«Кез-келген адамның қайда жүргенін бақылай аламыз» – Ерлан Тұрғымбаев

0
596

Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев электронды білезік жобасының не себепті іске аспағанын түсіндірді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

Министр атап өткендей, елімізде электронды білезікті енгізу мәселесінің көтерілгеніне біраз уақыт болды. Жобаға сәйкес, түрмеден шыққандарға электронды білезік тағылуы тиіс. Ал шұғыл басқару орталығының мамандары олардың қай жерде жүргенін бақылап отырады деген жоспар болған.

«Дегенмен, білезік жасауға көп ақша кетеді. Сондықтан бүгінде қаржы тапшылығына байланысты ішкі істер министрлігінің ондай өнімді сатып алуға мүмкіндігі жоқ. Ол – бір. Екіншіден, Қазақстанда электронды білезік жасайтын өндірістік база болмай отыр», – деді Тұрғымбаев онлайн брифингте.

Ол қазіргі кезде ақпараттық технологиялар дамып кеткенін, түрмеден шыққандарға электронды білезік тағудың қажеті жоқ екенін атап өтті.

«Бүгінде электронды білезіктің қажеті де жоқ сияқты. Себебі әрбір адамда смартфон бар. Біз ол смартфонды ішкі істер органдарында тіркеп қойсақ, есепте тұрған кез келген адамның қайда жүргенін бақылай аламыз. Мысалы, FaceTime арқылы оның нақты қайда жүргенін көруге болады», – деп атап көрсетті Тұрғымбаев.