Ауылдың түтіні түзу шықса екен
2020 ж. 13 маусым
3740
0
Поэты рождаются в провинции, а умирают в Париже»
Француз нақылы
«Ауылым – алтын бесік», – дейді халық даналығы. Көңілді күйге бөлеп, туған жердің ұлылығын ұғындырып, санаға сіңдірер қанатты сөз. Осы заманға дейінгі сан толқын ұрпақтың киелі мекені, алтын ұясы, ырыстың бастауына айналған ауыл-ежелден ұлтымыздың ұйытқысы саналады.
Жасыратыны жоқ, қаймағы бұзылмаған қазақы ортаны аңсап, ұлттық болмысымызға шөліркеген кезде ауылды еске алып, сағынып, жүрегің кеудеңе сыймай кететіндей толқымалы күйге түсетінің анық. Өйткені, жүгі нарда, қазаны теңде дәурен құрған көшпелі қазақ үшін ауылдың орны қашанда бөлек, тұғыры биік екені заңдылық. Демек, ауыл мен қазақ ажырамас егіз ұғым.
Түптеп келгенде ата-бабамыздың, яғни қазақ ұлтының түп тамыры, терең тарихы ауылда жатқанын естен шығармағанымыз абзал. Сондықтан ауыл өмірі гүлдеп, тұрмысы өркендесе, шаруашылығы кең қанат жайса қазақ түлейді, ауыл тұрмысы құлдыраса қазақ жүдейді. Бұл, бұлжымас қағида десек қателеспейміз. Оны дәлелдеп жатудың өзі артық деп ойлаймын.
Сонау тоқсаныншы жылдары ат тепкендей есеңгіретіп босағадан аттаған нарық заманы қазақ ауылдарын да айналып өткен жоқ. Көптеген елдімекен жадап-жүдеп, бордай тозып, ауылдың қалықтаған әні, көңілді тербеткен сәні кетті. Тығырыққа тірелген қара халық үдере көшіп, жан-жаққа тарыдай шашылды. Сөйтіп, түтіні түзу шығып отырған көптеген ауыл әп-сәтте қаңырап, тек жұрты ғана қалды.
Не керек қолда барды ұқсата алмағанымыз әлі күнге дейін жанды күйзелтетінін қайтерсің. Соңғы жиырма жылдың көлемінде «болашағы жоқ» деген қаншама ауылдың іргесі сөгілді десеңізші. Еліміздің бас басылымы «Егемен Қазақстан» газетінің тілшісі Байқал Байәділдің «Ауылдағы қара шаңырақ қаңырап қалмасын» атты мақаласында келтірілген дерекке көз жүгіртсек, былтырғы жылы Ақмола облысы бойынша 12 ауыл жабылып, 8675 тұрғын басқа жаққа қоныс аударыпты. Жаға ұстатар көрсеткіш. Бұл дерек тек бір ғана өңірдікі. Ал, жалпы еліміз бойынша қаншама ауылдардың тамырына балта шабылып жатыр.
Не керек, бұқаралық ақпарат құралдары, қалам ұстаған журналист қауым, ауыл тағдыры жайлы өзекті өртер өткір мәселені айтуындай айтып, көтерудей көтеріп, салмақты ой да ортаға тастап дабыл қағуындай қағып жатыр. Бірақ, сең орнынан қозғалар емес. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев: «Адам баласы-шексіз зерденің ғана емес, ғажайып сезімнің иесі. Туған жер – әркімнің шыр етіп жерге түскен, бауырында еңбектеп, қаз басқан қасиетті мекені, талай жанның өмір-бақи тұратын өлкесі. Оны қайда жүрсе де жүрегінің түбінде әлдилеп өтпейтін жан баласы болмайды» деп айтқан салиқалы ойы кез-келген жанның жүрегін тербері анық.
