Биыл қазақстандық студенттер электронды диплом алады
2020 ж. 11 маусым
2119
0
Биылғы жылы енгізілетін "Электронды диплом" жүйесінің артықшылықтары мен кемшіліктері туралы Білім және ғылым министрлігінің вице-министрі Рүстем Биғари айтып берді, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.
Вице-министрдің сөзіне қарағанда жаңа жүйе уақыт үнемдеп қана қоймай ашықтыққа да қол жеткізуге мүмкіндік береді. Өйткені электронды форматта кез келген адам өз құжатын тексеріп, көре алады дейді Рүстем Бигари. Осылайша вице-министр өзінің электронды дипломға қатысты пікірін білдіріп, халыққа мән-жайды түсіндіріп берген.
"Биылғы жылы жоғарғы оқу орындары мен колледж түлектерінің барлығы дипломның электронды нұсқасын алатын болады. Бұл не үшін керек? Әр жыл сайын дипломның қолдан жасалғаны туралы көп сұрақтар туындаған болатын. Дипломның шынайылығын тексеру үшін министрлікке жылына 500 мыңға жуық ұсыныс келіп түседі. Бұл көп уақыт алады", - дейді вице-министр.
Оның сөзінше жаңа жүйе білім саласындағы алаяқтықтың алдын алмақ. Осылайша жұмыс берушілер мемлекеттік деңгейдегі шынайы дипломдарды арнайы базадан тексеріп, өзіне қажетті мамандарды еркін іріктей алатын болады. Электронды құжат қай жағынан болса да тиімді деп отыр Рүстем Биғари.
"Биылғы жылдан бастап дипломдарды цифрландырдық. Енді онлайн режимде дипломның тіркелген тіркелмегенін тексеруге болады. Жылдаң соңына дейін жұмысты бітіреміз. Бұл халық үшін қолайлы, жалған дипломдардың санын азайтады, білім беру деңгейін өсіріп, жұмыс берушілерге шынайы ақпарат жеткізіп отырады", - дейді ол.