонымен бірге ол мұны да лайықты дәрежеде атқарып шықты.
Қазақстан Республикасы жаңа заман кезеңіндегі еуразиялық кеңістікте ірі аймақтық держава дәрежесіне ие, сондай-ақ халықаралық қатынастар жүйесінде белсенді роль атқарады, нарықтық экономикасы серпінді дамыған және ірі экономикалық, өнеркәсіптік, ғылыми, мәдени потенциалы мен жаңа инновациялық технологиясы мол мемлекет.
Жер аударылған халықтар мекенінің жаңғыруы
Советтік билік басындағылар ХХ ғасырдың 20-30-шы жылдарындағы Қазақ елі тұрғындарының тең жартысынан астамы қырылған ұлы аштық нәубетінен кейін бұл өңірді жер аударылушы халықтар мекеніне айналдырды.
Мұнда бәрі – «халық жаулары» мен «жау халықтар» түгел айдалып әкелінді. Бұған қоса Екінші дұниежүзілік соғыс кезінде көптеген кәсіпорындармен бірге сол мекемелердің қызметкерлері де осы елден қоныс тепті. Ал 1950 жылдары өзге республикалардың көптеген адамдары Қазақстанға Тың игеруге жөнелтілді. Мұндай саясат осынау өңірді мыңдаған жылдар бойы мекендеп келе жатқан жергілікті ұлт – қазақтарды өз Отанында азшылыққа айналдырды. Осылайша республиканың солтүстік облыстарына орыстілді халықтар – орыстар, украиндар, белорустар, Волга бойының немістері, т.б. көптеп орналастырылғандықтан, Одақ құлаған соң орыс ұлтшылдары, оның ішінде Нобель сыйлығының лауреаты жазушы Александр Солженицын осынау жерлерді Ресей Федерациясы құрамына тартып алуды үндеді. Тіпті, америкалық геосаясат алыбы Збигнев Бжезинский өзінің «Үлкен шахмат тақтасы» кітабында Қазақ мемлекетінің дәрменсіздігіне тоқталып, бұл мемлекеттің көп ұзамай жойылатыны жөнінде сәуегейлік жасады.
Әдетте, З.Бжезинский секілді ірі тұлғалар өз долбарларында сирек қателеседі. Бәлкім, ол сонау атақты кітабын жазып отырған сәтте жаңылыспаған да болуы ғажап емес. Тек америкалық геосаясат патриархы мен оның сарапшылары қазақ халқы мен оның көшбасшысын лайықты бағалай алмапты. Түңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаев өзінің билікке бекер келмегенін дәлелдеп берді.
Ол ұлттық салт-дәстүрге негізделген, сонымен бірге бойына жаңа заманның жетістіктерін сіңірген айрықша мемлекеттің моделін таба білді.
Ұлан-ғайыр территориясы бар, ұлттық құрамы ала-құла және экономикасы әлсіз, алайда табиғи ресурстары аса бай болғандықтан Батыс мемлекеттері көз қызықтыратын, бұған да қоса Қытай мен Ресей сынды алпауыт елдердің аралығында отырған жас мемлекет осынау ықпалды күштердің ортасынан тепе-теңдік тауып, өзінің ерекше жолын таңдауға тиіс еді. Міне, Нұрсұлтан Назарбаев сол жолды – қазақстандық жолды тапты.
Ол мықты президенттік билікті таңдады.
Нұрсұлтан Әбішұлы өзінің Баку қаласында шыққан «Қазақстан жолы» кітабында мемлекеттік модельді таңдап алуда өзіне көбінесе екі президенттің – Сингапур «кереметінің» атасы Ли Куан Ю мен «бесінші республика сәулетшісі атанған» Шарль де Голльдің табыстары қанаттандырғанын жазды.
Өз елдерін құлаған үйінді арасынан алып шығып, зор прогреске бастаған бұл көшбасшылар өз басқару жолында мықты президенттік билікке сүйенген. Зор басқарушылық тәжірибесі бар адам ретінде Н.Назарбаев та: жас Қазақ мемлекеті секілді осал құрылымды күйреуден сақтап қалу үшін елге беделді көшбасшы мен ересен қуатты билік қажет екенін жіті түсінді.
