Қазақ халқы айдаудан келген жұртқа төрін берді - Мухаббат Турдыева
2020 ж. 04 маусым
3740
0
Ассамблея өкілдері Тоқаевтың сұхбатына қатысты пікір білдірді
[caption id="attachment_147467" align="aligncenter" width="615"] ????????????????????????????????????[/caption]Қазақстан халқы Ассамблеясының өкілдері Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың "Комсомольская правда" басылымына берген сұхбатына қатысты өз ойларын білдірді.
Бұл туралы "Қазақ үні" ақпарат агенттігі хабарлайды.
Редакция атынан Президенттің өткір ойлары айтылған келелі сұхбат туралы ең өзекті пікірлерді ортаға салуды жөн көрдік.
Елдің бірлігі мемлекетшіл жастардың қолында
Қазақстан Республикасы мемлекет ретінде зайырлы һәм демократиялық ел ретінде өзін таныта білді. Ұлттар мен ұлыстардың тату-тәтті бір шаңырақ астында өмір сүруі, конфессияаралық келісім мен түсіністік моделі әлемге үлгі болды.
30-дан астам жыл мемлекетіміздің бейбітшілік символына айналуы Елбасымыздың және ел ағаларының қажырлы еңбегі мен халқымыздың төзімділігі мен еңбекқорлығы.
Заманның түлкі болса, тазы болып шал демекші, еліміздің жаңа буыны дүниеге келді. Бізден де озық әрі білімді. Қазіргі жастарда ұлт түсінігінің орнына Қазақстандық түсінігі басым.
Бір ел, бір мақсат, бір мүддеге жұмылған ел жастары жүрегінде тарихты, көзінде үмітті, тілінде елдікті және қолында еңбекті мықты сақтаған. Елдің бірлігі мен болашағы ұлты бөлек болса да, жүрегі Қазақстан деп соғатын мемлекетшіл жастардың қолында.
Ермек қажы Мұқатай, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Өскемен қаласындағы бас имамы, ШҚО «Халифа Алтай» мешітінің бас имамы, Қазақстан халқы Ассамблеясының өкіліҚазақ халқы айдаудан келген жұртқа төрін берді
Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Ресейлік «Комсомольская правда» газетіне берген сұхбатында «Этносаралық келісім – ішкі саяси тұрақтылықтың маңызды факторы. Онсыз елдің орнықты дамуы мүмкін емес», - деп басып айтты.
Анығын айтқанда, Қазақстан – көп ұлтты көкірегіне сыйдырған байтақ жер. Ал қазақ халқы – қиын заманда этностарға бір нанын бөліп берген қонақжай халық. Қилы кезеңдерді бірге көріп, табан тіресе төтеп берген қазақстандықтар қазіргі таңда бейбіт күн кешіп келеді.
Шынын айту керек, дәстүр мен ғұрыпты қатар алған қазақ халқы айдаудан келген жұртты теппеді, төрін берді, нанын берді. Жақсылыққа жақсылықпен жауап берген ұлт өкілдері дархан даланың төсіндей жүрегі кең елді ағасындай көрді, жатырқамады.
Міне, бейбіт заманда – 130-дан астам ұлт бір шаңырақ астында татулықта күн кешуде. Бұл «болашақ ағашының» жемісі, келер ұрпаққа аманат болып қала бермек. Бірлігіміз жасасын! Қазақстанның қыраны биікте самғасын!
Турдыева Мухабат Абдрахманқызы, Қазақстан халқы Ассамблеясы, «Жамбыл облыстық Махмұт Қашқари атындағы ұйғыр этномәдени бірлестігінің» төрайымыҚазақ бауырларымның шексіз құрметіне алғысымды білдіремін
Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың «Комсомольская правда» газетіне берген сұқбатымен толық танысып шықтым. Ұлтым – орыс болғанымен, қазақ елінде туып, осы жерде білім алдым. Қазіргі таңда студентпін. Қазақ халқын өзімнің біртуғанымдай көріп, бірге тату-тәтті өмір сүріп келе жатырмыз. Тіпті дос боп араласып, қазіргі таңда бауырымдай болып кеткен достарым да көп. Түрлі қазақ тілінде өткізілетін жарыстарға қатысып, жүлделі орындарды иелендім.
Ата-анам қазақ халқының қиын кезде әрдайым қолдау көрсетіп, қуанышымызды бірге бөлісіп келетінінін әрдайым айтып отырады.
Мемлекет басшысы сұқбатында «Орыстар – халқымыздың бір бөлігі. Олар Қазақстанның қалыптасуына, дамуына зор үлес қосты. Оны ұмытуға болмайды. Көптеген орыс есімдері біздің тарихымызда алтын әріппен жазылған» - дей келе Қазақстанның қалыптасуына, дамуына зор үлес қосқан бірқатар азаматтарды, Қазақстанның мақтанышына айналған атақты спортшыларды атап өтті. Бұл да болса қазақ халқының орыс ұлтына деген құрметінің бір үлгісі деп білемін.
Мен де келешекте қазақ халқының атын бүкіл әлемге танытып, елімнің мақтанышына айналғым келеді. Қазақ елінде туғаныма, осы жерде өсіп-өнгеніме, қазақ бауырларымның шексіз құрметіне алғысымды білдіремін.
Братислав Сетраков, Қазақстан халқы Ассамблеясының өкілі, Жалағаш ауданының тұрғыны, студент