Иә, қоғамымыздағы заманауи тоқырауға байланысты кең көлемде қарқын алған жаһандық урбанизация ауылға да кесірін тигізбей қойған жоқ. Халықтың жаппай көшіп, қала өміріне бет бұра бастауының салдарынан ауылдардың қатары қатты сейілгенін ашық айтқанымыз жөн. Ендігі кезекті көп уақыт оздырмай, сөзбұйдаға салмай ауыл экономикасына, әлеуметтік жағдайына жаңа серпін, тың тыныс беретін кез келді. Бүгінгі таңда ауыл проблемасын көтеріп, оны жүзеге асыру ісі әр қазақты қадірлеу деген ұлттық ұстанымды білдірсе керек. Ауылды мемлекет экономикасының темірқазығына айналдыруымыз қажет. Өйткені, еліміздің азық-түлік қауіпсіздігінің тамыры ауылда екенін естен шығармай әрі соны ұғынған жөн.
Үстіміздегі жылы, қазақ ұлтының мемлекет және қоғам қайраткерлері, зиялы қауымы бірігіп ауылды көтеруге байланысты үлкен бастама көтеріп, ҚР Президенті Қ.К. Тоқаевқа «Ауыл-ана» атты бірегей жоба жолдады. Бұл Жобаның басты мақсаты-барша қазақстандықтардың көңілін ауыл проблемасына аудару арқылы мемлекеттік беріктігімізді күшейтіп, экономикамызды нығарлай түсу. «Ауылдың өркендеуі-мемлекеттің өркендеуі» деген ұғымды өміршең ету. Енді аталмыш Жобаның мазмұнынан үзінді келтіре кетейін: «Құрметті Қасым-Жомарт Кемелұлы! «Ауыл жылы» атанған әйгілі жылдан бері ауылдарды өркендетуге арналған көптеген Жобалар жасалып, соларға бюджеттен бөлінген миллиардтаған халық қаржысы тиімсіз жұмсалып, рәсуа болғанын Сіз жақсы білесіз. Соның салдарынан ауыл тұрмысы оңалмай «болашағы жоқ» деген үкім шығарылып, еліміздегі 6,5 мың ауылдың 4719-ы шетінен жабылып жатыр. Алайда Қазақ даласындағы барлық ауылдың болашағы бар. Болдыра алмай отырған облыстар мен аудандардың біліксіз әкімдері. Ауылдарды жабу-қазаққа қастандық. Ауыл біздің бәріміздің туған анамыз, қасиетті ата мекеніміз. Ауылдарды жабуға жол беруге мүлде болмайды. Егер «Ауыл-ана» Жобасы Сізден және Үкіметтен қолдау тапса, ауылшаруашылығын өркендетіп, ауыл адамдарының тұрмысын тез түзеп жақсатруға даңғыл жол ашылады. Сонымен бірге бұл Жоба ауыл адамдарының қалаларға, әсіресе Елорда мен Алматыға үдере көшуін тоқтатып, оларға түсетін әлеуметтік салмақты күрт азайтады және ең бастысы мемлекетіміздің азық-түлік қауіпсіздігін нығайтады», – делінген.
Негізі бұл Жобада ауыл тұрғындарын қауымдық шаруашылыққа біріктірудің механизмі жан-жақты, тәптіштеліп көрсетілген. Сонымен қатар, «Жайлауда бағылатын мал шаруашылығын қалпына келтіру», «Ұсақ шаруа қожалықтарын кооперативтерге біріктіріп ірілендіру», «Нұрлы көш» бағдарламасының басын қосып үшеуін қатар жүзеге асыруға мүмкіндік беретін тетікті алға тартқан. Оны қарымды қаламгер, жазушы, әдебиет сыншысы, ақын, қоғам белсендісі Жұма-Назар Сомжүрек «Егемен Қазақстан» газетінің 6-шы ақпан күні жарық көрген «Барлық ауылдың болашағы бар» атты мақаласында толыққанды жазып, мемлекет басшысының осы мәселеге мұқият назар аударып, қолдау көрсетуін сұраған.