Елдер мен халықтар арасында тіршілік үшін аяусыз бәсекелестік жүріп жатқан дүниеде жүздеген жылдар бойы отарлықта болған еліңді қайта түлету үшін бәсекелестікке қабылетті ел құру қажет еді. Мемлекет болып құрылудың осынау ауыр кезеңінде билік тұтқаларын бір ғана негізгі институтқа жұмылдыру табиғи қадам-тын. Күшті президенттік билік институты елдің саяси тұрақтылығы мен берік экономикалық дамуды қамтамасыз етті.
Енді бір сәт Елбасы – Ұлт Көшбасшысы белгілеген «Қазақстан жолын» айқындайтын Қазақ елінің кейбір жетістіктеріне тоқтала кетейік:
– Қазақстан өз еркімен көлемі жағынан үшінші орында тұрған ядролық арсеналдан бас тартып, Семей полигонын жапты, сөйтіп дүниежүзі бойынша ядролық қарусыздану көшбасшысына айналды;
– Елде әлеуметтік бейбітшілік, этносаралық және дінаралық келісім сақталды;
– Қазақстан Орталық Азия аймағының көшбасшысы, сыртқы саяси процестерге толық құқықты және беделді қатысушы деп танылды;
– мемлекет әлемнің бәсекеге ең қабылетті елу елінің тізіміне енді;
– мемлекет өзінің әлеуеттілігін дәлелдеп, әлемдік екі дағдарыстан сәтті шықты;
– елдің экономикалық жетістіктері мен халықтың теңқұқылығының бекітілуі негізінде ұлттық бірлік қамтамасыз етілді;
– мемлекет азаматтарының әл-ауқатының тез қарқында артуына қол жетті, орта тап пен ұлттық кәсіпкерлік қалыптасты.
Алдымен – экономика, одан соң – саясат
Тәуелсіздік таңында ел жетекшілері алдында реформа бастауындағы іс реті мен даму жолының тиімді бағытын таңдау кезінде қиындық туындады. Н.Назарбаев мемлекеттің саяси құрылымын реформалаумен қатар елдің экономикасын да біртіндеп реформалау жолын таңдап, экономикалық дамуды саяси өзгерістерден бұрын жүргізу туралы міндет қойды. Н.Назарбаевтың «алдымен – экономика, одан соң – саясат» деген формуласы посткеңестік кеңістікте сәтті реформалар әдістемесінің классикалық көрінісіне айналды. Оның мемлекеттік ауқымдағы кемеңгерлігінің, темірдей ерік-жігерінің, даналығының, өз елі мен халқының алдындағы адалдығының арқасында Қазақстан Республикасы көркейіп, әлемдегі өзіне лайықты орнын тапты. Тарихи өлшеммен қарағанда, аз ғана уақыт ішінде Қазақ елі дербес, саяси және экономикалық тәуелсіз мемлекетке айналды. Егемендік жылдарында Қазақстан Республикасына $200 млрд. астам инвестиция құйылды, бұл инвестицияның жартысы шет елдерден келген, мұның $50 млрд. жуығын АҚШ инвестициялаған. Егер 1994 жылы Қазақстандағы адам басына шаққандағы Жалпы ішкі өнім 700 американ долларынан сәл артық болса, 2018 жылдың соңынан қарай бұл көрсеткіш 16 есе көбейіп, $11 мыңнан асты. Елдің халықаралық жиынтық резервтері (алтын қоры) $100 млрд. асты. Бүгінде Қазақстан Жалпы ішкі өнім көлемі жағынан бірқатар Шығыс Еуропа мемлекеттерінің алдында келеді. Елге шетелдік компаниялардың тартылуымен бірге жаңа және ең озық технологиялар да келді.
Мемлекеттік «Болашақ» бағдарламасының қолдауы арқылы әлемнің ең үздік университеттерінен білім алған жас ұлттық іскер басқару элитасы қалыптасты. Тіпті, халықтың ең кедей тобынан шыққан дарынды балалар осынау бағдарлама көмегі бойынша шет елдерде оқып, Отанға қайта оралған соң жұмыспен қамтамасыз етіледі.
