Қазыбек Иса. ЗҰЛМАТ. 4 миллион қазақтың азасы
2020 ж. 31 мамыр
3215
0
Бізге тастап кеткен зары зіл батпан,
Төрт миллион ҚАЗАҚ ҚАЙДА КЕШЕГІ?
Тоқсан жылдай бұрын өткен зұлматтан,
Әлі күнге суық ызғар еседі!..
Өлі риза болмай қалай жариды ел,
Көз алдымнан кетпей мәңгі тұрады-
4 миллион!-
Қолын жайып нан сұраған сәбилер,
О дүниеде дұға сұрап жүр әлі...
Ойнамаңдар әруақтардың жанымен,
4 миллионды жоқтай алмау - есірлік!
Қызыл туын жуған Қазақ қанымен,
Қызыл Одақ құрыса да, соттай алмау - не сұмдық?!.
4 миллион - бір мемлекет!
Көтеретін қай ұлтты да белеске,
Өмір бойы қалай алмас ел еске?!.
Пірі сынды тіл тигізбеу Кеңеске,-
Тірі сынды 4 миллионды қайта өлтіру емес пе?!.
Қырылған ел аштықпенен тұсалып,
Ақсүйекке айналды ғой зор далам!..
Қалың мәйіт иісінен күш алып,
Құзғын билік "Қазақстан -бақытты ел!" деп қорлаған...
Өлген кезде 4 миллион жан аштан,
Соларменен кетті ме әлде Тілің де?!.
Майлы, харам ас жеу үшін таласқан,
Сатқындар көп, жат тілінде сөйлейді әлі бүгін де...
Ата-бабам аз көрмеді азапты,
Жауламасын деп шайқасты жат үні...
Алқакөлден аман өткен қазақты,
Апатқа аштық ұшыратты ақыры...
Көрге кірмей көрді азаптың қандайын,-
Тар заманда тауқымет пен талас мың!
Тас түрмеде тасқа соғып маңдайын,
Құрбан болды Қазақ үшін арыстары Алаштың!
Жалғызына жар бола алмай жан ана,
Есі ауысты-
Елге төнген сорды ұққан...
Аштан өліп бара жатқан балаға,
Қаншама әке нан бере алмай жанын берді қорлықтан...
Әр ауылда тірі жан жоқ ,
Бәрін аштық жойғандай,
Ойран болған отбасыға әрбір үйің - әр қабір...
Қу сүйекке басты шаншып қойғандай,
Көз алдыңда - көзі ғана қалған ұл!..
Басшылары ұлықтарға бас ұрып,
Ел қырудан есеп алды астана.
Сүйектері қалған елдің шашылып,
Сүйенері болмау деген - Масқара!
Аштықпенен ала алмаған Алаштың,
Қастықпенен құртты қалың қаймағын.
Ат үстінде асулардан сан астың,-
Қайда бүгін кешегі зор айбарың?!.
Қарусыз-ақ қан қасапқа ең шебер,
ГЕНОЦИД бұл!-
Ұлтты қырған майдан дер!..
4 миллионннан 40 миллион өрсе егер,-
60 миллион - атанар ек айбарлы ел!
Қадірлі боп қолбасшы емес, қойшылық,-
Ұлт тамырын үзсе нені ұға алдық?!.
Жаттың таңған тарихына бойсұнып,
Алтын Орда атын естен шығардық!
Енді бүгін Ер болатын келді шақ,
Есеңді өзге түгендемес, еш ғалам.
Азаттықты алған соң да ел құсап,
Аза тұта алмадық-ау, кеш, бабам!
Әлі талай сынақтар бар алда сан,
Әр ісіңмен айқындалар бағаң да...
Атаңды атқан жауды айыптай алмасаң,
Келер ұрпақ тас атады саған да!..
4 миллионнның тыншымаса әруағы,
Ісің қалай оңалады алдағы?!.
Тәуелсіздік!-
Қасиетті осы сөздің бар мәні -
Құрбан болған арыстардың арманы!
Күн туса да, күндер босқа өтумен,
Ауыр әлі Азаттықтың жолдары!
Есіктегі құлды азат етуден,
Ең қиыны - биліктегі рухани құлдар азат болғаны!..
Еске түсір, батыр бабаң аттарын,
Солар қорғап, қалды бізге жер ғажап!
Көк Ту көкке көтерілді - Атқа мін,
Көк түріктен көкте бүгін Ер Қазақ!
Қазыбек ИСА
31 мамыр 2020 жыл