Ақпарат көздеріне сүйенсек қазіргі таңда халықтың қырықтан астам пайызы ауылдық жерде тұрады екен. Шындығын айту керек, олардың дені жастарды құрайды. Екі қолға бір күрек таба алмай қиналып жүрген жастарды ауылдың іргесін мықтауға,көшін түзеуге, экономикасын қуаттандыруға жұмылдыра алсақ нұр үстіне нұр болар еді. Бұл бастама руханиятымыздың темірқазығы, ұлттық құндылықтарымыздың алтын бесігі, береке мен байлығымыздың бастауы көзі ауылға деген жастардың құлшынысын атттырмаса кемітпейтіні анық. Өйткені, кіндігі ауылда кесіліп, таза ауасын жұтып, тұнық суын ішіп, көркем табиғатынан қуат алған әрбір өскін өзі туған топырағын барынша қадірлеп-қастерлеуге, гүлдендіруге қашанда сақадай-сай дайын. Мемлекет тарапынан қолдау көрсетіліп «Жер-Ана» жобасының тамырына қан жүгіріп кетер болса ауыл адамдары төрт түлігін түлетіп, егістігін жайқалтып, шаруасын өрге сүйреп кететініне шүбәм жоқ.
Мен өзім қаншама өңірге табан тіреп, ауыл өмірін көзіммен көрдім, талай игілікті істердің куәсі болдым. Әйтеуір, жоқтан бар жасап, ауыл тұрмысын жайнатуға атсалысып жүрген азаматтарды, олардың жасаған ұлағатты бастамаларын көргенде жаның жадырайды. Соның бірі Қостанай облысының Аманкелді ауданында болудың сәті түсті. Аудан әкімі Әмірхан Асанов шаруашылықты ұршықша үйіріп жүрген іскер басшы екен. Көптеген ауылдармен салыстырғанда бұл аудан халқының әдеуметтік жағдайында көптеген ілгерушілік бар. Халыққа қажетті шаштараз, монша, тігін цехтары ашылып, жұмыс жасауда. Мал басын көбейту жолында әр отбасына өсімсіз қаржылай несие беру мәселесі де жолға қойылып, кең өріс алып келе жатқаны байқалады. Жас мамандарға арналып 8 пәтерлі баспана да беріліпті.
Күйбеңі көп шаруашылықтың сыртында өнерден де қалыс қалмайды. Былтыр мың домбырашы жиналып халық күйін орындаса, биыл шілде айында да осы дәстүрден қол үзбей мың домбырашы жиналып, ел арасында кең тараған бес күйді сахналамақшы. «Әр үйге бір домбыра», эстафетасы да жалғасып жатқан көрінеді. Алайда, мұнымен ауыл мәселесі толыққанды шешілді деп ой қорытуға әсте болмайды. Аудан әкімі Әмірхан Біркенұлы маған телефон арқылы хабарласып: «Ауылға өсімсіз гранттар көп бөлінсе, қаладағыдай жалдамалы баспана салуға ерекше назар аударылса», деген пайдалы бағыттарды алға тартқан болатын.
Біз тілге тиек еткен «Ауыл-Ана» жобасында көтерілген мәселелерді кең ауқымда іске асыру үшін ауыл, облыс әкімдерін, ел ардагерлерін мен жергілікті халықтың басын қосып кеңестер өткізіп талқыға салсақ ауылды көтеруге тиімді көптеген ұсыныстар ортаға тасталар еді. Егер зерделеп, саралар болсақ қазіргі жоғары басшылық қызметте жүрген азаматтардың басым бөлігі ауыл түлектері екені рас. Тіпті зиялы қауым өкілдері де ауылдан шыққандар емес пе? Олай болса, ауылды ұмытпау, әр ауылдың түтіні түзу шығуы жолында бірігу әрқайсымыздың перзенттік парызымыз деп білейік.
Өмірзақ Озғанбаев, профессор, тарих ғылымдарының докторы
qazaquni.kz