Тәртіп сақшыларының өзін тәртіпке шақыру керек
2020 ж. 05 маусым
2127
0
ШЕКТЕН ШЫҚҚАН ШЕНДІЛЕРГЕ ҚАШАН ТЫЙЫМ БОЛАДЫ
Бұрындар да халық арасында беделі бір сүйем көтеріле алмай қойған ішкі істер саласы қызметкерлерінің азғана абыройы тағы да айрандай төгілді. Ішімдік ішіп алған Азат Азаматов деген шенді күні-түні Алматы шетінде карантин бекетінде күзетте тұрып, жұртты жұқпалы аурудан сақтандырған екі бірдей полицейді қағып, әріптестерінің өмірін үзді. Тағы бір сақшы жансақтау бөлімінде ауыр жағдайда жатыр. Бұл оқиға қоғамда үлкен наразылық тудырып, одан бері он шақты күн өтсе де у-шу басылар емес. Өйткені ай-күннің аманында отбасының тірегі болған екі бірдей атпалдай азаматтың туған-туысқандары зар жылап, жұбайлары жесір, балалары жетім қалды... Жақында ғана мамыр айының жиырма бесінде Алматы қаласының кіре берісіне орналасқан карантинге байланысты қойылған бекетте әдеттегідей кезекшілігін атқарып жүрген тепсе темір үзетіндей жап-жас жігіттер өздерінің дәп осы күні қыршын кетерін қайдан білсін. Ішімдік ішіп алып шетелдік «BMW» көлігін шектен тыс жылдамдықпен айдаған шенді бетон бөгетті бұзып өтіп, полиция машинасында отырған әріптестері Жарас Жанғазиев пен Дастан Әбдіқановты мыжып барып тоқтаған. Жарас Жанғазиев сұрапыл соққыдан бірден жан тапсырып, Дастан Әбдіқанов екі сағаттан соң ауруханада бақилық болды. Ал сыртта көліктерге бақылау жасап тұрған Еркебұлан Сейдазым жарақат алып, осы күнге дейін ауруханада емделіп жатыр. Жағдайы ауыр. «Біздің елімізде күніне жүздеген жол апаты болып тұрады. Бұны сонша шулатып не керегі бар?» - дейтін болар біреулер. Тас түскен жеріне ауыр, екі бірдей отбасының ойраны шығып, жетім бала-шаға, жесір аналалар мен туған-туысқандарының аңырап қалуы оңай емес. Екіншіден, мәселе басқа емес, бәрімізді тәртіпке шақырып, заң шеңберінің сызығын байқамай басып алсаңыз екі аяғыңызды бір етікке тығатын құқық қорғау саласының нақ өзінде орын алып отырғанында. Бұл істе жауапқа қарағанда сұрақ әлдеқайда көп көрінеді саралап қараған адамға. Әлеуметтік желіні жарып жібере жаздаған шулы оқиғаны құқық қорғау органдары тағы да әдеттегідей құпиялап, өздеріне шаң жуытпай, тонын теріс айналдырып көрсетуге тырысқаны байқалады. Алдымен Алматы қаласының Ішкі істер департаменті сұрау салған БАҚ өкілдеріне қылмыскердің құқық қорғау саласына үш қайнаса сорпасы қосылмайтынын айтып азар да безер болған. Керек болса формалық киімді кез келген адам дүкеннен сатып алып кие беретінін айтып алдауратқан. Әлеуметтік желіде қылмыскердің полиция киіміндегі суреті жарияланып, қоғам тарапынан қысым күшейе түскен соң «Ол қызметтен кеткен бұрынғы қызметкер» дегенге көшіп көлгірсіді. Ақыры амалы таусылған шенділер қылмыс жасаған жүргізушіні бұрындар бірнеше рет тәртіп бұзған өздерінің қызметкері екенін де жайып салды. «Азаматов алты жыл полицияда істеп қызметін дұрыс атқармағаны үшін төрт рет сөгіс алған, сол үшін қызметтен кетуге мәжбүр болды» - деп мәлімдеді Алматы қаласы