Асқар Мамин отырған тікұшақ істен шықты
2020 ж. 16 маусым
1161
0
Премьер-министр Асқар Мамин Ми-171 тікұшағының бұзылуы салдарынан зардап шеккен жоқ, деп хабарлады үкіметтің баспасөз қызметі.
Бұған дейін, 12 маусымда үкімет делегациясы Жамбыл облысына сапармен барған болатын. Маминге Жамбыл облысының әкімі, сондай-ақ бірқатар салалық министрліктің басшылары ілесіп жүрді.
"Өңірге жұмыс сапары кезінде делегация "Қазавиақұтқару" АҚ-ға тиесілі Ми-171 тікұшағымен Қордай – Тараз бағытында ұшып өтті. Алдын ала мәлімет бойынша, негізгі гидрожүйенің істен шығуы салдарынан тікұшақ Тараз қаласынан шамамен 180 шақырым жерде, Тасөткел елді мекені аумағында қонуға мәжбүр болған", - делінген хабарламада.
Баспасөз қызметі "авиациялық оқиға салдарынан жолаушылар мен экипаж зардап шеккен жоқ, әуе кемесіне зақым келмеді" деп атап өтті.
"Сондай-ақ, денсаулық сақтау министрі Елжан Біртановтың тікұшақ бортында болмағанын ескертеміз. Қазақстан үкіметінің басшысы жұмыс кестесіне сәйкес резервтік тікұшақпен ұшуды жалғастырды", - делінген хабарламада.
Еске сала кетейік, бұған дейін денсаулық сақтау министрі Елжан Біртановтан коронавирус табылған болатын.
Асқар Мамин қарым-қатынас жасаған тұлға ретінде COVID-19 тестін тапсырды, диагноз расталмады. Қазір премьер өзін-өзі оқшаулауды бастады, бірақ қашықтан жұмыс істеуді жалғастырып жатыр.
Білім министрі Асхат Аймағамбетов, ауыл шаруашылығы министрі Сапархан Омаров және Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаев та оқшауланды.