Шығыс Қазақстанда әкім ауыл ішінде бие сауғызбай отыр
2020 ж. 22 маусым
4664
0
Катонқарағайдағы Белқарағай ауылдық округіне қарасты елді мекендердің тұрғындары редакциямызға хабарласты. Айтуларынша, биыл жаңа заң шыққан ба, әлде талап күшейген бе, әйтеуір ауыл әкімі қымыз дайындап отырған халықтың қыр соңына түскен. Ауыл маңына бие байлауға болмайды. Сауғың келсе жайлауға кет. Алтайдың биігіне алысқа көшесің. Әйтпесе маңайдағы жер тозып кетеді.
Өрнек ауылының тұрғыны Бақытжан Метченов соңғы бірнеше жыл көлемінде ата кәсіп – қымыз өндірісін қолға алып, үйінің жанына 7-8 бие байлап отыр. Өткен-кеткен туристерге сатылатын ағарғаннан түсетін пайда да жаман емес. Балаларын еңбекке баулып, шаруасын дөңгелетіп отырған азаматтың қазыр қолы байланып қалғандай. Айтуынша ауылдың әкімі келіп ескерту жасап кеткен. Ауылда бие саууға болмайды. Мүлдем.
Бұл туралы altaynews.kz хабарлады.-Бұл қайдан шыққан заң? Ауылда отырып бие байлап, қымызымызды іше алмасақ онда несіне отырмыз мына жерде? Бәрі қалаға көшіп кеткен. Жиырмаға жетер-жетпес түтін қалдық. Мектеп жоқ. Осы жылқының желініне қарап күн көріп отырмыз. Ауылда жұмыс жоқ дейсіңдер ғой. Мен сендерге айтайын, ауылда жұмыс бар! Еңбек ет, жылқы өсіріп қымызын сат та, адал маңдай теріңнің арқасында көл-көсір пайдаға кенел. Бірақ осы жұмысты да істетпей отыр ғой мыналар. Осындай заңдарды кім шығарады өзі, әкімдер ме әлде депутаттар ма,-деп ашынып отыр Бақытжан есімді ауыл тұрғыны.
Айтуынша, жайлауға күн сайын түсіп шығу дегенің экономикалық жағынан ауыр. Қанша күш, қанша шығын, қанша уақыт.
-Бұл дегенің ауылдағы еңбекқор жұртқа жасалған көпе-көрнеу кедергі. Шағын және орта бизнеске қолдау көрсету керек, кедерге келтірмеу керек, тексерісті азайту керек деп теледидардан күнде айтып жатқанын естіп отырмыз. Ал әкімнің істеп отырғаны мынау. Тағы бір нәрсені айтайын. Ауылда қазір қымыз сауып отырғандардың барлығы 20 мен 30 дың ішіндегі жастар. Үлкен кісілер бұл ауыр жұмысты істей алмайды. Ауылда бие сауғызбайтын болса, жастар не істейді? Қалаға кетеді, баяғы. Ауыл бітеді сонымен. Шекараның бәрі бос қалады, -дейді ол.
Бұл жөнінде Белқарағай ауылдық округінің әкімі Қайрат Жеңісұлының да айтары бар екен. Телефон шалып мәселенің мән-жайын жеткіздік. Әкімнің сөзіне сенсек, қымызшылардың жұмысына, яғни бизнеске ешқандай кедергі келтіріліп жатқан жоқ. Тек ауылда жаз бойы жылқы жүрсе маңайда шөп қалмайтын көрінеді.
-30-40 бие байлап отырғандар бар. Жылқы ауыл маңын таптап тастайды. Халық күзге қарай 5-6 гектар шабындығынан жарытып шөп ала алмайды. ҚР Жайылымдар туралы Заңының 15 бабында Жайылымдарды беру және пайдалану тәртібі жазылған. Сол жерде бәрі айтылған.Жер тозып барады. Мәселе сонда жатыр,-дейді әкім.
Ал аудан әкімдігі бұл туралы не дейді? Катонқарағайдағы ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Болат Қанапиннің айтуынша, ауыл маңында жайылым жерлердің белгіленген шекті мөлшері бар екен. Егер одан асып кетсе жайылымға жүктеме түскен болып саналады.
-Ешкімге бизнес жасама, қымыз саума деп отырған жоқпыз. Ауыл айналасында сауынды малға арналған жайылым қарастырылған. Егер мал саны шекті мөлшерден асып кетсе, біз олардан жайлауға немесе белгіленген басқа орындарға баруын сұраймыз. Мұндай жағдайда ауылда тек жұмысқа арналған мал, яғни аттар ғана болуы керек. Ал жайылымдық жердің мөлшерлік жүктемесі былай есептеледі: 1 қойға-2 гектар, 1 ірі қара малға-7 гектар және жылқыға 9 гектар. Осыған сәйкес жер қатынастары бөлімі әкімідікпен бірігіп есеп жүргізеді. Жайылым жүктемесі шекті мөлшерден аспауы керек, -дейді Болат Жабашқанұлы.
Ал «жиырма шақты ғана үй қалдық» деп отырған адамы аз ауылдарда жайылым жүктемесі де мөлшерден асып кетті ме де сұрағанымызда бөлім басшысы дәл қазыр қолына картаны алып ауыл-ауылды аралауға кеткелі жатқанын, мал саны мен жайылым мөлшерін тағы бір есептеп шығатынын айтты.
«Егер жер кең болса, жайылым жетіп жатса ешқандай проблема жоқ. Биені саусын, қымызды өндірсін, ешкімге кедергі жасалмайды, -деп қосты бөлім басшысы.