Ішкі істер департаментінің ресми өкілдері. Бірақ оның қашан қызметтен қуылғаны әлі де белгісіз. Бұл салада қылмыс жасаған адмдарын өткен уақытпен «жұмыстан шығара салатын» тәжірибе бұрыннан бар екенін білеміз. Тіпті Азаттың әкесі, бұрынғы полиция қызметкері Талғат Мұқашевтың өзі басында баласы әлі де ішкі істер бөлімінде жұмыс істейді деген-ді. «Менің балам жаман адам емес, демалыссыз жұмыс істеді. Шаршаған соң қызметтен кеткен болуы керек. Оның ішкі істер органынан отставкаға кеткенін енді білдім» - деді одан кейін бірнеше күн өткен соң. Ақиқат ерте ме кеш пе, бәрібір ашылады. Азат Азаматовтың әлі де полицияда қызмет ететінін Дастан Әбдіқановтың әйелі де растаған болатын. «Ол менің жолдасыммен түнгі кезекшілікке бірге шығып жүрді, оларға тамақ дайындап бергенмін. Мен күйеуімнің әріптестерін жақсы танимын. Балалардың әкесін өлтірген қылмыскерді қорғамай шындықты айтуды өтінемін. Бақилық болған азаматтардың аруағын қорламаңдар!» -деді Дастанның жұбайы Динара әлеуметтік желіде. Оған қоса Азаматовтың көршісі Нартай Маханов та оның күні кешеге дейін форма киіп, полиция көлігімен жүргенін жеткізді. Кейбір басылымдардың жазуынша Азат Азаматовтың 2017 жылы да осыған ұқсас жол ережесін өрескел бұзып апат жасағаны белгілі болып отыр. Онда да кездейсоқ тап болған жол бойындағы жазықсыз жүргізуші аман қалғанмен көлігіне айтарлықтай зиян келтірген. Іс сотта да қаралыпты. Бір ғажабы, Азаматов істі қараған сот процесіне баруды өзіне міндет деп санамапты да. «Сотқа қатыспай кінәлі адам қалай ғана ақталып шығып жүр? Біздің әкімшілік соттың сырттай қалай шешім шығарғанын түсіну қиын» -дейді бұл туралы адвокат Джохар Өтебеков телеарналарда білдірген пікірінде. Бұл жолы Азат Азаматов ақталып шыға алмасы белгілі. «Кісі өліміне себеп болған жол ережесін бұзу» бабын қазір «апат арқылы кісі өлтіруге» байланыстыра ауыстырып қылмыстық іс қозғалған көрінеді. Ол үшін 15 жылдан өмірінің соңына дейін түрмеге қамалуы мүмкін. Қылмыскер тергеу жүргізілуіне байланысты екі айға қамауға алынды. Одан әрі іс сотта қаралады. Бұл сұмдық оқиғаны барынша құпиялап, жауырды жаба тоқуға тырысқан Алматы қаласы Ішкі істер департаменті басшылары да жазасыз қалмады. «Шенділер жылы кабинетте отырып, жеке құрамды жөнге сала алмаған» - деп қаһарланған ҚР Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев осыдан бір айдай бұрын ғана генерал шенін алған Алматы қаласы Ішкі істер департамент басшысы Қанат Таймерденовке қатаң сөгіс жариялады. Қатаң ескерту оның бірінші орынбасары Нұрлан Алмасбеков пен жалған ақпарат таратқан ресми өкіл Салтанат Әзірбекке де берілді. Сақшыларының тәртібіне кадр бөлімінен бастап, патрульдік полиция полкінің басшылары салғырт қараған. Кадр бөлімінің басшысы, жеке құрам инспекторы мен патрульдік полиция полкі бастығының орынбасары басқалар сияқты жеңіл құтыла алмады, үшеуі де қызметтен қуылды. Жергілікті полиция қызметі, Өзіндік қауіпсіздік қызметінің бастығы мен генерал