Рахмет ЕСДӘУЛЕТ: Әртүрлі діни жағдайларға дереу әрекет ету керек

Рахмет ЕСДӘУЛЕТ: Әртүрлі діни жағдайларға дереу әрекет ету керек

Алматы облысы бойынша дін саласындағы саясатты оның ішінде діни экстремизм мен терроризмге қарсы іс-қимыл жөніндегі атқарылып жатқан ауқымды істер турасында осы салада ұзақ уақыт қызмет еткен, бір кездері Алматы облысы Дін істері комитетін басқарған Рахмет Есдәулетовпен пайымды сұхбатты оқырман назарына ұсынамыз.

— Алматы облысында ұлттық рухани құндылықтарымызды жаңғыртып, деструктивті діни ағымдарға қарсы күресу, туған жерге деген сүйіспеншілік сезімдерді арттыру мақсатында қандай жобаларды жүзеге асты?

— Біз тектілік пен ұлтжандылықтың ұстынын ұсақтатпаған дана халықтың ұрпағымыз. «Өткенін ұмытқан елдің – болашағы бұлыңғыр» деген тәмсілді ой зердесіне қонақтатқан жұрттың жалғасымыз. Мәңгілік мұратты мақсат еткен бабалардың асыл армандары мен мақсат-мұраттары – сіз бен біздің ардақты аманатымыз деп білемін. Жаңғыруға басқан жарқын қадамдардың арасында өңірде жүзеге асып келе жатқан «Рухани керуен» жобасы да бар. Аталмыш жоба – Қазақстан халқының дәстүрлі рухани мәдениетін ілгерілету, асыл дініміздің жалпыға ортақ адамгершілік қағидаларын насихаттау, рухани сананы жаңғырту және теріс пиғылды діни ағымдарға қарсы күресу, салт-дәстүрлерімізді сақтай білу және тағылымы мол тарихымызды қастерлеуге бағытталған.

Қазақтың бас ақыны, ғұлама-ойшыл Абай Құнанбайұлының ұстанымдарын өркениетті мемлекет қағидаларымен үндестігін көрсетіп, дәстүрлі дін тазалығын сақтаудағы үйлесімдігін терең тану мақсатында өңірдің белгілі қоғам қайраткерлері мен дінтанушылардан жасақталған «Рухани керуен» жобасы аясында қаралған арнайы жоспар негізінде Алматы облысының Қапшағай, Талдықорған қалаларымен Еңбекшіқазақ, Жамбыл, Қарасай, Іле, Панфилов, Талғар, Ұйғыр аудандарында белгіленген мақсатты және басқа да әлеуметтік топтар арасында дін, қоғам, мемлекет, отбасы тәрбиесі, дәстүр мен білімді ұштастырып жергілікті түрлі қоғамдық кеңестіктермен бірлесіп, 5 бағытта көшпелі дәрістер, кездесулер, түрлі форматтағы ақпараттық-түсіндіру және нүктелі оңалту шараларын ұйымдастыру. 

Талғампаз көрерменнің таным көкжиегін кеңейтуге бағытталған «Ғибратты қазына» телевизиялық рухани кештер жобасы да облыстық «Жетісу» телеарнасында тұрақты түрде көрсетіліп келеді. Аталған жобаның алғашқы хабары қазақтың біртуар ұлдарының бірі, қазақ әдебиетінің шоқтығы биік ірі тұлғасы, қазақтың бас ақыны «Хакім Абайдың шығармашылығындағы діннің рөлі» тақырыбымен ашылып, «Жыр дастандарындағы діннің рөлі және тәрбиелік мәні», «Махаббатсыз дүние дос», «Бүгінгі руханияттағы қаламгерлердің рөлі», «Қазақ даласына ислам дінінің келуі», «Ұлттық құндылықтардың ұрпақ тәрбиесіндегі рөлі» сияқты басқа да тақырыптармен жалғасын тапты.

Қалың көрерменнің көңілінен шыққан жоба биылдан бастап «Жетісу» телеарнасының бас продюсері Жұмахмет Жайлаубаевтың жүргізуімен елге белгілі дінтанушылардың қатысуымен ай сайын «Ғибрат» деген атаумен жарыққа шығып келеді. Осы уақыт аралығында «Бесігі бар үйде, береке бар»; «Махаббат пен ғадауат», «Әдеп пен әдет», «Ұят – иманның жартысы»; «Бақ, дәулет жайлы әңгіме» сынды хабарлар көрермен назарына ұсынылды.