Бұл салада Қазақ елі бүкіл әлемге үлгі көрсетті.
«Болашақ» бағдарламасы
Қазақ елінде мемлекеттік негіздерді нығайтып, оның экономикалық қуатын күшейу үдерісінде алдыңғы қатарлы жастардың бір бөлігі мемлекеттің қамқорлығына сай әлемнің ең үздік университеттерінен білім алды. Оның үстіне бұл жоба Қазақстанның барлық аймақтарын қамтыды.
Ел жетекшілері Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарындағы қиындықтарға қарамастан, қазақтың талантты жастарының дүниежүзіндегі ең алдыңғы қатарлы оқу орындарынан білім алуын ұйымдастыру үшін арнайы «Болашақ» білім шәкіртақысын құру туралы тиімді шешім қабылдады. Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың жарлығы бойынша 1992 жылы құрылған «Болашақ» бағдарламасы бүгінде Қазақстандағы сәтті жүзеге асырылған серпінді жобалардың бірі деп есептеледі. Аталмыш бағдарлама Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаев мәлімдеген әлеуметтік жетілдіру курсын жүзеге асыруда ең маңызды роль атқарады. Бағдарлама түлектері арқылы Қазақстанда бұлар оқыған Әлемдегі алдыңғы қатарлы елдердің озық тәжірибесі енгізіледі. Бұған қоса «Болашақ» бағдарламасы таяу келешекте елді әрі қарай жаңарту ісін жүзеге асыратын ұлттық элита ядросы – іскер де ілгерішіл зиялылардың басты ұстаханасы ретінде бағаланады.
«Болашақ» бағдарламасы дамуының жаңа кезеңі – 2005 жылдан бастап жыл сайын әлемнің жиырма жеті университетіне дарынды қазақ жастары арасынан 3000 адам түсіп келеді.
Қазақстан халқы ассамблеясы
Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Ұлт Көшбасшысы саясатында этносаралық қатынас саласы ерекше орын алады. Қазақ елі – 130 этнос пен көптеген конфессия өкілдері тұратын көпұлтты мемлекет. Бірақ Қазақстандағы көпұлтттылық факторын нағыз республика игілігіне айналдыруға қол жетті. Нұрсұлтан Назарбаевтың дана да көреген, алымды саясатының нәтижесінде республика өтпелі кезең ауыртпалықтарын сәтті өткеріп, этносаралық негіздегі қақтығыстарға жол берген жоқ. Қазақстан халқы ассамблеясы – мемлекет басшысы жанындағы ақылдасу-кеңесу органы; оның негізгі мақсаты – ұлты мен тіліне, дінге деген көзқарасына, қай әлеуметтік топқа жататынына қарамастан республика азаматтарының құқық теңдігі мен бостандығын қамтамасыз ету. Қазақстан халқы ассамблеясының бірегейлігі – оған, негізінен, конституциялық мәртебе берілуінде. Ассамблеяға Сенат пен Парламентке ұсынылу құқы берілген – Парламент Мәжілісінің тоғыз мүшесі Қазақстан халқы ассамблеясынан сайланады, ал Сенат депутаттарының бір бөлігі ассамблеямен кеңесуден кейін тағайындалады. Ассамблеяны Елбасының өзі басқарады. Бұл – қазақ халқының тұрақтылық роліндегі қоғамдық бірлікті, ұлтаралық келісімді, қазақстандық азаматтық сәйкестікті және жалпы елдік отансүйгіштікті қалыптастырудағы мемлекеттің саяси жүйесінің маңызды субъектісі ретіндегі зор маңызын байқатады. Қазақстан – посткеңестік кеңістікте этносаралық қақтығыс болмаған жалғыз мемлекет.
Нұр-Сұлтан – Сарыарқадағы ғажайып қала
Нұрсұлтан Назарбаев қызметі тарихи салтанаты символдарының бірі – Қазақ елінің жақұты – Нұр-Сұлтан қаласы (бұрынғы Астана). Әзірбайжан тілінде Н.Назарбаев жазған «Евразия жүрегінде» деп аталатын кітап жарық көрді, міне, осы еңбекте жаңа астананың салынуына қатысты оқиғалар әңгімеленеді. Сондықтан бұл елдің басшыларына астана орнын ауыстыруға байланысты шешім қабылдарда қандай қиындықтар кезіккенін біз жақсы білеміз.