Таймерденовтың тағы бір орынбасары өз қызметіне сай емес деп танылды. Бұл оқиға мемлекет басшысына дейін жетті. Президент жарлығымен қызмет бабында қайтыс болған Жарас Жанғазиев пен Дастан Әбдіқановқа орден тағайындалды. Алматы қалалық әкімдігі қайғылы жағдайға душар болған отбасыларына жан-жақты көмек көрсетіп, баспанамен қамтамасыз етуге уәде берген көрінеді. Әрине, асыраушысын жоғалтқан отбасыларына көмек беріп, қолдау көрсеткендері өте дұрыс. Екі адамның өліміне себеп болған бұл оқиғаға нүкте қоюға болатындай көрінгенмен, оған әлі ертерек. Осы орайда алдымен ішкі істер саласында шенділер тарапынан тәртіп бұзушылық неге көбейіп кетті деген сұраққа нақты жауап алатын уақыт жеткен сияқты. Өйткені пагондылар арасында тәртіп бұзушылық тым жиілеп кетті. Дабылды қосып қойып көшеде олай да былай да ойқастап, өздері жол ержесін өрескел бұзатын патруль көліктерін күнделікті көріп жүрміз. Анау бір жылдары осындай патруль жүргізушісі елордада екі бірдей баланы қағып кетіп қала тұрғындарының ашу-ызасын туғызғаны әлі де ұмытыла қойған жоқ. Ал, еліміздегі жемқорлыққа қарсы күрес орындары ұстаған пагонды парақорлар туралы таусылмайтын жыр-дастан жазуға болады. Тәртіп сақшыларының тәртіпсіздігін тізе берсек жалғасып кете береді. Оның бәрін тізбелемей-ақ Алматыдағы оқиғадан соң араға апта салмай жатып Ақмола облысында осыған ұқсас оқиға орын алғаны белгілі. Бұл жерде де куәгерлердің айтуы бойынша ішімдік ішіп алған, шектен шыққан шенді бір адамның өмірін өшірді. Бурабайға жақын жерде ақылы терминалда кезекте тұрған 53 жастағы жүргізуші Нұрлан Жүнісовты күтпеген жерден жүйіткіп келген «Mercedes» көлігі қағып өтіп, 40-45 метрге ұшырып жіберген. Оны көргендердің айтуынша марқұмның денесінің тамтығы қалмай, миы да шашылып кеткен. Соған қарамастан қылмыскер оқиға орнынан ізін суытқан. ҚР Ішкі істер министрлігіне қарасты Көлік полициясы департаменті бұл оқиғаға байланысты айыпты Макинка стансасы полиция бөлімінің басшысы майор Ролан Қанғожиннің 27 мамырда қызметтен қуылғанын хабарлады. Жол ережесін өрескел бұзу арқылы адам өлтірді деген бап бойынша тергеу басталып, офицер қамауға алынды. Қалпақ кигендердің намысы бір десек те, пагон таққандардың халықтан құпия қылықтары көбейіп бара жатыр. Жоғарғы жақтағы басшылар білмесін деп жергілікті полиция басшылары қарамағындағы қылмыс жасаған қызметкерін қорғаштап, болған істі бүркемелеп жасыру әдетке айналды. Ондағы мақсаты өзі бағынышты жоғарыдағы басшылардың қаһарына ілікпеу. Құпияны көбейтетіндер кімдер? Әрине, қатардағы қайдағы бір сержант емес, жоғары лауазымды полковниктер мен генералдар. Оның себебі қоластындағы қызметкерге шынайы жанашу емес, өзінің қызметі мен шенінен айырылып қалмаудың қамы екені белгілі. Егер осы аталған оқиғалар қоғамда ғаламтор арқылы қызу талқыланбағанда, телеарналарда көрсетіліп, мерзімді басылымдарда жазылмағанда тағы да жабулы қазан жабулы күйінде қалуы әбден мүмкін еді. Өйткені оларға мекеменің көрсеткішін