«Ұлы даланың жеті қыры» бағдарламасы бойынша «Дін және мәдениет – руханият әлемі» атты жобамыз да ерекше аса маңызға ие деп айтар едім. Жобаның бір бағыты осы айдармен шыққан газетіміз болса, екінші бағыты халық зиярат ететін сакралды ғибадат орындарды жүйелеу және терең зерттеу, түрлі діни әдет-ғұрыптар мен халық аңыздарымен байланысты бірегей діни ғибадатханалар, өңіріміздегі қасиетті жерлерді, әсіресе ежелгі тұрғындардың діни рәсімдерін өтеуге арналған нысандарды анықтап, оның құндылығын саралау арқылы бүгінгі ұрпақтың өткенді тануына септесу болып отыр.

— Алматы облысы еліміздегі 18 конфессиясының 12-сі қоныстанған көп конфессиялы аймақ екені белгілі. Рахмет Разбекұлы, жалпы облыс аумағында тіркелген діни бірлестіктер туралы толығырақ өз аузыңыздан естісек...

— Қазақстан Республикасының 2011 жылғы 11 қазанындағы «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» Заңына сәйкес, республикадағы 18 конфессиясының 12-сі біздің өңірде өз қызметін атқаруда. Аталған 12 конфессияға тиесілі 638 діни бірлестіктер мен филиалдары облыс аумағында заңды тіркеуде. Оның: 468-і ислам мешіті, 52 православ, 11 Рим-Католик, 10 Ехоба куәгерлері, 96 протестанттық діни бірлестік және 1 Бахай қауымдастығы, 1 Кришна санасы қоғамы. Аталған діни ғибадат орындарында 576 имам ұстаз, 311 христиан діни қызметшілері қызмет етеді. Өңірдегі халық санының өсуімен қатар діни бірлестіктердің де өсу үрдісі байқалады.

Бүгінде облыста заңды түрде тіркелген 33 миссионерлер жұмыс атқаруда. Аталған миссионерлер төмендегі мемлекеттің өкілдері болып табылады. Оңтүстік Корея -9, Түркиядан -2, Испаниядан -6, Польшадан –10, Италиядан -2, Литва -1, Қазақстандық –3.

Шетел азаматтарының миссионерлік қызметті жүзеге асыруы Қазақстан Республикасының «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» Заңы негізінде басқарма тарапынан қатаң бақылауда. Миссионерлік қызметті жүзеге асырушы кез келген азамат басқармаға арнайы құжаттарды өткізу арқылы тиісті сертификатты алады. Облыстағы миссионерлер тарапынан бүгінгі күнге дейін ҚР заңнамасын бұзу фактілері тіркелмеген. Мұны мен асқан сенімділікпен айта аламын.

— Діннің атқарар рөлі туралы не айта аласыз...

— Соңғы уақытта жұртшылықты қоғамдағы діннің атқаратын рөлі, мемлекетіміздің зайырлы құрылымы, діни қарым-қатынастары, деструктивті діни ағымдардың таралуы секілді өзекті мәселелер толғандырып жүргені баршамызға аян. Осы тұрғыда әртүрлі діни жағдайларға дереу әрекет ету, талдау, түсіндіру және оңалту жұмыстарын толығымен қамту мақсатында басқармаға қарасты «Дін саласындағы мәселелерді зерттеу» орталығы қызмет атқарады. Оның басты мақсаты: елдегі дін саласына қатысты мемлекеттік саясатты халық арасында насихаттау және де тұрғындардың толеранттық санасын қалыптастыру. Бұқаралық ақпарат құралдары арқылы халықты деструктивтік діни ағымдардың ықпалынан сақтандыру, дін саласына қатысты әлеуметтік зерттеулер, ғылыми-талдау жұмыстарын ұйымдастыру болып табылады.

Оңалту орталығында жедел әрекет етуге және ДДА жақтаушыларын оңалтуға бейімделген нақты механизм мен әдістеме құрылған. Жалпы, мекеме құрылған күннен бастап деструктивті діни ағымға ұшыраған адамдардың санын ғана емес, сонымен қатар олардың лидерлерінің радикалдық көзқарастарын өзгерту бойынша айтарлықтай нәтижелерге қол жеткізілді. Орталық жүргізіп отырған діни ахуалды талдау мониторингі интернет-ресурстары мен әлеуметтік желілері арқылы радикалды және деструктивті діни ағымдардың әсеріне ұшырайтын адамдардың сандарын, көші-қон процестеріне байланысты қазіргі әлеуметтік және діни мәселелерді қатаң бақылауда ұстайды.

Әртүрлі діни жағдайларға дереу әрекет ету, түсіндіру және оңалту жұмыстарымен толығымен қамту мақсатында әр аудан, қалаларда теолог-инспекторлар қызмет атқаруда.

— Әңгімеңізге рақмет!

Сұхбаттасқан Темірлан АЙТБАЕВ

qazaquni.kz