Қазақ елі тарихында бірнеше астана болған, алайда Нұр-Сұлтан – Ұлы Дала жазирасындағы нағыз керемет. Бұл – көшпенді империялар қойнауында қалған арманның іске асып, сол дәуірлер мен жаңа заманды жалғастырып тұрған ғаламат қала. Түркілердің аңыздарында айтылатын әлемдік ағаш – Бәйтерек айналасына салынған ертегі шаһар. Мұнда өткен кезең мен бүгінгі күн: Ақ орда, Хан шатыры, тарих түкпірінен келген тас қаһармандар, жаңа мәнердегі пирамида, ал осылармен қатар орналасқан ең жаңа заманғы үйлер, зәулім ғимараттар бәрі сәтті түйіседі.
Бұл – тура мағынасында гүлденген қала. Ешбір шаһардан мұндағыдай гүлзар бақтарды кездестіру қиын. Және алып қоныс таңқаларлық қысқа мерзімде – оншақты жыл айналасында салынып бітті.
Нұр-Сұлтанның бас сәулетшісі Нұрсұлтан Назарбаевтың өзі еді, сондықтан қала атына осы кісінің есімі берілуі әбден қисынды. Елбасы жаңа астана салуға шешім қабылдаған кезде өзінің ғана арманын емес, бүкіл халықтың қиял-тілегін жүзеге асырған болатын. Және мұның бәрі жиырма-жиырма бес жыл ішінде атқарылды.
Бұл шаһарда ғимараттар көптеген өзге қалалардағыдай бір-біріне көп ұқсай бермейді. Елбасының нұсқауы бойынша мұндағы үйлер сәулет өнерінде баламасы жоқ, айрықша жаңа мәнерде салынған. Нұр-Сұлтанда шығыс және батыс сәулет өнерінің үлгілері керемет қиюласып, қалаға ерекше салтанатты рай береді. Ал кең даңғылдардың, алаңдардың, саябақтардың, скверлердің, бау-бақшалардың, көк тіреген ғимараттардың, сәулеттік ансамбльдердің, әкімшілік кешендердің, тұрғын үйлердің айналасында жас астана тұрғындарының жан әлемі шуақ шашады. Және бұл тегін құбылыс емес. Әлемдегі алдыңғы қатарлы мемлекеттердің үркердей ұлы астаналары арасында Нұр-Сұлтан ғана – барлық діндердің, мәдениет пен өркениеттің орталығы.
Барлық діндердің рухани орталығы
Қазақ елі бүгінде барлық әлемдік және дәстүрлі діндер мен конфессиялардың серкелерін бір дөңгелек үстел басына жинай алған ел. 2003 жылы Нұрсұлтан Назарбаевтың мұрындық болуымен әлемдік және дәстүрлі ұлттық діндердің Құрылтайы өткізілді. Дүбірлі жиынға дүние жүзінің аса беделді дін басшылары қатысты. Бұлардың көпшілігінің ұстанымдары бір-біріне қарама-қайшы, тіпті, өзара жауыққан көзқарастағы елдер болғанымен, барлық алауыздықты доғарып, төрткүл дүниедегі даулы жағдайларды шешіп, араласу үшін тіл табыса білді.
Нұрсұлтан Назарбаевтың барлық әлемдік және дәстүрлі діндер мен конфессиялардың көшбасшыларының басын қосу туралы теңдессіз шешімі –шынайы ынта-ықылас болса, адамзат өркениетінің әрдайым келісімге келе алатынының жарқын мысалы.