төмен түсірмеу керек, аттарына шаң жуытпау қажет. Былайша айтқанда жалған ар-намыстары үшін шындықты жасыруға барады. Сонда олардың қызметтері барынша ашық болу үшін шенділердің соңдарынан БАҚ өкілдері мен блогерлер үнемі бақылап жүру керек пе? Дамыған елдерде мұндай оқиғаға жол берген басшылар бірден өз еркімен отстакаға кетіп жатқанын білеміз. Біздегі лауазымдылар орнынан қуып шыққанша былқ етпей отыра береді. БАҚ өкілдеріне пысқырып та қарамайтын құқық қорғау органдары қоғам тарапынан талап күшейсе де осы күнге дейін өз білгендерін істеп келеді. БАҚ халықтың пікірін білдіріп жатыр екен деп ойланғандарын, жіберген кемшіліктерін атаған сыннан қорытынды шығарып жатқанын көрмедік. Көптеген телеарналар мен басылымдар осы сала жұмысын сынға алып жазып-ақ келеді. Соның ішінде біздің «Қазақ үні» газеті де бұл тақырыпты назардан тыс қалдырған емес. Былтыр сала жұмысын сынға алып белгілі ақын, Ұлттық кеңес мүшесі Қазыбек Иса «Біздің полицияның деңгейі қандай, министр мырза?» деп арнайы мақала жазған болатын. Содан бері бір жыл өтсе де ішкі істер саласы қызметкерлерінің біліктік деңгейі көтеріліп, қызмет сапасының артқаны байқалмайды. Әлде біздің шенділер мен лауазымдылар БАҚ көрсеткен халық талабына мүлдем назар аудармайтын болған ба? Олай болса олар кімге қызмет етіп жатыр? Заң бойынша мемлекет басшысынан бастап, министрлер мен әкімдер де халыққа қызмет етуге міндетті емес пе? Ал, елдегі тәртіп пен тұрақтылықты қамтамасыз етуге тиісті пагондылар арасында түрлі қылмыстардың орын алуы қоғамға қауіп-қатер төндіретіні белгілі. Заңды қорғап, қоғамдық тәртіпті сақтап өзгелерге өнеге-үлгі көрсететін шенділердің өздері қылмыс жасап жатса өзге қатардағы қарапайым адамдардан не күтуге болады? Халық отставкаға кетуін талап етсе де жылдар бойы лауазымынан айырылғысы келмеген бұрынғы министр Қ. Қасымовтың орнына Ерлан Тұрғымбаев келгенде көпшіліктің көкейінде «Енді ішкі істер саласында бір оң өзгеріс орнайтын болар!» - деген үміт оты пайда болғаны жасырын емес. Жұрт жаңа министр сала жұмысын ашық етіп, заң және әділдік үстемдігін орнатады деп үміттенді. Өкінішке орай, одан бері бір жарым жылдай уақыт өтсе де айтарлықтай оң өзгерістер байқалмайды. Сол бәз-баяғыша, соқыр ұстағанынан айырылмайдының кері. Әлде министрге оң өзгерістер енгізуге, саладағы жұмыстарды заманауи деңгейде ұйымдастыруға біреулер бөгет болып отыр ма? Олай болса халық алдына шығып айтсын, қоғам пікірін тыңдасын. Сонда халықтың тәртіп сақшыларына беретін шынайы бағасын естіп білетін болады. «Келісіп пішкен тон келте болмас» - деп ата-бабаларымыз босқа айтпаған, халық пікірімен санасқаннан ешкім қор болмайды. Оның үстіне қазір президентіміздің өзі халыққа құлақ асатын үкімет құру керектігін талап етіп отырғанда оның ешқандай артықшылығы жоқ. Халықты қылмыскерлерден қорғап, еліне адал қызмет етіп, бұқарамен бірге болғанда ғана тәртіп сақшыларының жұрт алдындағы беделі көтерілетін болады. Зейнолла АБАЖАН qazaquni.kz