Н.Назарбаевтың бұл бастамасы дәстүрге айналып үлгерді және жиындар ұдайы өткізіліп келеді. Осынау форумдарды өткізу тәжірибесінен туындайтын басты нәтиже – дін өкілдерінің барлығының да өзара көзқарас қайшылығына қарамастан, бейбітшілік пен толеранттыққа ұмтылатынын байқатты; және діндердің бір-біріне жақындауы арасында алынбайтын қамал жоқ екен: осындай игілікті мақсатқа жету үшін саяси жетекшілердің ізгі ниеті ғана керек көрінеді.
Қазақ елінің жаңа астанасынан, барлық діндердің рухани жетекшілерінің аузынан адамзатты көрегендікке, дінге еріктілікке, адамды сүюге, өзара түсіністікке, бейбітшілік пен келісімге шақырған үн естілді.
Мұндағы көрнекті саясаткерлер, мемлекет пен үкімет басшылары, діни және қоғамдық қайраткерлер қатысқан ең салтанатты форум, саммит, құрылтайларда жүз миллиондаған адам мен халықтардың, мемлекеттердің тағдыры шешілетін маңызды құжаттар қабылданады.
Нұрсұлтан Назарбаев салған барлық қазақстандықтардың мақтанышы Нұр-Сұлтанның басты айбындылығы мұндағы ғимараттардың, бақтардың, субұрқақтардың, өзге де сәулет шеберлігіндегі ғажайыптығымен ғана шектелмейді. Бұл қала – ЕҚЫҰ, Бүкіләлемдік «ЭКСПО – 2017» көрмесі, әлемдік және дәстүрлі ұлттық діндердің Құрылтайы, қақтығысқан жақтардың бейбіт бітімгершілігі және өзге халықаралық ірі іс-шаралар өткізілетін әлемдегі жаңа замандық орталықтардың бірі. Жаңа ұлттық сәйкестік дүниеге келетін қала, әлемдік бітімгершілік бастамаларының қаласы.
Түркі әлемінің ақсақалы
Нұрсұлтан Назарбаевтың саясаткер ретіндегі қызметі тек Қазақ елімен шектелмейді. Оның ішкі саясаттағы «үйлесім» формуласы сыртқы саясаттағы «бейбітшілік сүйгіш» ұстанымымен біртіндеп шебер шендесіп, ұтқыр ұштасып жатады. Ол – көптеген аймақтық және әлемдік іс-шаралардың бастамашысы. Оның қозғауымен Еуразиялық экономикалық одақ, Еуразиялық кедендік одақ, Түркітілдес мемлекеттердің ынтымақтастық кеңесі сияқты ұйымдар құрылды. Қазақ елі астанасында Сирияға қатысты келіссөздер жүргізілді. Н.Назарбаев 2019 жылы тамыз айының аяғында Нұр-Сұлтан қаласында «ядролық клуб» мемлекеттері басшыларының саммитін өткізу туралы жаңа бастама көтерді. Ол мұны «Ядролық қарусыз әлем мен ауқымды қауіпсіздік үшін Назарбаев сыйлығын» тапсыру салтанаты кезінде мәлімдеді. Оны өз елінің ғана емес, барлық адамзат тағдыры алаңдатады. Нұрсұлтан Назарбаевтың ұлылығы да осында. Оны барлық әлем халқы сүйеді десек, артық айтқанымыз емес. Оны бәрі танып, сыйлайды, пікірімен санасады. Ал түркі халықтары оны құрметпен өз ақсақалымыз деп атайды.
Түркі мемлекеттері Кеңесінің көшбасшылары Нұрсұлтан Назарбаевқа Түркітілдес мемлекеттер ынтымақтастығы кеңесінің ғұмыр бойғы Құрметті төрағасы мәртебесін берді. Сондай-ақ ол Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңес төрағасы.
Бүгінде Қазақстан жаңа сайланған Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың жетекшілігімен Елбасы – Ұлт көшбасшысы нұсқап берген «қазақстандық жол» арқылы болашаққа қарай нық адымдап барады.
Саяси сабақтастық жалғасуда.
Ганира Пашаева, Әзірбайжан республикасы Ұлттық Мәжілісі мәдениет жөніндегі комитетінің төрайымы,
Эльхан Зал Қараханұлы, жазушы, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты, Махмуд Қашқари атындағы Халықаралық Қордың төрағасы
qazaquni.kz